«Астана Опера» көрерменінің уақыт айнасындағы портреті
Елордада «Астана Операда» бірде-бір рет болмаған жанды табу қиын. Жыл сайын бұл театрға 140 000-ға жуық көрермен келеді. Оның айналасына сан алуан адамдар біріккен, алайда олардың арасында 11 жыл бойы премьералардың біреуін де қалт жібермеген жандар бар.
Мына бір қызықты деректі келтіре кетейік, «Астана Операға» келушілердің орташа жасы театр жұмыс істеген жылдар ішінде айтарлықтай жасарды. Жастар мәдени құндылықтарды шығармаларды заманауи пайымдау призмасы арқылы бойға сіңіретіні анық, сондықтан театр оларға сондай атмосфераны жасай отырып, жас ұрпақ үшін тартымды бола түсті. Театр опера және балет туындыларын орындап қана қоймайды, сонымен қатар бірегей жобалар жасайды. Осынау шығармашылық жол елорданың мәдени өмірінде жаңа бағыттарды қалыптастырып, түрлі көрермендердің назарын аудартуға көмектеседі.
11 театрлық маусым ішінде «Астана Опера» 1 540 000-нан астам көрерменнің жүрегін жаулады. Бұл театр өнеріне деген махаббат пен жаңа әсерге құштарлық кездесетін орын. Дәл осы жерде әрбір көрермен театр сиқыры әлеміне еніп, ғажайыптың бөлшегіне айналады.
— Көрермендер аудиториясының портреті – бұл біздің маркетингтік зерттеулеріміздің тұрақты объектісі. Тарқатып айтсақ, билеттердің негізгі сатып алушылары – 35 пен 44 жас аралығындағы әйелдер. 18-24 және 25-34 жас топтарының өкілдері де маңызды рөл атқарады, бұл барлық көрермен аудиториясының 26-27%-ін құрайды. Бұл процент қызметіміздің соңғы жылдарында артқанын айта кетуіміз керек. Әлбетте, театрымызға келушілердің үлкен бөлігін елорда тұрғындары құрайды. Олар билеттерді театр кассасына келіп және онлайн сатып алады, ал 40%-і – бұл алматылық меймандар (21%) және өзге қалалардың өкілдері 19%. Бұдан бөлек, бізге шетелден келетін көрермендеріміз бар, олар бізден белгілі бір спектакльдер туралы ақпаратты үнемі сұрайды және қойылымдарымызға арнайы ұшып келеді, — деді «Астана Опера» директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева. – Көрермендер аудиториясының сан алуан екенін және олардың бірегей қойылымдарымызға тұрақты келетінін көру көңілге қуаныш ұялатады. Тұрақты келушілердің үштен бірі өздерінің достарын бірге ертіп келеді, бұл труппамыздың еңбегінің дұрыс қабылданатынын айғақтайды. Жалпы алғанда, он жылда «Астана Опера» көрермендерінің опера мен балет жайлы түсінігі айтарлықтай молайды.
— Осымен 10 жыл бойы біз «Астана Операда» өтетін маңызды оқиғаларды, премьералық спектакльдер я түрлі труппалардың гастролі болсын, өткізіп алмауға тырысамыз. Әлбетте, ұлттық репертуарды рақаттанып тамашалап, барлық өнер көрсетулерден зор қуат аламыз, өйткені елордалық театр әрдайым жоғары кәсіби деңгейді паш етеді. Әртістерді танимыз және жақсы көреміз, олардың өсіп, дамып жатқанын бақылаймыз, — деп пікірімен бөлісті театрдың тұрақты көрермені Өрік Зайнулқызы Иманғожина.
— «Астана Операмен» кездесу – әрқашан әсемдікті қабылдап, асқақ өнердің тамаша әлеміне ену болып табылады. Театрға бару әрдайым ұмытылмас әсер қалдыратыны сөзсіз, әр кез өзіміз үшін жаңа шығармашылық жаңалықтар ашамыз, — деп пікірін қосты театр сүйер жан Гүлбадан Боржиханқызы Қуанышбаева.
Елордалық опера театрына келетін шетелдіктер де аз емес. Мұнда АҚШ, Италия, Үндістан мен басқа да көптеген елдерден келетін көрермендерді жиі кездестіруге болады.
— Қызметіме байланысты біраз уақыт Астанада тұрған кезімде сіздердің театрларыңызға жиі баратынмын, бірақ кейін туған жеріме оралдым. Енді «Астана Операны» Instagram желісі арқылы бақылап отырамын. Премьера жоспарланып жатқанын немесе өзімізде тамашалай алмайтын қойылым көрсетілетінін білсем, билет аламын. Себебі мен оның ауқымды және жоғары кәсіби деңгейде болатынын білемін, — деп атап өтті Флоренция тұрғыны Беттино Джиротти.
Ал америкалық Линда Орлади «Астана Опера» спектакльдерін 130-дан астам рет тамашалады, сондай-ақ ол театр буклеттерінің топтамасын жинайды. Жуырда Отанына оралған өнер сүйер жанның қоржынында театрдың 10 жыл ішіндегі барлық бағдарламалары мен буклеттері бар. – Мен мында, Сиэтлде бірқатар өнер көрсетулерде болдым. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысын керемет «Астана Операмен» және әсіресе К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы барлық тамаша концерттік бағдарламалармен салыстыруға келмейді, — деп қорытындылады Линда Орлади.
«Астана Опера» көрермені – асқақ өнердің кереметін ұғынатын, мәдениеттегі талғампаздыққа ұмтылып, әр нотада, әртістің әрбір қимылында шығармашылықтың маңыздылығын бағалайтын жан деп нық сеніммен айта аламыз.