«Астана Опера» хоры Қарағандыда бірегей музыкалық кеш ұсынады
«Астана Операның» бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі театр хоры гастрольге аттанады. 25 мамырда шығармашылық ұжым Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залының сахнасында өнер көрсетеді. Әртістер Дж.Пуччинидің Messa di Gloria әйгілі туындысын ұсынады, Е.Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрінің дирижер тұғырында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Петр Грибанов.
Талғампаз қарағандылық көрермендерге ұмытылмас әсер қалдыруды қалайтын хор әртістері өздерінің гастрольдік өнер көрсетулері алдында қызу дайындалуда.
— «Астана Опера» Қарағандыға гастрольмен жыл сайын дерлік барады, бұған қос қаланың тығыз шығармашылық қарым-қатынастары себеп. Біз мұнда әрдайым зор құштарлықпен өнер көрсетеміз. Өйткені Қарағанды – еліміздің ірі индустриалдық-өнеркәсіптік, ғылыми орталығы ғана емес, сонымен қатар мәдени орталығы. Біздің бұл жолғы сапарымыздың айрықша мәні бар, себебі біз Е.Рахмадиев атындағы Қарағанды симфониялық оркестрінің 41 концерттік маусымын жабамыз. Бізбен бірге сахнаға керемет солистер – баритон Аян Төлеген және тенор Мерей Қадырхан шығады, — деп атап өтті Ержан Дәуітов.
Еске сала кетейік, «Астана Опера» аталмыш қалаға осымен жетінші мәрте гастрольмен барады. Бұған дейін ұжым мұнда түрлі сахналарда концерттік нұсқадағы операларды, сондай-ақ Гала-концертті, К.Орфтың «Кармина Бурана» кантатасын таныстырды. Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірттері өздерінің алғашқы гастрольдерін осы Қарағанды қаласынан бастаған еді. Осылайша, елордалық театрдың өнер көрсетуі қарағандылықтар үшін игі дәстүр ғана емес, сонымен бірге олар әрдайым асыға күтетін өзіндік бір мәдени мерекеге айналды.
«Астана Операның» өнер көрсетуін әркез қалың көрермен қарсы алатыны таңғаларлық жайт емес, бұл жолғы сапар да солай болмақ. Мұның барлығы ұжымның тыңдармандарды өзінің кәсіби шеберлігімен, өнерге деген құштарлығымен және әлемдік музыкалық классика жауһарларын керемет орындауымен үнемі тәнті етуіне байланысты. «Астана Опера» хоры – көптеген беделді халықаралық марапаттардың иегері, оның ішінде XI Қытай халықаралық хор фестивалінде алған алтын медаль, сонымен қатар өткен жылы Польшадағы «Хайнувка» халықаралық байқауында иеленген бірінші орын бар. Ол кезде әртістер байқауда тамаша өнер көрсетіп, жеңіске қол жеткізіп қана қойған жоқ, сондай-ақ құлашын кеңге сермеп, гастроль аясында қазақстандық композиторлар музыкасының үлкен жеке концертін берді.
Бұл жолы қазақстандық көрермендерді өзінің көтеріңкі әуендерімен әрі терең мән-мағынасымен танымал «Messa di Gloria» сирек орындалатын туындысымен кездесу күтеді. Алғаш рет «Messa» 1880 жылы 12 шілдеде орындалып, көрермендердің арасында зор табысқа ие болған. Бұл италиялық композитордың студенттік жұмысы болғанымен, ол көп жағдайда оның болашақтағы шығармашылық қолтаңбасын анықтады, ал оның кейбір үзінділері кейін оның «Манон Леско», «Тоска» («Inno di Gloria» кантатасы), «Эдгар» және тіпті «Мадам Баттерфляй» операларында қолданылды.
Концерт аясында И.Брамстың №1 симфониясы до минор, 68 шығармасы да орындалады. Осылайша, көрермендер өздеріне міндетті түрде ұмытылмас әсер сыйлайтын бірегей музыкалық кештен ләззат ала алады.