«Астана Опера» театрының тігіншілері

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы ретте жұмысшы маман дегенде ең алдымен ірі зауыттар мен кәсіпорын қызметкерлері ойға оралатыны рас. Алайда елордалық театрда да өмірін жұмысшы мамандыққа арнаған жандар аз емес. Біз бүгін «Астана Операның» тігін цехында еңбек етіп жүрген тігіншілер жайлы сөз етпекпіз.

Қазіргі таңда театрдың тігін цехында тігіншілерді, олардың көмекшілерін, киім пішушілерді, технологтарды, мамандарды және цех меңгерушісін қосқанда барлығы 20 адам еңбек етеді.

Біздің алғашқы кейіпкеріміз – бас киімдерді пішуші Дина Джакиенова. Ол бұл салаға осыдан 43 жыл бұрын жүрек қалауымен келген екен. Сағат тіліндей сырғыған осы жылдардың жартысын ол театрдың тігін цехында еңбек етумен өткізіп, өз ісінің нағыз білгіріне айналған. Әуелі К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында жұмыс істеп, кейін 2013 жылы елордада еңселі «Астана Опера» бой көтергенде бір топ әріптестерімен бірге осы театрға ауысқан.

– Жеке тігіншінің жұмысына қарағанда театр тігіншісінің жұмысы мүлде басқа. Біз костюмдер бойынша суретшілер салған сызбалар бойынша жұмыс істейміз. Осы ретте италиялық костюмдер бойынша суретші, «Достық» орденінің кавалері Франка Скуарчапиномен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетовамен және Павел Драгуновпен, басқа да атақты дизайнерлермен қоян-қолтық жұмыс істегенімізді атап өткім келеді. Опера солистері мен балет солистеріне арналған костюмдерді тігу әдісі екі бөлек.  Әртістер сахнада өздерін ыңғайлы сезінуі үшін үстіндегі костюмінде ешқандай кемшілік болмауы тиіс. Костюмдері олардың көңілінен шығуы үшін барымызды саламыз, – деп әңгімеледі Дина Джакиенова. – Өзім тігінші болғаннан кейін, маған киім тігіп берші деп қолқа салатындар болады, алайда мен театр цехындағы негізгі жұмысымды ғана ойлауға тырысамын. Өз ынтамды тек істеп жүрген жұмысыма арнаймын.

Бас киім тігудің костюм тігуден бір ерекшелігі – мұнда толығымен қол еңбегі талап етіледі. Сонау 80-ші жылдары әуелі Арқалықтағы техникалық училищеде ерлер киімін тігуге машықтанған Дина Джакиенова бас киім тігуді Шымкентте бес айлық курста меңгеріп алыпты. Біз барғанда ол театр репертуарына жаңадан қосылған «Аралым», «Тойбастар» және «Әлем» нөмірлеріне бас киімдер жасап жатқан еді. Бұл бас киімдерге қарап Дина Джакиенованың бойына қолөнерлік қасиет те молынан дарығанын аңғардық.

– Егер тігуге сүйіспеншілігің болса, киімді, бас киімді – барлығын да тігуге болады. Жұмысың өзіңе ұнағаннан кейін уақытпен де санаспайсың, оның қиыншылықтарына да төзесің. Жастарға айтарым, жұмысшы мамандықтарды меңгеруден ешқашан да қашпаңыздар. Олардың бірі – тігінші кәсібі де зор құрметке лайық мамандық, – деп қорытындылады Дина Джакиенова.

Бар саналы ғұмырын тігін тігу ісіне арнап келе жатқан костюм тігу бойынша шебер Гүлбану Мұқанова да әріптесімен толық келіседі.

– «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Жұмыс барысында ештеңе байқалмайды, ал костюмді тігіп бітіргеннен кейін оған қарағанда көзің тояды, өз-өзіңе риза боласың. Спектакльдің дайындықтары кезінде біздің қолымыздан шыққан костюмдерді киген әртістерді көргенде қатты қуанасың. Бір костюм – бұл қаншама мамандардың, атап айтсақ дизайнерлер мен технологтардың, тігіншілердің бірлескен жұмысының нәтижесі, – деп әңгімеледі Гүлбану Мұқанова.

Ине мен жіптен бөлек, тігіншінің тағы бір негізгі құралы – тігін машинасы. Шебер Гүлбану Мұқанова осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын жұмысқа енді кіріскенде мүлде басқа тігін машиналарын қолданғанын айтты. Ал қазіргі заманауи тігін машиналарында бірнеше функциялар болғандықтан, тігіншінің жұмысы әлдеқайда жеңілдеген.

– Қазір жібін де алмай тіге беретін машиналар бар. Біздің кезімізде тігін машиналарында жарық болмайтын, ал қазіргілер толығымен жарықтандырылған. Бұдан бөлек, бұрын матаны үтіктеудің өзіне қаншама уақыт кететін еді, – деп еске алды тігінші.

Бізбен әңгіме барысында бас киімдерді пішуші Дина Джакиенова да, костюм тігу бойынша шебер Гүлбану Мұқанова да биыл құрметті зейнет демалысына шығатындарын айтты. Бүгінде олар бар білген-түйгендерін, мол тәжірибелерін жас мамандармен бөлісуде. Осы орайда «Астана Опера» жанында балаларға арналған театрлық қолөнер   студиясы жұмыс істейтінін, онда  қыздар шеберлерден тігіншілікті үйреніп жүргенін атап өтуіміз керек. Ертеңгі күні бұл балғындардың да бір-бір жұмысшы мамандықты меңгеретініне сенім мол.

«Астана Опера» театрындағы тігін цехында тәжірибелі тігіншілердің өкшесін басып келе жатқан жас мамандардың бірі – Айгерім Жаңабергенова. Ол Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін костюмдер бойынша суретші мамандығы бойынша тамамдағаннан кейін тәжірибе жинақтау үшін елордалық театрға жұмысқа орналасқан.

– Жұмысты төменнен бастап көрген дұрыс, сол кезде процестің қалай жүретінінен хабардар боласың. Егер өз ісіңді жақсы көрсең, одан міндетті түрде нәтиже шығаруға болады деп ойлаймын. Менің «Астана Операның» тігін цехында істеп келе жатқаныма екі жылдан асты, жұмысым өзіме ұнайды. Әр премьера сайын жаңа костюмдер тігеміз. Әуелі сызбаға қарап, технологпен ақылдамасыз, содан кейін ғана тігуге кірісеміз. Қандай да бір нәрсені білмей жатсам, мұндағы тәжірибесі мол әріптестерім үнемі көмек қолын созып отырады, олардан үйренерім көп. Келешекте өзімнің жеке тігін цехымды ашқым келеді, – дейді костюм тігу бойынша шебер Айгерім Жаңабергенова.

Оның ойынша, тігінші мамандығы ешқашан да сұраныстан қалмайды, себебі бұл қоғамға өте қажет кәсіп. Тіге білетіні Айгерімге өмірде де көп көмегін тигізеді екен, мысалы ол сөмке, шалбар немесе сырт киім болсын, барлық керек киім мен аксессуарларды өзі тігіп алатынын айтты.

Осылайша, «Астана Операдағы» жұмысшы мамандықтар жайлы материалдар топтамасы аясында бүгін театр тігіншілерінің жұмысымен таныс болдыңыздар. Алда оқырмандарды театр шымылдығының ар жағында еңбек етіп жүрген аспаз, электршілер және тағы басқа мамандықтар туралы мақалалар күтеді.