«Астана Опера» сахнасында С.Рахманиновтың «Алеко» операсының премьерасы
6-7 сәуірде «Астана Опера» сахнасында «Рахманинов трибьют» фестивалі аясында С.Рахманиновтың «Алеко» операсының концерттік орындауының премьерасы зор табыспен өтті. Көрермендер жас жігіт Алеко мен сыған қызы Земфираның жалынды махаббат хикаясын баяндаған әртістердің өнер көрсетулерін жылы қабылдады.
Дирижер, жоба авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі оркестрдің, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің кавалері Юрий Колчиннің (ол биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтеді) жетекшілігіндегі Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы хор әртістерінің, солистердің шабытты өнер көрсетулері концерттік орындауды шынымен тартымды әрі қызықты етті. Сондай-ақ оған ерекше тапқырлықпен жасалған сценографиялық дүниелер көрік берді.
Рахманиновтың «тіл біткен» музыкасы тыңдармандарға кейіпкерлердің мінездерін ашып берді, сондай-ақ өзен жағасында жайылған сығандар таборының көркем суретін олардың көз алдарына келтірді. Әуенде баршамызға таныс махаббат, қызғаныш, ішкі үрей мен қайғылы қаза сарыны естілді.
Басты кейіпкерлердің бейнелерін «Астана Опера» солистері, Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірттері мен «Геликон Опера» жастар опера бағдарламасының солистері сомдады. Сонымен, Дінмұхамед Көшкінбаев пен Василий Упоров жас та өзімшіл Алеконың басты партиясын орындады. Басты кейіпкердің опера өнерінің үздік туындыларына жататын «Табордың барлығы ұйқыда» каватинасы олардың орындауында әсерлі әрі жантебірентерліктей шырқалды.
– Менің кейіпкерім жалғыздықтан қиналып, мейірім мен жылулық іздейді, алайда оның бақытты отбасылық өмір жайлы армандарына орындалу жазылмаған. Ол Земфираны қызғанады, осы сезім бойын түгелдей билеп, санасын торлап тастаған, сол себепті Алеко өзіне адал бола алмаған сүйіктісін өлтіреді. Осы туындыдан көрініс табатын барлық эмоциялар бояуын аудиторияға жеткізу үшін біз дирижер – маэстро Абзал Мұхитдинмен үлкен жұмыс атқардық. Дайындық барысында біз операның қалай жазылғаны жайлы көптеген қызықты деректерді біліп, кейіпкерлердің музыкалық бейнелерін аштық. Өзіміздің театрдағы премьерада Алеконы орындау – мен үшін зор мәртебе. Осындай мүмкіндік үшін барлығына рақметімді айтамын, – деді Дінмұхамед Көшкінбаев.
Қарт сығанды Шыңғыс Расылхан мен шақырылған бас Илья Марков таныстырды, әртістер өз кейіпкерінің даналығы мен әділдігін жеткізе білді.
Жас сыған партиясында қоңыр дауысты тенорлар Нарұл Тойкенов пен Владислав Чижов өнер көрсетті. Земфира сұлуды Галина Чеплакова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова сомдаса, Қарт сыған әйелінің партиясында Татьяна Вицинская мен Гүлжанат Сапақова сахнаға шықты. Танымал әншілер әйелдердің бейнелерін вокалдық және актерлік қырынан да керемет ашып берді.
Мәнерлеп оқушы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның Халық әртісі, елордадағы М.Горький атындағы драма театрдың режиссёрі Сергей Матвеевті ерекше атап өткіміз келеді. Оның оқуының нәтижесінде концерттік орындаудағы опера 19 жастағы Рахманинов 17 күннің ішінде дүниеге әкелген таза, данышпандық, классикалық күйінде ұсынылды.
Композитор операны Пушкиннің әйгілі сюжеті бойынша жазған. Бұл сюжетті либретто етіп қайта жазған адам өз заманында жазушы әрі драматург ретінде танымал болған Владимир Немирович-Данченко еді. Басты кейіпкер Алеко – қашқын, ол үйренген ортасын, яғни қапырық қаланы еркін дала үшін тастап, табормен және өзінің сүйіктісі – сыған қызы Земфирамен бірге екі жыл көшіп жүреді. Бірде сүйіктісінің опасыз әрекетін әшкерелеген Алеко Земфираны да, оның жас ғашығын да өлтіреді. Қан, өшпенділік пен зорлықты қабылдамаған сығандар қанішерді табордан қуып жібереді.
– «Алеко» операсының концерттік орындауы кейіпкерлердің терең психологиялық жай-күйін бейнеледі. Операның музыкасы жүрекпен айтылуымен және бай әуезділігімен баурап алды. Аталмыш туындыны С.Рахманиновтың 150 жылдығы қарсаңында тыңдау айрықша қуанышқа бөледі, – деді премьерадан кейін тыңдарман Аида Бектұрова.