«Астана Операда» қаһармандар мен зұлымдардың бейнесі қалай жасалады

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз сахна әртістерінің тылында жүріп, еңбегі камера объективтеріне сирек ілінетін жандар турасында әңгімелеуді жалғастырамыз. Бүгінгі бағытымыз – театр ғажайыбы бастау алатын орын – «Астана Опера» театрының гримдеу цехы.
Бұл күндері мұнда ерекше жинақы күй орнаған: театр 5 және 6 қарашада өтетін Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсына дайындалуда. Сахнада жарық қойылып, декорациялар тексеріліп жатқанда, бұл жерде кейіпкерлер – бүкір шалдың, арсыз герцогтың, бейкүнә Джильданың бейнелері жасалып жатыр.
– Біз гриммен, шашпен, бір сөзбен айтқанда бәрімен айналысамыз. Әртістерді сахнаға дайындаймыз, – дейді үстелге банкалар, қылшақтар мен алуан түрлі құтыларды тізіп отырған суретші-гример Әсел Жақыпова. Ол ондаған премьераны өткеріп, көптеген бейне жасаған және мыңдаған әртістің алғысын арқалаған…
– Спектакль басталар алдында бәрі дайын болу керек, – дейді ол. – Әртіс күтіп қалмауы тиіс. Олар алдымызға қобалжып, толқып келеді – біз одан сайын үдетпей, толқуын басуымыз қажет.
Онымен әңгімелесіп отырған театр солисі, меццо-сопрано Елена Ганжа күлімсіреп, басын изеді: – Әртістің көңіл күйі грим мен шаш үлгісін қалай қабылдағанына тікелей байланысты. Егер сәтті шықса – сахнада ұшып жүресің. Ал ойдағыдай болмаса… енді, қыздарға қиын. Бәрімізде мінез бар, сахнаға шығар алдында жүйкеміз сыр береді, кейде шәлкестік көрсетіп те жатамыз. Мен үнемі айтып жүремін: бұларға көзі тірісінде-ақ ескерткіш орнату керек.
Әсел жай ғана күлімсіреп: – Сахнада екінші дубль болмайтынын жақсы түсінеміз. Бәрі бірден дәл орындалуы тиіс. Әрине, әртістердің эмоциясы мықты. Бірақ біз де өзімізді ұстай білгеніміз жөн. Кейде психолог та болып кетеміз.
«Гримдеушілердің әрдайым әсер ететін сөздері бар ма?» деген сұраққа Елена Ганжа ойланбастан жауап берді: – Бізге: «Бүгін Сіз ең сұлусыз!» – десе болды, әртістердің бәрі балаша қуанып, ән айтуға асығады.

Алайда шымылдық түрілгеннен кейін де гримдеушілер ешқайда кетпейді. Олар сахна сыртында қалып, парик түзеуге, мұрт не сақал жапсыруға, тер сүртуге немесе бояп жіберуге дайын тұрады.
– Репетиция кезінде біз мүмкіндігінше залға кіріп көруге тырысамыз, – дейді Әсел. – Гримдеу бөлмесінде әдемі көрініп тұрған нәрсе сахнада мүлдем басқаша болуы мүмкін. Түс, жарық – бәрі өзгеруі ықтимал. Бірақ көбінесе сахна сыртында қаламыз: әртістерге дәл осы жерде қажетпіз.
Суретші-гример Назым Әбубәкір театрда алты жылдан бері жұмыс істейді. Ол көп сөйлегенді ұнатпайды – жұмыс жасағанды жаны сүйеді.
– Мен «қолыммен ойлаймын», – дейді ол. – Бетті аламын – болды, басқа әлем жоқ. Үй де, мәселе де жоқ, тек таза кенеп бар. Көзіне қараймын да – шабыт аламын.
Ол әртістің қасын асқан ұқыптылықпен түзеп, соның арасында бас изеп жатыр:
– Небәрі отыз секундта жасалатын оңай грим болса да, олар бәрібір грим жасатуға келеді. Бұл ритуал. Онсыз әртістер кейіпкер бейнесіне ене алмайтындай күйде болады. Сол себепті адамның жан дүниесіне үңіліп, оның көңіл күйін сезіну керек. Сонымен бірге қоюшының эскизінен алшақтамау қажет. Әзірге бәрі дән риза, – деп жымияды ол.
Суретші-гример Ажар Хасенова сценография факультетін тамамдаған, сөйтіп өнерге деген құштарлық оны театрға жетелеп әкелді. – Мен әрдайым балет пен музыканы ұнататын едім. Енді, міне, дәл ортасына тап болдым. Біз қойылымға басынан – алғашқы дайындықтардан премьераға дейін қатысамыз ғой. Кейіпкер бейнесінің пайда болғаны, әртіс бойындағы өзгерістер көз алдымызда өтіп жатады.
Ол жұмысын енді бастаған кезін еске алады. – Алғашқыда миманспен жұмыс істедім. Бұл дұрыс – алдымен эпизодтық партиялар, одан кейін салмақты рөлдер. Бірінші үлкен жұмысым «Кармен» болды. Мен хор әртістерінің шаш үлгілерін жасадым. Балаша қуанғаным әлі есімде. Бәрі ойдағыдай шығып, қолымнан келетініне көзім жеткенде, ары қарай оқығым келді.
Ұстаздар шәкірттерін қадағалағандай, гримдеушілер де әртістердің өсіп, қалыптасуын жақыннан көреді. – Біреулер өрімдей жас шағында келіп, сосын солист, жұлдыз болады… артынша кетіп жатады. Біз осының бәрін байқап отырамыз – қуанамыз да, мұңаямыз да. Бұл театрдың тыныс-тіршілігі.
«Астана Опера» гримдеу цехын Серік Басбаев басқарады. Оның командасында небәрі тоғыз шебер болса да, әр спектакльде ондаған бейнені жасау олардың мойнына жүктеледі. Қойылым ерекше партияларды қамтығанда мамандар өзгеше шығармашылық қайтарымды сезінеді. Мұндай гримді шеберлердің өздері «қызықты» деп атайды. – Күрделі емес, – деп бірден түзетті олар. – Қызықты. Себебі мұнда толық түрлену қажет. Кейін адамды дауысы шықпайынша тани алмай қаласың.
«Ұйқыдағы ару» балетіндегі Карабос перісі, «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балетіндегі ергежейлілер, «Сильфида» балетіндегі Мэдж және тағы басқа кейіпкерлер мұндай жағдайды басынан өткерді.
– Біз бетті боямаймыз, – деп түсіндіреді гримдеушілер. – Әртіс өзін ұмытып, кейіпкерге айналуы үшін біз оған бейнеге енуге көмектесеміз.
Бүкірлік, тәж, қан, бұрым немесе әжім – осының бәрі осы жерден бастау алады, онда грим, лак және театрға шынайы қалтқысыз сенімнің хош иісі аңқиды! Сондықтан болар, әрбір спектакльдің алдында гримдеу бөлмесіне қолдау алып, өзіне деген сенімділігін нығайтуға әртістер бас сұғады. Ал олардың жұмыс нәтижесін жақын арада – 5 және 6 қарашада «Риголетто» операсында тамашалауға болады, онда керемет әртістер Медет Чотабаев пен Саян Исин дебют жасайды.


