«Астана Опера» гастрольмен келетін Өзбекстан Ұлттық балетін күтеді

27 наурызда «Астана Опера» гастрольмен келетін Өзбекстан Ұлттық балетін қарсы алады. Өзбекстан мәдениеті мен өнерін дамыту қорының қолдауымен шығармашылық ұжым елордалық көрермендерге «Лазги. Жан мен махаббат биі» жарқын спектаклін ұсынады.

— Өзбекстан Ұлттық балетінің «Астана Операдағы» гастролі – екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық аясындағы маңызды оқиға. Осынау тамаша шығармашылық ұжымды сахнамызда қарсы алатынымызға қуаныштымыз. «Лазги. Жан мен махаббат биі» қойылымы дүние жүзі бойынша көрермендердің сүйіспеншілігін жаулап үлгерді, осы ретте біздің көрермендеріміз үшін де бұл спектакльді тамашалау үлкен қуаныш. Мәдени ынтымақтастығымыз келешекте де жалғасын тауып, Қазақстан мен Өзбекстанның айтулы  театрлық жобаларымен қуантады деген үміттемін, — деп атап өтті «Астана Опера» дирекциясы.

«Лазги. Жан мен махаббат биі» балеті би тілі арқылы өткенді, бүгінгі мен болашақты байланыстырып, көрерменді уақытқа саяхат жасауға жетелейді. Бірінші актіде іс-әрекет Жібек жолы аймағында өрбіп, мұнда жолаушылар әлсіреген әйелді кездестіреді. Жадап-жүдеген әйелге музыка жан бітіріп, оған жаңа өмір сыйлайды. Керуен басы осы әйелге ғашық болып, олардың хикаясы бақсы сақтап жүретін аңызға айналады. Екінші бөлімде оқиға қазіргі кезеңдегі музейде жалғасады, онда Махаббат есімді бойжеткен тарихи кейіпкерлердің бірінен өзін көреді. Бақсы оның өткенмен байланысын жандандырады, осылайша жәдігерлерге жан бітіп, бұл дәстүр мен бүгінгі заманның бірлігін бейнелейді. Үшінші актіде балет әлемнің қарқынды дамуы тақырыбын қозғап, өткен шақ, қазіргі кез бен болашақтың биде тоғысуы мәдени мұраны сақтау туралы ойға итермелейді. Финалда Жан мен Махаббат араға уақыт салып бірігеді, бұл рухани негіз бен махаббаттың мәңгілік байланысын білдіреді, ал бидің өзі Өзбекстанның бай мәдениетінің көрінісіне айналады.

Танымал неміс хореографы әрі балетмейстер Рауль Раймондо Ребек жасаған бұл спектакль ЮНЕСКО әлемнің материалдық емес мәдени мұрасының бөлігі ретінде таныған лазги көне халық биіне арналған.

Сондай-ақ қойылыммен әйгілі суретшілердің халықаралық тобының басқа да мүшелері жұмыс істеді. Музыкалық сүйемелдеуді композитор Дэвидсон Джаконелло жазды, ал керемет декорациялар мен жарық эффектілерін жапондық көпқырлы суретші Йоко Сеяма құрастырды. Либретто мен хореография авторы – белгілі сахна шебері, Берлин мемлекеттік операсының және Эссендегі Аалто Театрының бұрынғы солисі, Prix de Lausanne сынды көптеген халықаралық марапаттардың иегері Рауль Раймондо Ребек. Әр жылдары ол әлемдік балеттің аңызға айналған тұлғалары – Морис Бежар, Рудольф Нуреев, Уильям Форсайтпен бірлесіп жұмыс істеді.

2021 жылы Ташкенттегі премьерасынан бастап Өзбекстан Ұлттық балетінің спектаклі түрлі елдердегі көрермендердің жүрегін жаулады. Оның алғашқы халықаралық премьерасы Dubai Opera сахнасында өтті, одан кейін қойылым Түркия (Ыстамбұл, Бурса), Германия (Дортмунд), Франция (Париж) және Ресейде (Санкт-Петербор, Мәскеу) таныстырылды. 2024 жылы спектакль Бейжің, Баку және Лондонда зор жетістікпен өтті.

Telegram-канал: Өзбекстан Ұлттық балеті «Астана Опера» сахнасында