«Астана Опера» режиссері Вена опера фестивалін бағындырды

Биыл Қазақстан Еуропаның ең беделді мәдени алаңдарының бірі – Вена опера фестивалінде өзі жайлы жар салды. Жобаға қатысу үшін дүние жүзінен шақырылған төрт режиссердің қатарында «Астана Опера» өкілі Еренбақ Тойкенов те болды. Ол танымал британиялық режиссер Тим Клейдонмен бірге Вольфганг Амадей Моцарттың «Барлық әйел осылай жасайды, немесе Ғашықтар мектебі» (Così fan tutte) операсы бойынша жұмыс істеді.
– Бұл бүкіл әлемнен барған шығармашыл жандардың коллаборациясы болды. Мен үшін маэстро Тим Клейдонмен бірге қоян-қолтық жұмыс істеу ғана емес, сондай-ақ сан алуан шығармашылық мектептердің өмір ырғағын сезіну де ерекше қызықты болды. Бір алаңда бір мезетте төрт қойылым бойынша жұмыс жүргізілгені таңғаларлық жайт еді, бұл – сирек кездесетін бірегей тәжірибе, – деп әңгімеледі Еренбақ Тойкенов.
Қатысушылар дайындықтың алғашқы күні-ақ танысып үлгерді: әртістер Америка мен Канададан бастап, Испания, Италия және Қытайға дейін әлемнің әр қиырынан келді. Еренбақ Тойкеновтің «Così fan tutte» қойылымында негізінен АҚШ-тан әншілер, сондай-ақ Ұлыбританиядан солист пен Ресейден сопрано қатысты. Жас режиссер тыңдалымдарды, ағылшын тіліндегі кіріспе тренингті өткізді, ал одан кейін Тим Клейдонмен бірге толыққанды дайындықтар басталды.
– Маэстро менің жұмысымды жоғары бағалады, тіпті фестиваль басшылығына қойылымның соңын маған сеніп тапсыруға өтініш білдірді. Нәтижесінде мен тұтас екінші актіні қойдым, оркестрлік және техникалық дайындықтарды жүргізіп, сценографпен жұмыс істедім. Бәлкім, соңғы жылда бастан кешірген ең жарқын әсер осы шығар, – деп пікірімен бөлісті Е.Тойкенов.
Моцарттың туған жері Венаның айрықша атмосферасы қойылым қатысушылары үшін шабыт көзіне айналды. Еренбақ Тойкеновтің жетекшілігімен әншілер композитордың үйінде болып үлгерді, сондай-ақ бір кездері Моцарттың өзі шарап ішкен әйгілі жертөлеге де түсті. Бүгінде ол – камералық концерт залы, онда труппа қалың көрермен жинаған үш концерт берді.
– Венада Моцарттың есімін балаларға дейін біледі, ол ел брендінің бір бөлшегіне айналған, оның суреті тіпті шоколадта да бейнеленген. Бізде де бірегей тұлғаларға, мәселен Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиевтің есіміне сондай қарым-қатынас болғанын, оларды дүние жүзінде танығанын және Қазақстанмен байланыстырғанын қалар едім. Алайда бұл үшін әрине үгіт-насихат, мәдени маркетинг керек. Бұл енді келешектің еншісіндегі мәселе, – деп атап өтті режиссер.
Еренбақ Тойкеновтің пікірінше, опера өнерінің дамуы әртістерді жүйелі түрде дайындамайынша мүмкін емес, осы ретте Қазақстанға ілгері қадам басуға тура келеді. – Балетте таңның классикалық сабақтан басталатыны секілді, әншілер үшін де тренингтер өткізіп отыру өте пайдалы. Бұл әртіске физикалық жағынан да, эмоциялық тұрғыдан да қалыпта болуға көмектеседі. Бұдан бөлек, опера вокалдық қабілетпен қоса актерлік шеберлікті де талап етеді. Опера әншісін ұшақпен салыстыруға болады: бір жақ қанаты – вокал болса, ал екіншісі – актерлік ойын, осы екеуінің үйлесімділігі нәтижесінде ғана ол ұша алады, – дейді Е.Тойкенов.
Дәл осы себеппен «Астана Опера» режиссері өзінің педагогикалық жұмысында Станиславский жүйесі мен Шаляпиннің мұрасына назар аударып, студенттердің бойында опералық актер дағдыларын дамытуда. Ол оларға сахналық шайқасты меңгеруді, сахнада құлауды және ажал құшуды, қарумен жұмыс істеуді үйретеді. Оның пікірінше, Қазақстандағы операның болашағы кешенді тәсілдерді қолдану болып табылады, онда әнші музыкант ретінде ғана емес, драма әртісі ретінде де ойлайды.
– Бүгінде кәсіби ортада мамандықты айқындау мәселесі жиі көтерілуде. «Опера әншісі» деген сөздің өзі шектеулі естіледі, себебі ол тек ән айта алу қабілетін білдіреді. Ал нағыз опера өнері бұдан да зорын – актер ретінде ойлау мен әрекет ету қабілетін талап етеді. Бірқатар жоғары оқу орнында «опералық актер» терминін қазірдің өзінде қолдана бастағаны бекер емес. Мұндай тұжырымдама студенттер үшін басқа деңгейді белгілейді: сахнада жай ноталарды әндетуге болмайды, жанды рөл жасап, бейнені ойдан құрастыру керек, кейіпкердің тағдырын бастан кешіру қажет. Музыкалық партияларды оркестр аспаптары – ішекті, үрлемелі аспаптар орындайды, ал сахнадағы адамның міндеті бұдан да тереңде жатыр: музыка түр мен жанға ие болуы үшін дауыс пен драмалық өнерді біріктіру керек. Федор Шаляпиннің өзі бір кездері «мен опера әншісі емеспін, опера актерімін» деп айтқан еді. Мамандықтың мәні – осында, заманауи опера соған ұмтылады, – деп атап өтті Еренбақ Тойкенов. Дәл осы Вена фестивалі секілді кездесулер отандық мектепті дамытуда маңызды түрткіге айналады.
– Маған бүкіл әлемнен шақырылған төрт режиссердің қатарында болуы бақыты бұйырды. Бұл тәжірибені басқаша бағалау мүмкін емес, ол шабыттандырады әрі дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Келешекте қазақстандық опера да бүкіл әлемде жоғары сапасымен және өзінің қайталанбас мектебімен байланыстырылғанын қалаймын, – деп қорытындылады Еренбақ Тойкенов.
Осылайша, жас режиссердің Вена опера фестиваліне қатысуы – бір мезгілде жеке шығармашылық жеңіс, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық опера сахнасында мойындалуы жолындағы қадам.


