«Астана Операдағы» күзгі карнавал

«Астана Операның» К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахнасы үшін жасалған «Piccolo» театры танымал жобасының жетістігіне жарқын әрі мазмұнды спектакльдер себеп. Ондағы шағын форматтың нәтижесінде көрермендер аудиториясы өрбіген іс-әрекеттің бір бөлшегіне айналғандай болады. Осынау жобаның қызықты қойылымдары – Дж.Россинидің «Жібек саты», Д.Чимарозаның «Жасырын неке» және Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» опералары тыңдармандардың назарына театрдың күзгі афишасында таныстырылады.

Бұл спектакльдер – 2019 жылдан бері жас дарындарға шығармашылық зертхана ретінде қызмет етіп келе жатқан бірегей жобаның бөлшегі. Камералық сахнада опера солистерімен қатар, мансабын енді бастаған қазақстандық вокалистер де өз күштерін байқап көреді. Олар опера өнері шағын форматта да соншалықты қызықты әрі көркем болатынын паш етеді.

– «Piccolo» театрын камералық театр жанрына жатқызуға болады. Мұндай жобалар барлық театрда бола бермейді. Сондықтан «Астана Операдағы» «Piccolo» театрының артықшылығы – камералық атмосфераны құрауында деп ойлаймын. Мәселен, сахнада жүрген әртістердің барлығы көрермендерге жақын болады. Осының арқасында көрермен әр орындаушының эмоциясы мен мимикасын байқай алады. Ал Үлкен залда ондай мүмкіншілік әрдайым бола бермейді: егер бинокльмен қарамаса, былайша тым жақыннан көру мүмкін емес. Осылайша «Piccolo» театрында көрермендер мен әртістер ерекше бірігеді, – деп әңгімеледі «Жібек саты» спектаклінің дирижері Руслан Баймурзин. – Жас солистерге бұл жобаның қажеттілігі өте зор. Театрдың репертуары негізінен бельканто мектебінен құралады, бұл Дж.Россини, Г.Доницетти сынды композиторлардың туындылары. Бұдан бөлек оған барокко дәуіріндегі көптеген авторлардың шығармалары да кіреді. Мұндай мәнердегі операларды айту оңайға түспейді: орындаушы техникалық жағын да, стильдік жағын да бірдей алып кетуі керек болады. Жас әртістерге мұндай тәжірибе өте қажет. Камералық зал сахнасындағы өнер көрсету кезінде олардың өз өнері мен кәсіби деңгейін жетілдіруі үлкен сахнаның төріне шығуға дайындалуға оң ықпалын тигізеді.

– «Piccolo» театрының репертуарында бірнеше опера ұсынылған. Олардың қатарында Дж.Россинидің «Жібек саты», Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» және «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні», Д.Чимарозаның «Жасырын неке», А.Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» опералары бар. Сондай-ақ Т.Бейсембектің «Самұрық келген таң» балаларға арналған музыкалық ертегісін, Ц.Кюидің «Етік киген мысық» операсын атап өтуге болады, – деп қорытындылады дирижер.

Елорда үшін керемет бельканто дәуіріне бойлайтын сәт 19 және 21 қазанда Дж.Россинидің «Жібек саты» операсынан басталады. Бұл бір актілі спектакль көрермендерді мерекелік жұмбағы, қызықты шытырман оқиғалары мен шадыман шаттығы астасқан венециялық карнавалдың ортасына алып барады. Жарқын әрі сәнді костюмдер мен жұмбақ маскалар қайталанбас атмосфера жасайды. Онда кейіпкерлер көрермендерді өздерінің күлкілі жайттарының иіріміне оңай еліктіріп әкетеді. Мұнда әртістердің өнері жан жақты сыналады: шынайы күлкіні туғызу үшін мінсіз вокалдық техника ғана емес, сондай-ақ нағыз актерлік шеберлік, көрерменмен ым-ишарат тілінде сөйлесе алатын қабілет қажет.

Дж.Россиниден кейін эстафетаны өзінің «Жасырын неке» танымал операсымен Д.Чимароза қабылдайды, ол маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен ұсынылмақ. Бұл опера-буффаның көрсетілімі 1 қарашаға жоспарланған. Осынау комедия бірнеше ғасыр бойы әлемнің үздік театрларының сахнасынан түспей келеді. Оны орындау әншілерден жоғары сахналық тәжірибе мен әзіл-оспақты түсіне білу қабілетін талап етеді. Д.Чимарозаның тамаша әрі жарқын музыкасы таңғаларлық қасиетке ие: ол уақыттың шектеулерін жойып, көрерменге XVIII дәуірге оңай  ауысуға мүмкіндік береді, күнделікті күйбең тірлікті ұмыттырып, таңдаулы өнермен толықтай рақаттануға жағдай жасайды.

Ал 13 қараша күні тыңдармандар Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» үлгілі комедиялық операсын тамашалай алады. Көркем де әсерлі спектакль тапқыр әзіл мен тың шешімдерге толы, ал вокалдық интерпретация тұрғысынан опера айтарлықтай күрделі, сондықтан да көрнекті италиялық композитордың туындысы белькантоның ең нәзік әрі талапшыл үлгілерінің бірі болып саналады. Оқиға желісіндегі кейіпкерлер тап болған айла-әдіс пен шытырман аясында көрермендер комедиялық жанр шеңберінде де кейіпкерлердің шынайы адами сезімін толық сезіне алады.

«Piccolo» театры операның сан алуан болатынын анық көрсетеді. Бұл соншалықты ғаламат әрі ықшам, тұңғиық әрі өткір ойлы бола алатын өнер. Спектакльдердің басталуы 18:00-де және 19:00-де.