«Астана Опера» театрының сахнасында — «Баядерка»

Людвиг Минкустың «Баядерка» танымал классикалық балетінің ауқымды қойылымы «Астана Операда» елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады. Орта ғасырлық  Үндістандағы ғибадатхана бишілерінің жұмбақ әлемі  мен қайғылы махаббат үшбұрышы жайлы романтикалық аңыз театрдың Үлкен залы сахнасында 26-27 сәуірде өтеді.

Хореографиялық жауһар «Астана Операда» театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі,  Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында жүреді.   Кезінде Алтынай Асылмұратованың өзі де баядерка Никияның басты партиясында көптеген әйгілі сахналарда жарқын өнер көрсеткен және оның орындауы күні бүгінге дейін бетке ұстар орындау болып қала беруде. Әлемдік балет жұлдызының би сызықтарының әсемдігін, қайталанбас мәнері мен трагедиялық кейіпкердің интерпретациясындағы мәнерлі актерлік ойынын театр сыншылары мен асқақ өнерді бағалаушылар кеңінен атап өткен. Алтынай Асылмұратова өз қойылымдарында балет классикасының озық үлгілерін мұқият сақтау позициясын ұстанады және өздеріне  осынау  спектакльді Никия рөлінің барлық уақытдағы үздік орындаушыларының бірінің жеткізіп жатқаны труппа әртістері үшін үлкен бақыт.

Бұл күндері елордалық көрермендер басты кейіпкерлерді көпшілік мойындаған бишілердің, «Астана Опера» театры жетекші солистерінің интерпретациясында көруге мүмкіндік алады. Сонымен, нәзік баядерка Никияның басты партиясында сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева мен Мәдина Өнербаева шығады, ержүрек жауынгер Солордың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан мен Еркін Рахматуллаев таныстырады, ал тәкаппар ханшайым Гамзаттидің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова мен Шұғыла Әдепхан орындайды.

Еркін Рахматуллаев үшін Солордың партиясы – классикалық балеттік репертуардағы эталондық рөлдердің бірі. Жетекші солист өзінің кейіпкері жайлы айтқанда, мінезінің мықтылығына қарамастан, ержүрек жауынгер әрі текті әулеттен шыққан аңшының орын алған жағдайдың құрбанына айналатынын атап өтті. Оның тағдырына көптеген сыртқы факторлар әсерін тигізеді. Оның Никияға деген махаббатының болашағы жоқ еді, себебі Никия баядерка, ғибадатхана қызметшісі, сондықтан оларға жердегі сезімдерге тыйым салынған. Еркіннің пікірінше, Никия Солордың үйлену рәсіміне келген сәтте Солор шарасыз махаббатының барлық күшін және өзінің сатқындық жасағанын түсінеді. Никия Солорды Гамзатти ханшайымымен бірге көреді. Солорды қызына күйеу ретінде таңдаған раджа Дугмантаның қалауымен Солор ханшайымға үйленуге мәжбүр еді.

— «Баядерка» – балеттік қойылымда кездестіруге болатын дүниелердің барлығы да, атап айтқанда драматургиялық тереңдік, актерлік шеберліктегі шығармашылық үшін кең кеңістік, шығыс драмасының нәзік әлемі, махаббат, сатқындық пен өлім бар сирек спектакльдердің бірі. Бұдан бөлек, мұнда көптеген күрделі элементтер енгізілген, оларды орындау үшін мінсіз техникаға ие болу қажет. Бұл балетте таза классиканың болуы да айтарлықтай маңызды, ол үшінші акті, көлеңкелер актісінде көрініс табады.  «Баядерка» балетінің ең қызық жері осы болып табылады, ол сонысымен күрделі, сонысымен ғажап, — деді Еркін Рахматуллаев. – Бұл сан мәрте орындап, әркез өзің үшін жаңа бір нәрсе табуға болатын спектакльдің нақ өзі. Сонымен қатар сахнаға әрбір шыққан сайын сен одан бетер  өсесің, дамисың және  Солордың, Гамзаттидің немесе  Никияның бейнесін және тағы басқаларды түсіндіруде  өзің үшін қандай да бір жаңа бояулар мен нюанстарды табасың. Дәл осы көлеңкелер актісінде мен кейіпкерімнің ішкі жағдайы турасында әрдайым жаңа реңктер табамын. Сүйіктісін жоғалтқан Солор оның кешірімін естуге үлгермей қалғаны үшін өзін кінәлайды.

— «Баядерканы» шексіз тамашалап, одан шабыт пен ләззат ала беруге болады. Ал оған қатысатын әрбір әртіс үшін бұл – мансаптық тұрғыдағы үлкен болашақ. Осы спектакльді қатты ұнатамын, сондай-ақ  Солордың партиясы да мен үшін ең қымбат бейнелердің қатарына кіреді, сондықтан мен өнер көрсетуді тағатсыздана күтемін. Егер белгілі бір уақыт бір спектакльді билемесең, әсіресе ол рөл «сенікі» болса және кейіпкердің бейнесі жаныңа жақын болса, онда сахнада оған дейін бастан өткерген барлық сәттерді есіңе ала бастайсың. Менің соңғы орындауымнан кейін өмірімде біраз өзгеріс болды. Соның нәтижесінде партияға тәжірибелі әртіс секілді неғұрлым байыпты көзқараспен қараймын, бұл рөлдің түсіндірмесін шынайы, көп қырлы және жан-жақты етеді, — деп қорытындылады Еркін Рахматуллаев.

Бұл спектакльде барлығы да:  театрдың симфониялық оркестрінің орындауындағы баурап аларлық эмоциялы музыка, құштарлық қызуы,  үнді джунглиінің қақ ортасындағы көне ғибадатхана мен раджаның салтанатты сарайындағы сәнді бөлмелер түріндегі  жарқын декорациялар, әртістердің түрлі-түсті костюмдері, керемет хореографияның шебер орындалуы бір-бірімен байланысты екенін атап өтуіміз керек. Ал көлеңкелер патшалығындағы әйгілі сахнада,  яғни  айдың жарығында құздың арасынан ауада қалқып бара жатқан көлеңкелер тәрізді салмағы жоқ, ғажайып балериналар пайда болған кездегі кордебалеттің жүріс-тұрыс әсемдігі мен жеңілдігі, ұшталған үйлесімділігі көпшілікке ұмытылмас әсер қалдырады. «Астана Операдағы» балет өнерінің мерекесі көрермендерге ғажайыпқа енуге мүмкіндік пен естен кетпес эмоциялар және шалқар шабыт сыйлайды.

Спектакльдің басталуы 26 сәуір 19.00-де, 27 сәуір 18.00-де.