«Астана Опера» сахнасында қазақ киносының музыкасы шырқалады

Республика күні қарсаңында 23 және 25 қазанда «Астана Операның» К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында театрдың опера труппасы солистері мен Камералық оркестрінің қатысуымен «Қазақ киносының музыкасы» мерекелік концерті өтеді. Көрермендерге жоба авторы, дарынды музыкант әрі дирижер Әлихан Ыдырысовтың оркестрлік өңдеуінде отандық кинофильмдерден танымал әуендер ұсынылады.

Айта кету керек, Әлихан Ыдырысовтың кинофильмдер музыкасын сахнаға шығару идеясы 2001-2005 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүрген кезінде туындады. Алғаш рет жоба «Экран әуендері» атауымен 2014 жылы «Астана Операда» жүзеге асырылды. Содан бері он жылға жуық уақыт бойы оның концерттері көрермендер арасында зор қызығушылыққа ие болып, әрдайым аншлагпен өтті. Арадағы біршама үзілістен кейін туған жобасының ұлттық мереке қарсаңында қайтадан оралатыны автор үшін ерекше қуаныш жайт.

– Идеямды қолдағаны үшін «Астана Опера» басшылығына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ барлығын келе жатқан ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір қазақстандыққа зор денсаулық, ашық аспан және мол бақыт тілеймін. Еліміз жылдан жылға көркейіп, мәдениетіміз бен өнеріміз қарыштап дами берсін. Айтулы мерекеде Отанға деген құрмет пен патриотизмнің үлгісі әрі көрермендерге тарту ретінде қазақ киносының музыкасына арналған концертті қайтадан қуана таныстырамын, – деп атап өтті Әлихан Ыдырысов.

Сонымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжахановтың жетекшілігіндегі театрдың Камералық оркестрінің сүйемелдеуімен опера труппасының солистері өткен ғасырдағы «Гауһартас», «Тақиялы періште», «Шәмші» сынды танымал кинотаспалардан шлягерлерді орындайды. Бұдан бөлек, «Ағам немесе неке», «Тоқта, түн», «Рэкетир» және басқа да заманауи фильмдерден танымал әуендер концерт бағдарламасына көрік береді.

Осы аталған барлық кинофильм музыкасының оркестрлік өңдеуін Әлихан Ыдырысов өзі жасады. Олар кавер нұсқада орындалатындықтан көрермендер сүйікті фильмдеріндегі әндерді жаңа қырынан тыңдай алады. Жанды музыка мен әрбір өнер көрсету кезінде сахнадағы экранда ойнатылатын бейнежазба мерекелік күзгі кеште көрермендерге айрықша әсер сыйлайды.

Жоба авторы концерт бағдарламасын құру кезінде әрдайым көрермендердің талғамын ескеруге тырысатынын атап өтті.

– Идея әрқалай келуі мүмкін. Кейде фильм тамашалап отырғанда «осы музыканы сахнаға шығарсам қалай болады» немесе «Мына әнді оркестрлік өңдеуде жаңаша естуге болатын еді» деген секілді ойлар туады. Ең бастысы, көрермендер әрдайым риза болып, бағдарламаны тағы қайталауымды сұрайды. Алдағы концерт бағдарламасына А.Зацепин сынды өткен ғасыр композиторларының туындыларымен қатар, заманауи авторлардың шығармаларын да қосуға тырыстым. Мұндағы мақсат – жас аудиторияның сұранысына жауап беру және жастарды театрға көбірек тарту, – деп қорытындылады Ә.Ыдырысов.

Концерттердің басталуы: 23 қазан 19.00-де және 25 қазан 18.00-де.