«Астана Опера» солисі «Большая опера» тележобасының жеңімпазы атанды

«Астана Опера» театрының жас солисі Дінмұхамед Көшкінбаев «Культура» арнасындағы кәсіби опера әншілерінің «Большая опера» халықаралық телевизиялық жобасында жеңіске жетті. Қазақстандық дарынды вокалист кәсіби қазылар алқасын таңғалдырып, көптеген телеарна көрермендерінің жүрегін жаулады.

– Дінмұхамед Көшкінбаев – таза вердилік дауысқа ие дарынды орындаушы. Оның жобада өзін толықтай еркін ұстауы мені тәнті етті, – деп пікірімен бөлісті «Большая опера» тележобасы қазылар алқасының мүшесі, әлемдік опера жұлдызы, вокал ұстазы Марина Мещерякова. – Сахнада ештеңеден қымсынбай өнер көрсету керек. Бастапқыда ол маған қарапайым, ұялшақ адам секілді көрінді, алайда ол ««Большая опера» жобасында өзін толығымен ашты. Сахнада сомдаған әрбір бейнесінде өзін еркін ұстап, шынайы өнер көрсетті. Әлбетте, оған бұл арада керемет дауысы көп көмегін тигізді.

Дінмұхамед Көшкінбаев – ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының түлегі, Бибігүл Төлегенова байқауының бас жүлде иегері, Ева Мартон танымал халықаралық вокалистер байқауының (Венгрия) финалисі. Қарашада әншінің қоржынында тағы бір беделді марапат пайда болды: орындаушы үшінші орын иеленіп, Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауының арнайы жүлдесін алды.

– «Большая опера» жобасындағы жеңіс – мен үшін үлкен оқиға, шығармашылық мансабымдағы маңызды кезең әрі зор тәжірибе. Шынымды айтайын, оған қол жеткізу оңай болған жоқ. Әрбір шығарылымға жеке спектакльде өнер көрсететіндей дайындалу қажет болды, бейнеге ену және орындау ең жоғары деңгейде болуы тиіс еді. Мен өзім шексіз құрметтейтін және тамсанатын қазылар алқасының алдында ғана емес, сонымен қатар үлкен телевизиялық аудиторияның алдында өнер көрсететінімді жете түсіндім. Сондай-ақ менің өнер көрсетуіме қарап, көрермендердің біздің еліміздегі вокалдық өнер деңгейін бағалайтынын да білдім, – деп атап өтті Дінмұхамед Көшкінбаев.

«Большая опера» – «Культура» телеарнасының танымал жобасы, оның тұсаукесері 2011 жылы өткен болатын. Оған шоу мен академиялық концерт элементтері біріктірілгендіктен, оның барлық маусымдары көрермендердің зор қызығушылығын туғызған.

Көрсетіліп келе жатқан мерзім ішінде телевизиялық байқау бүгінде әлемнің үздік сахналарын табысты бағындырып жүрген опера орындаушыларының тұтас шоғырын ашты. «Большая операға» Беларусь, Армения, Өзбекстан мен Ресейден әншілер қатысты. 2014 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, ұлттық және халықаралық вокал байқауларының лауреаты Салтанат Ахметова жоба жеңімпазы атанған болатын.

Биыл «Большая опера» жобасына қатысуға 300-ге жуық адам өтінім жолдаған, ал қазылар алқасының құрамына А.Пушкин атындағы Нижегородск опера және балет театры опера труппасының жетекшісі Медея Ясониди, опера әншісі Марина Мещерякова, дирижер Марко Боэми, «Геликон-Операның» көркемдік жетекшісі Дмитрий Бертман енді.

Жобаның жетінші маусымы 23 желтоқсанда П.И.Чайковский атындағы консерваторияның Үлкен залында өтетін гала-концертпен қорытындыланады. Сахнаға жоба жеңімпаздары, қатысушылары мен қонақтары шығады.