«Астана Опера» солисі Сұлтанбек Ғұмар: «Менің музам – сүйген жарым»
Елордалық театрда өнер жолдары ғана емес, өмір жолдары да бір арнаға тоғысқан отбасылық жұптар аз емес. Солардың бірі екі жыл бұрын шаңырақ көтерген «Астана Опера» балет труппасының солисі Сұлтанбек Ғұмар мен балет әртісі Еркежан Жүнісова. 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян Сұлу ғашықтар күні қарсаңында ерлі-зайыптылар өздерінің махаббат хикаяларымен бөлісіп, үйленгеннен кейін шығармашылықтарында болған жаңалықтарымен бөліседі.
Қос ғашық алғаш рет Қазақ ұлттық өнер университетінің қабырғасында оқып жүрген кездерінде танысқан. Одан кейін Қазақ ұлттық хореография академиясында да екеуіне бірге білім алу жазылыпты.
— Еркежанға деген ғашықтық сезімім студент кезімде-ақ оянған болатын. Мен ауылда туып-өскен, орысшам да шамалы, ол болса қаланың қызы, сол себепті ол бас кезінде мені елемейтін (күлді). «Астана Опера» балет труппасына жұмысқа келгенімізде қарым-қатынасымыз беки түсті. Бір-бірімізді танып-білгеннен кейін шаңырақ көтеруге бел байладық, — деп әңгімесін бастады Сұлтанбек Ғұмар.
Ерлі-зайыптылар бір-бірін әбден танып-білмей, жастық жалынмен ерте үйленудің өз кемшілігі бар деп санайды. Сүйіп қосылғаннан кейін жұбайыңның кемшілігінен артықшылықты табу керек, сол кезде арадағы сенімділік артады деп есептейді жас жұбайлар.
— Кейде ғашықтар бір-бірінің қадірін түсіну үшін шамалы уақыт арақашықтықты сақтаған пайдалы. Қыз-жігіт болып алты жыл жүріп жүргенімізде бізде де айырылысқан сәттер болды. Алайда Сұлтанбек маған әрдайым түсіністікпен қарайды. Кейде ашуға ерік беретін кездерімде ол ешқашан сөз таластырмайды, үндемейді. Артынша менің ашуым тарқағанда ғана мән-жайды сұрайды. Ерлі-зайыптылардың осылай бір-бірімен ашылып сөйлесуі өте маңызды деп санаймын. Біз Сұлтанбек екеуіміз бір театрда жұмыс істегендіктен, кейбіреулер бізді күні бойы бірге жүреді деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, күні бойы бір театрда жүріп, бір-бірімізді көрмейтін кездер де болады. Себебі біздің классикалық сабақтарымыз әртүрлі залдарда өтеді, кейде дайындық кестелеріміз сәйкес келмей қалады. Бірде мен үйге ертерек кетсем, бірде Сұлтанбек ерте барады. Жолдасым үйге менен бұрын жетсе, міндетті түрде тіскебасар әзірлеп қояды. Күнделікті сахнада мұңаю, шаттану тәрізді түрлі сезімдерді бастан кешіремін. Адамның денесі де робот емес, жаттығудан кейін тәнің ауырып тұрса, бір нәрсе қолдан келмей жатса, уайымдайсың. Біздің осындай ерекше мамандығымызды көп адамдар түсіне бермейді, сол үшін өмірлік жарымның осы саладан болғанына қуанамын. Сұлтанбек екеуіміз жұмыс пен үйді араластырмауға, тіпті өзімізді мейлінше жинақы әрі жауапты ұстау үшін сахнада бірге жұп болып билемеуге тырысамыз, — деді балерина Еркежан Жүнісова.
Осы ретте балет солисі Сұлтанбек Ғұмар да жұбайы екеуінің бір мамандықта жүргені отбасылары үшін артықшылық екенін атап өтті.
— Дайындық залдарында қандай жұмыс жасалатынын, бір спектакльді жасау үшін қаншама күш жұмсалатынын білемін. Театр репертуарындағы қыздар үшін техникалық тұрғыда өте күрделі балеттердің бірі – бұл П.Чайковскийдің «Аққу көлі». Осы ауыртпашылықтың бәрін көремін де, бәрін айтпай-ақ түсінемін. Үйдің шаруасын атқара салғаннан менің беделім төмендеп қалмайды. Мен әйеліме көмектесе бастаған сайын, ол барлығын өзі жасауға тырысады. Ата-анасы қыздарын маған аманаттап бергеннен кейін, оған қамқор болу, аққуымдай аялау – менің міндетім деп білемін. Еркежен үйде қарапайым қазақтың келіні. Асты өте дәмді әзірлейді. Осы ретте балериналар тамақ пісіру білмейді деген ол аңыз деп айтар едім. Жұбайым екеуіміз дастарқан басында отырып әңгімелескенді жақсы көреміз, — деді Сұлтанбек Ғұмар. Сондай-ақ ол әңгіме барысында халқымыздың үйлену той өткізу дәстүрінің өз маңызы барын атап өтті. Оның ойынша, тойда көптеген ағайын-туысты көргенде жаңа өмірге қадам басып жатқан жастар үй болудың жауапкершілігін ұғынады.
Халқымызда «Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді» деген сөз бар. Осы ретте Еркежан отандық балет көкжиегінде өзін жас хореограф ретінде көрсетіп жүрген Сұлтанбектің шабытын оятты десек, артық айтпаған болар едік. Сұлтанбек Ғұмар жуырда ғана туған театр сахнасында Ақтоты Райымқұлованың музыкасына «Мәңгүрт» биін ұсынды. Ал оның алдында жас балетмейтер Hassak этно-фольклорлық ансамблінің «Аманат» музыкалық композициясына RUH атты авторлық нөмірін таныстырған еді.
— Негізі, мен өз-өзіме әрдайым сын көзбен қараймын. Жасап жатқан дүнием көпшіліктің көңілінен шығар ма екен деп өз-өзімнен күмәнданатын сәттерде жан-жарым маған зор қолдау көрсетеді, өзіме деген сенімділігімді арттырады. Менің музам – сүйікті жұбайым деп айтсам болады, — деді Сұлтанбек Ғұмар. – Сонымен қатар халқымыздың ән-күйлерін тыңдағанда ерекше шабыттанамын. «Рухы биік адамның іргесі де биік» дейді ғой, сол себепті жастардың ұлттық сезімін, рухын оятып, тілін, тарихы мен мәдениетін білмейтін жандарға ой салу мақсатында ұлттық нақыштағы нөмірлерді шығарып жатқан жайым бар. Маған армандарымды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп жатқан «Астана Опера» театрына, сондай-ақ балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға ерекше ризашылығымды білдіремін, — деп қорытындылады балет солисі.
Сұлтанбек Ғұмар өзінің тың идеяларымен әр салада елге пайдасын тигізіп жүрген жастардың қатарынан болуға тырысып келе жатса, ал Еркежан Жүнісова «Астана Опера» репертуарындағы барлық балеттік спектакльдер мен гала-балеттерде табысты өнер көрсетуін жалғастыра бермек. Әңгіме соңында жас жұбайлар барлықтарын Ғашықтар күнімен құттықтап, отбасылық бақыт, ынтымақ-бірлік тіледі.