Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары «Махаббат сусынын» дайындап жатыр
Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары 26-27 маусымда «Астана Опера» сахнасынан ауқатты бойжеткен мен кедей, бірақ қайратты жас жігіттің махаббат хикаясын айтып береді. Дирижер тұғырында – Руслан Баймурзин, қоюшы дирижер – әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев. Қазіргі таңда академистер «Махаббат сусыны» операсына қызу дайындық жүргізіп жатыр: олар италиялық коуч-пианист, опера ұстазы әрі дирижер Алессандро Бениньидің шеберлік сабақтарына қатысуда.
Озимодағы (Италия) Лирикалық өнер академиясында 20 жылдан астам оқытушылық тәжірибесі бар маэстро қазақстандық солистермен өзінің білім қорымен бөлісуде. Ол дәулескерлікке және bel canto мәнерінің үлгісі саналатын операдағы әуендердің әдемілігіне назар аударады. Коуч композиторлық эстетиканы терең түсінікпен жеткізіп, осынау операдағы барлық жеке партиялардың тамаша шеберлігімен, жетілген әуезділігімен және күрделі пассаждардың молдығымен ерекшеленетінін атап өтеді.
Адинаның партиясында Лейла Аламанова, Фируза Рахметова өз күштерін байқап көреді. Олар білімді, көп оқыған әрі романтикалық бойжеткеннің бейнесін сомдайтын болады. Арно Бернардың (Франция) режиссерлік шешіміне сәйкес, әншілер вокалдық дарындарын паш етіп қана қоймайды, сонымен бірге оларға жүгіруге, тіпті велосипедпен жүруге тура келеді.
Махаббат үшін ессіз қылықтарға бара алатын ауыл жігіті Немориноның бейнесін Нұрсұлтан Әнуарбек, Шохрух Юнусов (Тәжікстан) жасайды. Сержант Белькорені Нематилло Зкруллаев пен Юрица Юрасич Капун (Хорватия) таныстырады. Алаяқ емші-сымақ Дулькамараны Валерий Селиванов пен Шыңғыс Расылхан дайындауда. Шынайы махаббатты аңсаған шаруа қызы Джаннеттаның рөлінде Анастасия Ремескова мен Назым Сағынтай шығады.
Операдағы хордың маңыздылығында сөз жоқ, ол «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен тағы бір қатысушы тарап – халық ретінде өнер көрсетеді.
— Академия тыңдаушылары үшін қойылымға қатысу өзіндік бір бітіру емтиханы тәрізді болмақ. Олар операға дайындықтың алғашқы кезеңін еңсерді: тәлімгер ұстаздардың жетекшілігімен дирижермен және концертмейстермен бірге партияның тыңдалымы өтті. Алайда бұл жолдың басы ғана, қазіргі таңда академистер италиялық коучпен бірге «әдемі ән айту» техникасын ұштап жатыр. «Астана Опера» театры режиссерінің ассистенті Николай Куликовпен бірге актерлік шеберлікпен жұмыс істесе, ал вокал бойынша Италияның Озимо қаласындағы Вокал академиясының профессоры, магистрі Алла Симонишвилимен дайындалуда.
Әрі қарай оларды мизансценалық дайындықтар күтуде, ол жерде француздық режиссер Арно Бернар көптеген тосынсыйлар әзірледі. Спектакль өте қарқынды, әртістерге сахна кеңістігін Бернар жасағандай етіп меңгеруге тура келеді. Дулькамараның аудиторияның тынысын өзімен бірге әкетіп және соңында асқақ өнердің көлеңкесін ғана қалдыра отырып, әуе шарында аспанға самғайтын тұсы – ең есте қалатын сәттердің бірі шығар, бәлкім, — деп пікірімен бөлісті Astana Opera Халықаралық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни.
Заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның шығармашылық еңбегінің нәтижесінде «Махаббат сусыны» операсы музыкалық қана емес, сондай-ақ визуалдық жауһарға айналады деген үміт бар. Олардың классикалық стильді заманауи трендтермен үйлестіре білуі спектакльге айрықша тартымдылық пен өзектілік үстейді.
Спектакльдердің басталуы 19:00-де.