Astana Opera халықаралық опера академиясының үшінші оқу маусымының түлектеріне сертификаттар табысталады

Astana Opera халықаралық опера академиясының жас вокалистері үшін оқу жылы аяқталуға жақын. Алдыңғы екі шығарылым секілді, үшінші оқу маусымындағы тыңдаушылар да кәсіби ұстаздардың сабақтарының, спектакльдерге қатысудың және шетелдік коучтермен жұмыс істеудің арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. 28 маусымда «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында өтетін «Туған тілде» концерті академиядағы оқу бағдарламасының шешуші түйіні болмақ.

Жас вокалистер үшін академиядағы оқу Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Азамат Жылтыркөзовтың қызықты сабақтарымен қатар, елордалық театр сахнасындағы мазмұнды концерттермен және жарқын премьералармен есте қалды. Бұл олардың өміріндегі маңызды әрі ұмытылмас кезеңдердің бірі болды. Моңғолиялық баритон Мунхтувшин Хоролгаравтың пікірінше, «Astana Opera – елордалық театр сахнасындағы концерттер мен спектакльдерге қатысуға мүмкіндік беретін және солистердің біліктілігін арттыратын тамаша ұстахана».

– Академияны тамамдаған басқа да жас әртістер секілді, мен үшін де опера өнерінің кәсіби мамандарынан сабақ алу, біліктілігімді арттыру өмірімдегі аса құнды тәжірибе болды. Біз спектакльдерге дайындық кезінде әйгілі дирижерлермен, вокал ұстаздарымен және концертмейстерлермен жұмыс істедік. Өз басым, Қазақстанның мәдениетімен танысуға және Астанадай керемет қалада тұруға мүмкіндік алғаныма, мұнда жаңа достар тапқаныма өте қуаныштымын. Академияның әкімшілігіне, білім берген және қолдау көрсеткен барлық тәлімгерлеріме алғысымды айтамын. Қазіргі таңда мен осы күзде моңғолиялық театрда ұсынылатын опералық қойылымдар бойынша жұмыс істеудемін. Бұдан бөлек, мені алда байқаулар мен маңызды өнер көрсетулер күтіп тұр. Қазақстандық әріптестеріммен қызықты жобаларда кездесетін сәтті асыға күтетін боламын, – деп атап өтті Мунхтувшин Хоролгарав.

Академияның арқасында жас солистер Дмитрий Вдовин, Доната Д’Аннунцио Ломбарди, Федерико Лонги, Алессандро Бениньи, Джузеппе Акуавива сынды шетелдік коучтердің шеберлік сабақтарына да қатысу мүмкіндігіне ие болды. Тыңдаушылар белгілі шеберлерден алған білімдерін сахнада жүзеге асырып, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді. «Астана Опера» сахнасында академия солистерінің қатысуымен өткен «Вокалдық музыка жауһарлары», Vivat Academia!, «Жаңа жылдық экспромт», «Наурыз-думан» сынды концерттер жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Бұдан бөлек, олар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткен «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концертінде және басқа да музыкалық кештерде өз өнерлерін паш етті.

Үшінші оқу жылы түлектерінің есімдері биыл театрдың бірқатар опералық спектакльдерінің афишаларында да жарқырады. Ақпан айында академистер италиялық композитор Гаэтано Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» комедиялық қойылымын ұсынса, сәуірде Вольфганг Амадей Моцарттың «Дон Жуан» операсын таныстырды. Ал жақында Винченцо Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасын өткізеді. Премьераға дайындық барысында солистер қойылымдық топ мүшелері – дирижер «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзинмен, режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайниковпен және тағы басқа кәсіпқойлармен жұмыс істегенін ерекше атап өтуіміз керек.

Сондай-ақ академиядағы оқулары кезінде жас әншілер бірқатар халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Мәселен, Мунхтувшин Хоролгарав Моңғолияның астанасы Ұлан-Батырда өткен Цевег Пурэвдорж атындағы VI халықаралық вокал байқауында үшінші орын иеленді және Грузияның Батуми қаласындағы «Алтын дауыс» II халықаралық опера өнері байқауының жартылай финалына шықты, сонымен қатар Хибла Герзмаваның халықаралық вокалистер мен концертмейстерлері беделді байқауында дипломант атанды. Ал Сара Садығұлова Ресейдің Барнауыл қаласында өткен Е.И.Борисов атындағы «Сибирь» Алтай мемлекеттік орыс халық аспаптар оркестрінің «Музыкалық ынтымақтастық» халықаралық жобасына белсене қатысты.

Жуырда түлектерді академиядағы оқуларының қорытындысына айналатын «Туған тілде» концерті күтеді. Жас әншілер вокалдық шеберліктерін ғана емес, өз елінің өкілі ретінде туған тілдерінде шығармалар орындау арқылы мәдени сан алуандылықты да паш етеді. Бағдарламада Асылзат Нұғыманова, Дильназ Омарханова, Рузиля Тюменцева, Василиса Савкина, Сара Садығұлова, Айгерім Темірбекова, Абылай Бекен, Біләл Қуаныш, Әділ Сұлтан мен Мунхтувшин Хоролгаравтың орындауында әлемдік опера классикасының жауһарларымен қатар, халық әндері де ұсынылады.

Сондай-ақ көрермендер түлектерге академиядағы оқуларын аяқтағаны жайлы көптен күткен сертификаттарды табыстау рәсіміне куә болады.

Академиядағы оқулары аяқталса да, осынау дарынды жастарға театрдың есігі қашанда ашық, себебі 2021 жылы құрылған Халықаралық опера академиясы – «Астана Операның» маңызды ағартушылық әрі мәдени жобасы саналады. Ол Қазақстанды әлемнің үздік сахналарында ойдағыдай таныстыра алатын жоғары кәсіби опера әншілерін осымен үшінші жыл дайындап шығаруда. Әр жылы тыңдаушылардың арасында Қазақстанмен қатар, Ресей, Тәжікстан, Хорватия, Моңғолия және басқа да елдерден дарынды вокалистердің болуы академияның еліміздегі ғана емес, сонымен қатар шетелдегі жас опера әншілері үшін қуатты тартылыс орталығына айналғанын көрсетеді.

«Туған тілде» қорытынды концерті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі аясында ұсынылатынын еске саламыз.