«Астана Опера» Санкт-Петерборда қуыршақ туралы хикаяны баяндайды

«Астана Опера» Санкт-Петерборға гастрольге аттанады. Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың жетекшілігіндегі әртістер 22 сәуірде Dance Open беделді халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді. Биыл фестиваль Александринский театрының сахнасында өтуде, оның аясында елордалық ұжым аңызға айналған хореограф Ролан Петидің қойылымындағы Л.Делибтің «Коппелия» балетінің француздық нұсқасын ұсынады.

Бұл балет – әлемдік хореографияның нағыз жауһары, мұнда шебер Р.Пети Гофманның «Құм адамы» мистикалық новелласын жарқын комедияға айналдырды. Оқиға желісінің бел ортасында тартымды әрі алаңғасар Франц, сүйкімді Сванильда мен қуыршағы таңғаларлық оқиғаларға себепші болатын жұмбақ Коппелиус жүреді.

– Труппа үшін гастроль әрдайым маңызды оқиға болып табылады. Бұл әртістерімізге өз өнерлерін жаңа сахнада көрсетуге мүмкіндік қана емес, сондай-ақ зор жауапкершілік. Ұлы балет дәстүрлері қалыптасқан Санкт-Петербор қаласында, би өнерін терең сезінетін және бағалайтын талғампаз көрермендердің алдында өнер көрсету айрықша тебіреністі оятады, – деді балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова. – Біз Dance Open фестиваліне Ролан Петидің хореографиясындағы «Коппелия» балетін алып келдік. Бұл жарқын көңіл күй мен позитивке толы жеңіл  спектакль әртістеріміздің де, көрермендеріміздің де махаббатын әлдеқашан жаулап үлгерді. Осы қойылымды петерборлықтармен бөлісетінімізге қуаныштымыз, себебі оның атмосферасы шынайы рақат сезімін сыйлайды.

Әлемдік балет жұлдызы үшін бұл гастрольдік көрсетілім расымен де жай ғана өнер көрсету емес, бұл Петербормен нағыз шығармашылық диалог болмақ, өйткені ол кезінде осы қаладағы Мариинский театрының сахнасында прима-балерина ретінде өнерін паш еткен еді.

– Dance Open фестивалі өзін әлдеқашан балет әлеміндегі ірі оқиғалардың бірі ретінде көрсетті, сондықтан оның қатысушысы болу біз үшін зор мәртебе. Бізді шақырғандары үшін ризашылығымызды білдіреміз және жекелеген солистерді ғана емес, тұтас спектакльді таныстыруға, сондай-ақ біздің жас әртістерімізге жаңа белестерді ашуға мүмкіндік бергендері үшін ұйымдастырушыларға алғысымызды  айтамыз. Азғантай уақытқа болса да, біз осы қаланың атмосферасымен, оның рухымен және әсемдігімен тыныстаймыз, – деп қорытындылады балет труппасының көркемдік жетекшісі.

Александринский театрының сахнасында тұрғындар өз шаруаларымен айналысатын, алайда шебер Коппелиустың жұмбақ үйіне халықтың бүкіл назары ауатын қалашық пайда болады. Оның үйінің терезесінде желпуіш ұстаған сұлу бейтаныс бойжеткен – қуыршақ отырады, ол жасөспірім Францтың есін шығарады. Францтың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев, ал оның қалыңдығы Сванильданы көрікті Шұғыла Әдепхан орындайды. Олардың тағдырлары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков сомдайтын Коппелиустың бейнесімен өріледі.

Профессордың құпиясын кездейсоқ біліп қалатын Сванильда қуыршақтың бейнесіне енеді, ал одан кейін күлкілі әрі әсерлі оқиғалар тізбегі жалғасып, онда ойын мен шындық бірге тұтасады.

Ролан Петидің ұйғарымы әртістерге көрермендермен үнемі тілдесуге, оларды іс-әрекетке еліктіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ аудиторияны күлуге және кейіпкерлермен бірге уайымдауға мәжбүрлейді. 2019 жылы «Астана Опера» репертуарының бөлігіне айналған осынау балет труппаның жүрегінен айрықша орын алды. Осы ретте орындаушылар Санкт-Петербор тұрғындары мен қонақтарына нағыз мереке сыйлай алатындарына сенім білдірді.

 – Гастроль алдында бір жағынан кеудемді қуаныш кернесе, енді бір жағынан толқып та тұрмын. Бұл мен үшін Санкт-Петербордағы алғашқы өнер көрсету болмақ, ондағы көрермендермен кездесетін сәтті асыға күтудемін. Сванильданың бейнесі ерекше, ол көңілді, ойыншыл, сұлу, оның бойында нағыз француздық тартымдылық бар. Қойылымдағы рөл билеу шеберлігін, сондай-ақ актерлік ойын мен мәнерлі мимиканы талап етеді. Бұл балетті одан да керемет етеді, – деп пікірімен бөлісті сапар алдында Шұғыла Әдепхан.

Telegram-канал: «Астана Опера» Санкт-Петерборда қуыршақ туралы хикаяны баяндайды