«Астана Опера» әртістерінің Қытайдағы жеңісі

«Астана Опера» әртістерінің Қытайдағы жеңісі

«Астана Опера» әртістері Қытайдан жеңіспен оралды: жетекші солист Диас Құрманғазы және солист, жас хореограф Сұлтанбек Ғұмар Ляониндегі (Шэньян) балет әртістерінің бірінші халықаралық байқауында марапаттарға ие болды. Диас Құрманғазы үздік орындау үшін, ал Сұлтанбек Ғұмар үздік хореография үшін жүлдегер атанды.

Байқау 10 елден барған 400-ден астам қатысушыны біріктірді, ал қазылар алқасының құрамында әлемдік сахнада танылған 20 шебер жұмыс істеді. Төрағасы Сяо Сухуа (Қытай) болды, онымен бірге өнер көрсетулерді Вивиана Дуранте (Италия), Мануэль Легри (Франция), Патрик де Бана (Германия), Владимир Малахов (Ресей), Эльдар Алиев (Әзербайжан) және балет өнерінің басқа да белгілі қайраткерлері бағалады.

Шэньян сахнасында Диас Құрманғазы өзінің серіктесі Камила Шахмановамен бірге П.Чайковскийдің «Щелкунчик», Р.Дригоның «Талисман» балеттерінен үзінділерді және Сұлтанбек Ғұмардың қойылымындағы «Аңсау» нөмірін орындады. Соңғысы бағдарламаның нағыз көркіне айналды, себебі қазылар алқасының мүшелері пластикалық шешімдердің бірегейлігін, нөмірдің музыкалылығын және оның басқа қатысушылардың бірсарынды билеріне ұқсамайтынын атап өтті. Классикалық нөмірлер бойынша әртістермен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков жұмыс істеді.

Жас хореограф Сұлтанбек Ғұмар мұндай нөмір қою туралы ұсыныс оның әріптестері – балет әртістері Диас Құрманғазы мен Камила Шахмановадан түскенін айтты.

– Олар маған заманауи би қойып беру туралы өтініштерін айтқанда қуана келістім, – деп әңгімеледі ол. – Театр маусымы аяқталып, демалысқа шығатын уақытымыз келгеніне  қарамастан үшеуіміз қайтадан қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Бес күннің ішінде «Аңсау» деп аталатын жаңа нөмірді жасап шықтық.

Оның музыкалық негізі «ХасСақ» этно-фольклорлық тобының аттас композициясы болды. Хореографтың айтуынша, қойылымның аз уақыт ішінде пайда болуына осы музыка зор серпін берген. – Бұл музыканы алғаш естіген кезде оның әрбір нотасына ғашық болып, оған міндетті түрде би қоюым керек деген ой көкейімде жүретін. Тыңдаған сайын ойыма картиналар келетін, енді міне біз оларды сахнада жүзеге асырдық, – дейді ол.

Байқауда қазылар алқасының мүшелері хореографияның ұлттық бояуымен қатар, «ХасСақ» музыкасының мәнерлілігін атап өткен. – Әлем мойындаған балет жұлдыздарының еңбегімді жоғары бағалағаны мен үшін өте үлкен мәртебе. Бұл жетістік маған әрі қарай еңбектенуге шабыт береді. Диас пен Камиланың нөмірді жоғары деңгейде орындап, еліміздің балет өнерін халықаралық аренада лайықты таныстырғандарына өте қуаныштымын, – деп атап өтті С.Ғұмар.

Сондай-ақ ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, «Астана Опера» дирекциясына және балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға үздіксіз қолдау көрсетіп, жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп жатқаны үшін алғысын білдірді. Әртістерге арнайы костюм дайындаған тігін цехының қызметкерлеріне және костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықоваға хореограф жеке рақметін айтты.

– Бұл жерде біз үшін ең маңыздысы – қандай да бір марапатқа ие болу емес, Қазақстанның мәдениеті мен өнерін шетелдік көрермендерге жоғары деңгейде таныстыру болды, сол үшін барлық ұжыммен көп еңбектендік, – деп қорытындылады Сұлтанбек Ғұмар.

Балет труппасының жетекші солисі Диас Құрманғазы байқаудың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және одан мол тәжірибе жинақтағанын атап өтті.

– Қарсыластарымыз керемет өнер көрсетті, дегенмен біз де олардан қалыспадық, елімізді және театрымызды абыроймен таныстыру үшін бар күшімізді, шеберлігімізді салдық. Осындай байқаулар маған әрдайым зор эмоция сыйлайды. Әрбір тур аяқталған кезде пайда болатын «өттім бе екен» деген уайымдар мен өткеннен кейінгі қуаныштардан ұмытылмас әсер аламын, – деп пікірімен бөлісті Диас Құрманғазы.

Бұл марапаттар қазақстандық балет мектебінің халықаралық беделіне қосылған елеулі үлес болды. «Астана Опера» үшін мұндай байқауларға қатысу – жоғары дайындық деңгейін көрсетуге, әлемдік балеттің жетекші өкілдерімен шығармашылық байланыстырды жақсартуға және Қазақстандағы бишілердің жаңа буынын шабыттандыруға мүмкіндік.

Telegram-канал: «Астана Опера» әртістерінің Қытайдағы жеңісі