«Астана Опера» солисі Мажарстан ұлттық театрында он бестен астам спектакль орындады
«Астана Опера» театрының солисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының әрі халықаралық байқаулардың лауреаты Азат Мәлік жуырда Будапештен оралды, ол онда Мажарстан мемлекеттік опера театрының шақыруымен Дж.Пуччинидің «Богема» спектаклінің топтамасында Шонардың партиясында зор табыспен өнер көрсетті. Ал 26 қаңтарда жас баритон елордалық театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақпен бірге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Францияның Бельфор қаласында қазақстандық авторлардың туындыларын орындайды.
Азат Мәлік – Astana Opera Халықаралық опера академиясының түлегі.
– Менің Мажарстан мемлекеттік опера театры қабырғасындағы дебютім Ференц Листтің академиясында магистратурада оқып жүрген кезімде А.Понкьеллидің «Джоконда» операсындағы Барнабаның рөлінде орын алған болатын, одан кейін Ж.Бизенің «Кармен» операсында Эскамильоны сомдаған едім, – деді орындаушы. – 2021 жылы Ева Мартонның халықаралық вокалистер байқауының лауреаты, II сыйлық иегері атанғанымда қайтадан театрға шақырту алдым. Маған Дж.Пуччинидің «Богема» операсында Шонардың рөлін орындау бақыты бұйырды.
Өткен жылдың соңы мен 2024 жылдың басында «Астана Опера» солисі Еуропаның ең танымал сахналарының біріне сүйікті партияда қайтадан шықты.
– «Богема» операсы – бұл өзінің гармониясымен таң қалдыратын музыка, тағдырға сеніп, бір күндік алаңсыз өмір сүретін кейіпкерлердің ойнақы, жеңіл лейтмотивтері. Мұнда басты солист деген жоқ, қойылымның ерекшелігі топтық жұмыста болып табылады. Операда тұрақты қалып жоқ, бұл қойылым мені тоқтаусыз әрекеттердің бірінен соң бірі жалғасып отыруымен қызықтырды. Мен Мажарстан мемлекеттік опера театрында 15-тен астам спектакльде ән айтып үлгердім, сондай-ақ туған театрым «Астана Опера» сахнасына суретші Марсельдің рөлінде шығамын, – деді Азат Мәлік.
Әншінің айтуы бойынша, мадиярлық көрермендер операны және оның ішінде «Богеманы» қатты жақсы көреді екен, сондықтан спектакльге билеттер көрсетілімнен біраз уақыт бұрын сатылып кетеді.
– «Богема» – әлемдегі ең танымал опера, сондықтан Мажарстан театрының залы әрдайым қуанышты көрермендерге толы болады, – деп атап өтті солист. – Қойылым болатыны туралы хабарлама өткен көктемде шыққан еді, ал желтоқсан-қаңтар айларына билеттер жазда түгелдей сатылып кетті.
Азаттың айтуынша, венгриялық әріптестері – өз ісінің нағыз кәсіби шеберлері. Шетелдегі өнер көрсету кезінде ешқандай жайсыздықты сезінбес үшін олар оған барлық нәрседе қол ұшын берген.
– Олар біздің театрға және қазақстандық мәдениетке де қызығушылық танытуда. Мен оларға Астана және еліміз жайлы қуана әңгімелеп, бейнематериалдарды көрсеттім. Біразы осында келуге дайындалып жатыр.
Жуырда Азат Мәлікте Қазақстан жайлы айтуға тағы бір мүмкіндік пайда болады. 26 қаңтарда Францияның Бельфор қаласында гастрольдік өнер көрсету аясында ол «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақпен бірге өнерін паш етеді. Айта кетейік, Азат сахнадағы ең сүйікті серіктесі деп білетін осы опера әншісімен бірге «Богемада» да ән айтқан болатын.
Француз жұртшылығы үшін дайындалған концерт бағдарламасына Дж.Пуччини, Ф.Легар, Э.В.Корнгольд, У.Джорданоның, сондай-ақ отандық композиторлардың туындылары енеді. Еуропалық көрермен Мұқан Төлебаев («Бақыт вальсі»), Серік Еркімбеков («Жер аспан», «Дархан дала») сынды қазақстандық майталман авторлардың шығармашылығымен, сондай-ақ Ғазиза Жұбанованың өңдеуіндегі «Аққурай», «Алқоңыр» тәрізді халық музыка өнерімен таныса алады.
Жалпы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен құрылған Astana Opera Халықаралық опера академиясының түлектері әлемдік аренада сұранысқа ие, олар тұрақты түрде шетелде зор жетістікпен өнер көрсетіп, өзіміздің қазақстандық өнерді дәріптеп жүр.