«Астана Операдағы» Халықаралық әйелдер күні

Жыл сайын Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Астана Операда» ерекше атмосфера салтанат құрады. Мерекеде театр арулары бал-бұл жайнап, жүздерінен шаттық пен қуаныш лебі еседі. Әлбетте, мұндай көтеріңкі көңіл күйді жасауға театрдың ер-азаматтары көмектеседі. Осы ретте опера мен балет труппаларының әртістері, сондай-ақ оркестр музыканттары әріптес әйелдерді 8 Наурызбен құттықтауға қалай дайындалатындарын айтып берді.
«Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев 8 Наурызды әріптестерге арналған музыкалық тартусыз елестету мүмкін емес екенін, сондықтан әртістер әйелдер қауымын өз өнерлерімен жылда қуантатынын атап өтті.
– Бұл күні біз театр директорының басшылығымен К.Байсейітова атындағы Камералық залда әріптестерімізді мерекелерімен құттықтаймыз. Театрда еңбек етіп жүрген арулар біздер, ер азаматтар үшін – әріптестер, ал көрермендер үшін олар – сүйікті әртістер. Репертуарымыздағы кез келген туындының оқиға желісінің негізінде мықты, уайымдаушы, жақсы көруші, өзін құрбан етуге немесе барлығына қарсы тұруға дайын әйел тағдыры жатады. Бұл Сара, Жібек, Тоска және Одетта, аталмыш кейіпкерлердің бейнелері адалдық, парыз бен еркіндік сынды мәңгілік тақырыптарға толы. Ал өз отбасыларында біздің әртістеріміз – адал жар, аяулы қыз және ең бастысы, ардақты ана. Әйел өмірге бала әкеліп қана қоймайды, сондай-ақ оны тәрбиелейді, аялы алақанына салып мәпелейді. Тіпті балалары әлдеқашан ер жетсе де, оларға көмек қолын созудан жалықпайды. Менің ойымша, егер әйел бақытты әрі дені сау болса, отбасында да құт-береке мен тыныштық орнайды. Сондықтан көктемнің шуақты күнінде мереке иелеріне әйел бақыты мен мықты денсаулық тілегім келеді. Әрдайым сұлу әрі жас қалыптарыңыздан танбай, шуақты көктеммен бірге сіздер де құлпырыңыздар. Жылулықтарыңыз бен мейірімділіктеріңізді, махаббаттарыңызды біздерге, ер азаматтарға тарту етіп жүре беріңіздер, – деді танымал баритон Талғат Мұсабаев.
«Астана Опера» симфониялық оркестрі фагот тобының концертмейстері Әсет Нелдібаев жыл сайын театрдағы ер азаматтар әріптес аруларға мерекелік дастарқан жаятынын айтты.
– Жыл сайын біз әйелдер қауымына арнап концерт қоямыз, гүл шоқтарын сыйлаймыз. Бұдан бөлек, өз арамызда оркестрдегі әріптестеріміз үшін жеке мерекелік құттықтау ұйымдастырамыз. Оркестр құрамында нәзік жандылар өте көп, олардың әрбіреуі ұжымда өздерінің лайықты орны бар өте дарынды музыканттар. Біреуімен әріптес ретінде сыйлассам, енді біреуімен жақын дос ретінде араласамын, – деп атап өтті Әсет Нелдібаев.
– Біз әйелдерді нәзік дейміз, шын мәнінде олар өте мықты. Мен әйелдерді мейірімділікпен байланыстырамын, себебі олар үнемі айналасындағылардың көңілін жұбатып жүреді, біреудің қиналғанын көрсе, көмектеспей кете алмайды. Біздің сүйкімді аруларымыз осы қасиеттерін ешқашан жоғалтпаса екен деп тілеймін. Олардың өмірде арқалап келе жатқан жүгі өте ауыр, сондықтан әйелдер ең шынайы құттықтауға және керемет салтанатқа лайық деп ойлаймын, – деп пікірін қосты музыкант.
Әріптестерінің құттықтауларына балет труппасының әртісі Жансерік Ахметов те қосылды.
– Қымбатты арулар, 8 Наурыз – сіздер үшін ерекше күн! Жер бетіндегі барлық сұлулық, жылулық пен махаббат сіздердің жүректеріңізден орын алған. Сіздер өмірімізді нұрландырып, жанымызды жылытып, әлемді көркем етесіздер. Жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден қуаныш ешқашан кетпесін. Барлық армандарыңыздың орындалуын тілеймін. Атқарып жүрген істеріңізге деген шабыттарыңыз бен ықыластарыңыз ешқашан ортаймасын.
Сондай-ақ балет бишісі әріптестеріне мерекелік тосынсый жасауға әлеуметтік желілер мен жасанды интеллекті көмектесе алатынын айтты.
– Анама, әпкеме, қарындастарыма ініміз екеуіміз бірлесіп түрлі сыйлықтар аламыз, үйде романтикалық атмосфера жасауға тырысамыз. Ал балет труппасындағы қыздарды жылда ұжым жігіттерімен қосылып құттықтаймыз. Арулардың шаттанған жүздері мен риясыз күлкілерін көргенге не жетсін! Сондықтан ерекше құттықтау болу үшін қиялға ерік беріп, гүл шоқтары мен сыйлықтар сыйлап, жүрекжарды тілегімізді білдіреміз, – деп қорытындылады Жансерік Ахметов.
Елордалық театр әртістерінің Халықаралық әйелдер күніне қалай дайындалатынын білдік. Ал сіз өзіңіздің әріптесіңізді немесе сүйіктіңізді қалай құттықтасаңыз да, әйел үшін ең бағалысы – сіздің бір ауыз жылы сөзіңіз бен қамқорлығыңыз екенін ұмытпаңыз!