«Астана Опера» театрының опера труппасына жаңа жетекші тағайындалды

Танымал тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш осы жылдың басында «Астана Опера» опера труппасының жетекшісі ретінде жұмысқа кірісті. Өз сұхбатында ол еліміздегі опера өнерінің қалай дамып жатқаны туралы, классикалық әншінің жолын таңдаған жастарды қандай болашақ күтетіні және тағы басқалары жайлы сөз етті.

 

— Елордалық театрдың опера труппасын басқару жайлы ұсыныс сізге қаншалықты күтпеген жағдай болды?

 

— Маған осы қызметті ұсынады деп тіпті ойлаған жоқ едім. Театр директоры Ғалым Алғиұлы Ахмедьяров маған ойлануға бір күн берді. Барлық нюанстарды, артықшылықтар мен кемшіліктерді ой елегінен өткізіп, байқап көру қажет деп шештім. Труппа толығымен қалыптасқан, театрда 20 жылдан бері жұмыс істеп келемін, барлығы жаныма жақын, сондықтан осы істі қолға алдым. Және де опера өнерінің дамуына өз үлесімді қосу үшін осы ұсынысты қуана қабылдадым.

 

— Театрға жаңа лауазымда, яғни опера труппасының директоры ретінде келгенде өзіңізді қалай сезіндіңіз?

 

— Ең әуелі, жауапкершілікті сезіндім, өйткені опера труппасында 11 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалерлері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары еңбек етеді. Өздеріңіз түсінетіндей, жұлдыздарды басқару өте қиын.

 

— Жаңа қызмет сіздің сахнаға шығуыңызға әсерін тигізе ме?

 

Жаңа жұмыс ұйымдастыру мәселелеріне көп уақыт пен күш жұмсауды талап етеді, алайда мен әрдайым сахнамен байланысты ұстауға және мүмкін болғанша өнер көрсетуді жалғастыра беруге тырысамын. Бұрынғыдай вокалмен айналысамын, бұл спортшы үшін жаттығулар тәрізді, өзіңді онсыз елестету қиын. Бірақ та қазір мен көпшілікті жаңа есімдермен таныстыруды, дарынды жас әртістерге спектакльдерде сахнаға шығуға мүмкіндік беруді мақсат етіп отырмын.

 

 

— «Астана Опера» опера труппасының дамуын қалай көресіз және оған қайда да бір өзгерістер енгізуді ойладыңыз ба?

 

Барлығымыз да асқақ мұраттарға талпынамыз. Әрине, репертуарға спектакльдердің жаңа атауларын енгізіп, әншілерімізбен жұмыс істеу үшін вокал коучтарын тартқым келеді, халықаралық аудиториямен байланыстарды нығайту бойынша жұмыс істеу ойымызда бар. Күн сайын қойылымдардың жоғары сапасын сақтау бойынша еңбек етеміз. Труппаның құрамына келетін болсақ, түбегейлі өзгертетіндей ештеңе де жоқ, солистердің барлығы да еңбекқор, қарқынды режимде жұмыс істейді. Жас солистерге бағыт-бағдар беріп тұру қажет болады: бір жерде мақтасақ, бір жерде ұрсып та аламыз, дегенмен бұл біздің әдеттегі жұмыс барысымыз.

— Қандай кадрлар тапшы?

 

Тұтас опера әлемі үшін өзекті тақырып – меццо-сопрано мен бас дауыстардың  жетіспеушілігі. Труппамызда тамаша баритондар, керемет тенорлар, әлемдік деңгейдегі сопранолар бар, алайда барлық жерлердегідей меццо-сопрано мен бас секілді сирек дауыстар тапшы болатын. Бұл мәселеде әртістердің жас буыны қолдау көрсетті. Олардың алдында ұзақ жол тұр, әлбетте, жастарды өсіріп, барша жағдайларын жасау қажет.

 

— Бүгінде көрермендер классикалық опералық спектакльге ме, әлде гала-бағдарламаларға ма, қайсысына ықыласпен барады?

 

— Көрермендердің қызығушылықтары сан алуан, сондықтан аудиторияның түрлі талғамдарын қанағаттандыру үшін классикалық опералық туындыларды да, жарқын гала-бағдарламаларды да ұсыну маңызды. Әдетте, гала-бағдарламаларда әрдайым жаңа нөмірлер, сирек орындалатын туындылар таныстырылады, сол себепті галаға әркез қалың көрермен жиналады. 11 театрлық маусым бойы біз елорданың мәдени ортасын қалыптастыру бойынша жұмыс істедік. Біздің тұрақты көрермендеріміз пайда болды, олардың ұлттық классика жауһарлары – «Қыз Жібек», «Біржан – Сара», «Абай» тәрізді сүйікті спектакльдері бар. Айта кету керек, біз ұлттық репертуарды дамытуға зор көңіл бөлудеміз және бұл қойылымдар біздің мақтанышымыз болып табылады. Алайда көрермендердің белсенділігі олардың қалауларына ғана емес, басқа да көптеген  факторларға байланысты: спектакль немесе гала-концерт көрсетілетін апта күні, орындаушылар құрамы және тағы басқалары. Сондықтан біз көрермендердің қандай қойылымға қуана билет сатып алатынына қарамастан, барлығын да орындауға тиіспіз.

— Қазіргі маусымда театр үшін ең өзектісі әрі маңыздысы не?

 

— Біз жоғары сапалы және қызықты спектакльдерді ұсына отырып, көрермендер аудиториясымен байланысты нығайтуды жалғастырдық, сондай-ақ біз театрдың ұзақ мерзімді өркендеуі үшін оның қызметінің шығармашылық аспектілерін белсенді дамытудамыз. Яғни театр өмірін мазмұнды ететін барлық шараларды – халықаралық фестивальдерді, гастрольдік сапарларды, оның ішінде әрине премьераларды ұйымдастырамыз. Он екінші театр маусымы репертуарда жаңа атаудың, яғни С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсының пайда болуымен атап өтілмекші. Спектакльдің барлық музыкалық бөлігі – бұл шлягерлер. Қазір көбі оның опера екенінен де бейхабар, оны халық музыкасы ретінде қабылдайды, демек туынды ең жоғары баға – тыңдармандардың сүйіспеншілігіне ие болды. Премьера әсем ұлттық музыканы дүниеге әкелген ұлы композитордың 100 жылдық мерейтойына арналған. Спектакль көпшілікке ұнайтынына сенімдімін.

— Бүгінде жас дарындарға үлкен сахнаға суырылып шығу оңай ма?

 

— Оңай емес, себебі опера ісі әйткенмен де тар шеңберде мамандандырылған. Және әр 10-15 жыл сайын «қан жаңарту» жүріп тұрады. Труппаның құрамы жақсы баритон, сопрано, меццо-сопрано, тенорлар мен бастардан құралады, олар труппаны жиырма жыл бойы таныстыра алады. Мәселен, алматылық театрдың 90 жылдық тарихы бар және осынау уақыт ішінде жұлдыздардың негізгі құрамының 7 буыны ауысты. Біздің театрда іріктеу 2013 жылы өтті және орындаушылардың құрамы күні бүгінге дейін сақталуда. Жанат Шыбықбаев, Медет Чотабаев, Айгүл Ниязова, Талғат Мұсабаев, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Жаннат Бақтай, Бибігүл Жанұзақ, Айзада Қапонова және тағы басқалары сахнада жарқын өнер көрсетуде, қазір олардың шығармашылық қуаттары нағыз тасып тұрған кез. Десек те, біз әртістердің келесі буынын да дайындап жатырмыз, атап айтсақ, келешегінен зор үміт күттіретін операның бриллианты Дінмұхамед Көшкінбаев, сондай-ақ Азат Мәлік, Әлихан Зейнолла, Ұлпан Әубәкірова, Назым Сағынтай, оларды вокалдық тұрғыда күрделі болмайтын спектакльдерге енгізіп жатырмыз. Театр жанында дарындардың ұстанаханасына айналған Astana Opera Халықаралық опера академиясы жұмыс істейтінін атап өту керек. Академистер үшін бұл үлкен мектеп. Кешегі консерватория түлектері оқуларын біздің академияда жалғастырды. Олардың қазақстандық опера сахнасының жұлдыздарымен бірге сахнаға шығуға, олармен қарым-қатынаста болуға, дайындықтарына баруға мүмкіндіктері бар, яғни олар жұмыс атмосферасына қиналмай, баяу кіріседі. Мәселен, біз оқуды бітіріп, театрға алғаш келгенімізде өзіміздің бірінші маусымымыздың ішінде көптеген партияларды орындап, дайын, қалыптасқан әртіс ретінде жұмыс істеу керек болдық. Сондықтан осы ретте біздің академия тыңдаушыларының жолы болды деп санаймын, олар мұнда барлығын үйренеді (вокал, актерлік шеберлік, тілдерді меңгеріп, шетелдік коучтардың сабақтарына қатысады). Оларда барлық мүмкіншіліктер бар, ең бастысы еңбектенсе болды, сонда қазақстандық операның келешегі зор деп нық сеніммен айтуға болады!