Astana Opera Халықаралық опера академиясында бірінші турға қатысуға өтінімдер қабылдау аяқталды

Astana Opera Халықаралық опера академиясында бірінші турға қатысуға өтінімдер қабылдау аяқталды. Биыл елордалық театр жанындағы оқу Қазақстан, Ұлыбритания, Румыния, Ресей, Қырғызстан, Грузия, Украина, Моңғолия мен Армениядан 69 қатысушының назарын аударды. Іріктеудің бірінші кезеңінен өткен табысты үміткерлер көп кешікпей келесі екі кезеңде академист атану құқығы үшін бақ сынасады.

 Astana Opera Халықаралық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни академия жас әртістердің кәсіби өсуі үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынатынын атап өтті.

— Біз әрбір тыңдаушы өз әлеуетін аша алатын және шеберліктің жаңа деңгейіне көтерілетін жағдай жасауға тырысамыз. Академистер үздік ұстаздардың сабақтарына қатысуға, опера өнерінің түрлі аспектілерін тереңдеп үйренуге, тілдерді меңгеруге және еліміздің жетекші театрларының бірі – «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.

Astana Opera Халықаралық опера академиясы 2021 жылы ашылғанын және содан бері ол өзін Орталық Азиядағы театр жанында вокалистердің шеберлік деңгейін арттыратын сұранысқа ие бірден-бір оқу орны ретінде көрсеткенін атап өтуіміз керек. Мұнда вокал техникасы, сахналық және актерлік шеберлік, сондай-ақ шет тілдері секілді пәндер оқытылады. Сонымен қатар оқу бағдарламасында жетекші әлемдік опера орындаушыларының, концертмейстерлер мен режиссерлердің шеберлік сағаттары қарастырылған.

Бірінші тур онлайн-іріктеу форматында өтті. Онда үміткерлер өз таңдаулары бойынша туындыны орындап, оның бейнежазбасын жіберулері тиіс болатын. Бұл кезең қабылдау комиссиясына әрбір үміткердің вокалдық, әртістік қабілетін және техникалық дағдыларын бағалауға мүмкіндік берді.

Екінші турда қатысушыларды рояльдің сүйемелдеуімен болатын өнер көрсету күтеді. Кандидаттар концертмейстердің өнер көрсетуін өз беттерінше қамтамасыз ете алатынын атап өтуіміз қажет. Екінші турға жіберілген қатысушылардың саны 40 адамнан асқан жоқ. Финалда, яғни үшінші турда болашақ академистерге оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетуге тура келеді.

Еске сала кетейік, тыңдауға қатысуға жоғары немесе орта-арнаулы музыкалық білімі бар 18 бен 35 жас аралығындағы кандидаттар шақырылды. Үміткерлердің жасы 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша есепке алынды.

Барлық турлар аяқталғаннан кейін академия 10 адамды қабылдайды, осылайша олар тыңдаушылардың үшінші қабылдауы аясында білім алады. Бұған дейін академия вокалистердің екі легін оқытып шығарған еді. Бұл түлектер 2023 және 2024 жылдары өз оқуларын ойдағыдай тамамдады. Олардың қатарында көптеген халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте лауреаттары атанған, шетелдегі беделді әлемдік сахналарда өнер көрсетуге шақырту алған Дінмұхамед Көшкінбаев, Азат Мәлік, Әлихан Зейнолла және басқа да көптеген тыңдаушылар бар. Осы ретте академия вокалистердің жаңа легі соншалықты жарқын әрі дарынды болады деген үмітте.