«Астана Опера» Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбеде гастрольмен өнер көрсетеді

«Астана Опера» театрының опера труппасы және оркестрі Ақтөбеге гастрольге аттанады. Елордалық әртістер 11 сәуірде «Өнер орталығы» концерт залының сахнасында «Астана Опера» жұлдыздары» гала-операсын, сондай-ақ жас көрермендерге арналған «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» концертін ұсынады. Гастроль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен өтеді.

Айта кетейік, «Өнер орталығы» ғимаратында Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония орналасқан. «Астана Опера» әртістері мұнда алғаш рет өнер көрсеткелі жатқан жоқ: 2022 жылы театр ERG компаниясының қолдауымен зауыт және кәсіпорын жұмысшыларына Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-буффасын ұсынған еді. Бұл жолы да «Астана Опера» концерттерінің көрермендері жұмысшы мамандық өкілдері мен олардың отбасы мүшелері болмақ.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Сондықтан біз «Астана Операның» осынау маңызды оқиғаның бір бөлшегіне айналатынына қуаныштымыз және гастрольді ұйымдастырғаны үшін ERG компаниясына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл өнер көрсетуді ақтөбеліктер ғана емес, біздің әртістеріміз де асыға күтуде, өйткені гастроль – асқақ өнерді насихаттауға тамаша мүмкіндік. Жұмысшылар әртістеріміздің өнер көрсетуінен ләззат ала алады. Ал таңертеңгілік концертке келетін бүлдіршіндердің келешекте театрымыздың тұрақты көрермендеріне айналуы ықтимал, – деп атап өтті «Астана Опера» дирекциясында.

— Біз өзіміздің өндірісімізді дамытып қана қоймаймыз, сонымен қатар өңірлердегі әлеуметтік және мәдени жобаларды дамытуға көмектесеміз, — деді Қазақстандағы Eurasian Resources Group бас директоры Серік Шахажанов. – Біздің көптеген қызметкерлеріміз туған қалаларымызда «Астана Операның» гастролін қайталауымызды сұрады. Бұл көптеген жандар үшін асқақ өнермен жанды орындау арқылы танысуға мүмкіндік, оның үстіне театр өзінің үздік қойылымдарын алып келеді. Ақтөбеден кейін әртістерді Рудныйда және Павлодарда күтеді.

Сонымен, Ақтөбеге «Астана Опера» опера труппасы солистерінен және симфониялық оркестр музыканттарынан құралған жұлдызды топ аттанады. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – опера труппасының директоры Талғат Мұсабаев, жетекші солист Айгүл Ниязова, театрдың симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов, сондай-ақ флейталар тобының концертмейстері Алексей Косырев, опера труппасының солистері Салтанат Мұратбекова, Назым Сағынтай, Әсем Сембина, Рамзат Балакишиев, Артур Ғабдиев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Шыңғыс Расылхан және тағы басқалары бар. Бұл кеште театрдың симфониялық оркестрін Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин басқарады. Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Долорес Үмбетәлиева орындайды.

Гала-опера М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Айтыс сахнасымен ашылып, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің термесімен, Толқыма, Гәкку және Шашу сахналарымен жалғасады. Сондай-ақ көрермендер А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Абайдың ариясын, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Сараның ариясын, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасын тыңдайды. Қазақстандық классиктердің туындылары, оның ішінде А.Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», М.Ержановтың «Қуанамын», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері гастрольдік бағдарламаға көрік береді. Бұдан бөлек, осынау кеште И.С.Бах, Дж.Россини, Дж.Верди, Г.Доницетти, Дж.Пуччини, Ж.Массне, П.Чайковский сынды шетелдік композиторлардың әйгілі туындылары да шырқалады.

– Гастроль шығармашылық ұжым үшін қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады және біздің әрбір сапарымыз бір-біріне ұқсамайды. Әртістер көрермендермен кездесуге әрдайым қуанышты және оларды шаттыққа бөлеп, ұмытылмас жарқын эмоциялар сыйлау үшін өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетуге дайын! Әрине, опера театры Қазақстанның әрбір қаласында жоқ, алайда мен Ақтөбеде вокалдық опера музыкасын ұнататын жандар бар екенін білемін. Өз кезегінде «Астана Опера» театры оларға осынау керемет өнер жанрына бойлауға әрі онымен танысуға мүмкіндік беру үшін аталмыш концерттік бағдарламаны ұсынатынына қуанышты. Опера труппасы театрдың жетекші солистерінің қатысуымен Гала-концерт дайындады. Ақтөбелік көрермендер үшін қазақ және шетел композиторларының әйгілі опера жауһарлары ұсынылады, – деді «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Мұсабаев.

– Әрине, қазіргі цифрландыру кезеңінде және контент электрондық поп музыкамен толығып жатқанда, біз жанды үні және өзіне тән ерекшелігі бар классикалық опера музыкасын насихаттауымыз керек, себебі онда ғасырлар бойы жиналған эстетикалық, адамгершілік және рухани құндылықтар бар. Классикалық музыка әрбір жанды рухани тұрғыда байытады және ол жасампаздық сипатқа ие, қазіргі кезде барлығымызға жетпейтіні де – осы, – деп қорытындылады танымал баритон Т.Мұсабаев.

Жас көрермендерді «Астана Операның» «Театрға саяхат» балаларға арналған топтамасынан «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» концерті күтеді. Мұнда балалар түрлі музыкалық аспаптармен танысып, олардың әуен шығарып қана қоймай, көркем бейнелерді де сала алатынын біледі. Өнер көрсету кезінде құммен салынатын суреттер мен ұлы суретшілердің картиналары экран арқылы көрсетіліп, балалардың музыка өнері жайлы білімдерін толықтыра түспек.

Опера труппасы солистері мен Камералық оркестр әртістерінің орындауында Л.Хамидидің «Бұлбұл», К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» сюитасынан «Ұзын құлақты батырлар», М.Глинканың «Жолда айтылатын ән» туындылары шырқалады. Сонымен қатар Ф.Шуберт, Дж.Россини, Н.А.Римский-Корсаков, Й.Гайдн, И.С.Бах, А.Вивальди мен Л.Андерсонның шығармалары да концерт бағдарламасынан айрықша орын алған.

«Астана Опера» театрының Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы гастролі мұнымен бітпейтінін атап өтуіміз керек. Ақтөбедегі өнер көрсетуден кейін елордалық әртістерді Рудный мен Павлодардағы концерттер күтеді.

Telegram-канал: «Астана Опера» Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбеде гастрольмен өнер көрсетеді