«Астана Операның» XI маусымдағы жарқын оқиғалары

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен К.Вебердің «Ерікті мерген» операсының концерттік орындаудағы премьерасы «Астана Операның» XI театр маусымының жарқын қорытындысына айналды. Осы маусым атап өтуге тұрарлық көптеген маңызды оқиғалармен және таңғалдырарлық гастрольдермен есте қалды.

Маусым Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінің премьерасымен басталды, төрт күн бойы – 29 қыркүйектен 3 қазанға дейін көрермендер мүлде әртүрлі орындаушылар құрамының жұмысына баға беруге мүмкіндік алды, бұл театр дарындарының сан алуандылығын паш етті.

Ағымдағы жылдың сәуір айында опера труппасы К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Г.Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» комедиялық операсының премьерасын ұсынды, көпшілік бұл спектакльді зор ықыласпен қабылдады.

Бұдан бөлек, «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында отандық балетмейстерлердің қойылымында ұлттық балеттік нөмірлердің премьералары өтті, бұл ұлттық мәдениетті қолдаудың және дамытудың маңыздылығын көрсетті.

Сәтті сапарлар

Театрдың гастрольдік кезеңі де керемет болды, ол былтыр қыркүйекте «Астана Опера» үшін маңызды тур – Грузияға шығармашылық сапардан басталды. «Тбилисидегі дала үні» концерті Ш.Руставели атындағы Ұлттық мемлекет­тік академиялық театр сахнасында ойдағыдай өтті. Көрермендер қазақстандық әртістерді жылы қарсы алды, ал олардың көрсеткен өнері қос ел үшін маңызды мәдени оқиғаға айналды.

Қарашада театр труппасы Мәскеуге аттанып, ол жақта «Музыканы көру» VIII халықаралық музыкалық театрлар фестиваліне қатысты. Дж.Россинидің «Жібек саты» спектаклі қалың көрермен жинап, музыка сыншыларының жоғары бағасына ие болды, бұл өз кезегінде «Астана Опера» әртістерінің жоғары кәсіби шеберліктері мен дарындарын дәлелдеп берді.

Желтоқсан жаңа жетістіктер кезеңіне айналды: театрдың балет труппасы, оркестрі алғаш рет «Дубай Опера» басшылығының арнайы шақыруымен Дубайда өнер көрсетті, гастроль осы «Дубай Опера» сахнасында өтті. Бағдарламада Араб Әмірліктерінің хор әртістерімен бірге Г.Ф.Гендельдің «Мессия» ораториясы, сондай-ақ П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінің бес спектаклі көрсетілді. Бұл оқиға театрдың өнер көрсетулер географиясын кеңейтіп қана қойған жоқ, сонымен қатар оның халықаралық беделін де нығайта түсті.

«Астана Опера» хоры да еліміздің мәдени өмірінде өзінің ізін қалдырды. Бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен әртістер Қарағандыда гастрольмен өнер көрсетті. 25 мамырда «Шалқыма» концерт залында шығармашылық ұжым Дж.Пуччинидің «Messa di Gloria» туындысын таныстырды.

Гастрольдер тізбегінің соңы балет труппасының Словения астанасы Люблянадағы 72-ші халықаралық жазғы фестивальге сапары болды. «Астана Опера» труппасы А.Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» балеттік спектаклін ұсынып, көрермендер мен сыншылардың оң пікірлерін туғызды. Осылайша театр тарихына тағы бір жарқын бет қосылды.

Сондай-ақ «Астана Опера» да өз сахнасында танымал қонақтарды қарсы алды. 2023 жылғы 22 қарашада Өзбекстаннан Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театр опералық және балеттік нөмірлер енген ауқымды Гала-концерт ұсынып, елорда тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты.

«Астана Операдағы» театр маусымы шақырылған жұлдыздардың қызықты өнер көрсетулерімен де есте қалды. 17 ақпанда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Мадина Файзиева ұлы композитор Сергей Рахманиновтың 150 жылдық мерейтойына арналған жеке концерт берді. Оның фортепианолық туындыларды шебер орындауы көрермендерді баурап, ұмытылмас әсер қалдырды.

Араға уақыт салып, 16 сәуірде осы зал сахнасы париждік жас әнші әрі композитор Габи Артманды қарсы алды. Контрабасшы Элен Бомон, баранбаншы Бруно Марми және пианист Флориан Робэн сынды музыканттардың сүйемелдеуімен Габи көпшілікке вокал мен аспаптық музыканың бірегей үйлесімділігіне толы ерекше бағдарлама ұсынды. Концерт заманауи музыкалық өнерді бағалайтын жандар үшін нағыз мерекеге айналды.

Біздің жетістіктеріміз

Есте қаларлық оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі тағайындаған өнер саласындағы Umai-2023 екінші ұлттық сыйлығы. Салтанатты рәсім «Астана Опера» сахнасында өтіп, мұндай байқау-сыйлықтардың еліміздің мәдени өміріндегі маңыздылығын көрсетті.

Маусым марапаттарсыз өтпеді: театр спектакльдері түрлі аталымдарда мәдениет, өнер және спорт саласындағы жетінші Ticketon Award қазақстандық сыйлығын жеңіп алды. Ғ.Мүсіреповтің либреттосына қойылған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» ауқымды ұлттық опера спектаклі «Жыл операсы» атағын иеленсе, ал Р.Ребектің қойылымында «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» әсерлі хореографиялық туындысы «Жыл балеті» сыйлығын алды. «Астана Опера» балетінің дарынды солисі Шұғыла Әдепхан «Жыл балеринасы» атанумен қатар жалпы дауыс саны бойынша барлық аталымдарда көш бастады, бұл оның жоғары шеберлігі мен көрермендердің оған деген махаббатының көрінісі.

Бұл маусым «Астана Операның» беделді халықаралық байқауларда марапаттар иеленген жас солистері үшін де олжалы болды. Дінмұхамед Көшкінбаев Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауында үшінші орын алды, сондай-ақ арнайы жүлде – Будапештегі концерт пен З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының қойылымына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Оның табыстары мұнымен шектелген жоқ: ол «Культура» арнасындағы «Большая опера» халықаралық телевизиялық жобасында кәсіби қазылар алқасын да, телекөрермендерді де өзінің дарынымен және харизмасымен тәнті етіп, жобада жеңіске жетті.

Театрдың балет әртісі Қуат Кәрібаев та Ресейдегі «Одиссея-Arts» халықаралық көпжанрлы арт-олимпиаданың «Хореография» номинациясында I дәрежелі лауреат  атанып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оның көрсеткен өнері жоғары шеберлігі мен көркемдік мәнерлілігі үшін атап өтілді.

«Астана Опера» солистерінің Нұржамал Үсенбаеваның бірінші халықаралық вокалдық өнер байқауына қатысуы, онда Расул Жармағамбетовтың Бас жүлдені иеленуі осы маусымдағы жеңістердің түйіні болды. Оның қуатты дауысы мен әсерлі орындауы қазылар алқасы мен көрермендердің жүрегін жаулады. Екінші сыйлық «Астана Опера» Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Фируза Рахметоваға берілді, ал театр солисі Ұлпан Әубәкірова үшінші орынды иеленді.

Бұдан бөлек, театр жас дарындарға қолдау көрсетіп, беделді музыкалық додалардың бірі – Познаньдағы Генрик Венявский атындағы ХVI халықаралық скрипкашылар байқауының жеңімпазы Меруерт Карменова сынды тамаша музыканттарға елордалық сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Астана Опера» көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Бекзат Рақымов (Мәскеу / Алматы) және Александр Кутузовтың (Алматы / Мәскеу) концерттерін өткізді.

Театрдың шетелдегі имиджін нығайту

Айтулы жеңістер мен иеленген марапаттардан бөлек, әртістер шетелде де «Астана Операның» атын шығарды. Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев Хельсинкидегі Фин ұлттық операсында 2024 жылғы 9 ақпан мен 19 наурыз аралығында өткен П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының ондаған спектакльдерінің топтамасына дирижерлік етті. Бұған қоса, А.Бөрібаев Венгрия астанасы Будапеште М.Мусоргскийдің «Борис» Годунов» операсының премьерасын және С.Прокофьевтің «Соғыс және бейбітшілік» операсын ұсынып, сыншылар мен көрермендердің жоғары бағасын алды.

«Астана Опера» театрының солисі Азат Мәлік Будапештегі Венгрия мемлекеттік опера театрының шақыруымен Дж.Пуччинидің «Богема» спектаклінің топтамасында Шонардың партиясында зор табыспен өнер көрсетті.

«Астана Опера» балетінің әртістері де халықаралық сахнада жарқын өнер көрсетті. Жетекші солист Бақтияр Адамжан мен дарынды солист Анастасия Заклинская Женевада Ролан Петидің «Бозбала және өлім» балетінің премьерасына қатысты. Сондай-ақ Бақтияр Адамжан театр примасы Айгерім Бекетаевамен бірге Кипрдегі Курион тарихи амфитеатрында өткен Гала-балетте табысты өнер көрсетті. Олардың орындауындағы Риккардо Дригоның «Талисман» және Арам Хачатурянның «Спартак» балеттерінен па-де-де кипрлік аудиторияға зор әсер етті.

Көпшілік фестивальге ағылды

Осы маусымда жас дарындарды қолдауға және дамытуға айрықша көңіл бөлінді. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өткен BALA MUSIC FEST Қазақстанның түрлі өңірлерінен балалардың басын қосты. Бұл республикалық фестивальдің тұжырымдамасы жас дарындарға кәсіби өнер әлемінің есігін ашып, балаларды шығармашылыққа шабыттандыруды және олардың музыкалық дамуына қолдау көрсетуді мақсат етті.

Сондай-ақ «Астана Опера» классикалық музыканы ұнататын жандардың назарына театрда дәстүрге айналған Double Reed («Қос түтік») фестивалін ұсынды.

Елордада 31 мамырда ашылған «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалін барлығы да асыға күтті, өйткені оның өткізілуі – әрқашанда жаздың ең айтулы мәдени оқиғаларының бірі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» сахнасында ұсынылған жиырмадан астам қызықты шараға түрлі елдерден танымал әртістер қатысты.  Әртүрлі дәуірлердің өнерін біріктірген мәдени марафон 13 шілдеге дейін жалғасып, көрермендерге опералық қойылымдар, балеттер мен концерттік өнер көрсетулерді қамтитын мазмұнды бағдарлама ұсынды.

Игі істер

«Астана Опера» өзінің шығармашылық табыстарымен ғана емес, сондай-ақ қайырымдылық қызметімен де қазақстандықтардың өмірінде елеулі із қалдырды. Осы жылдың басында барлық Қазақстан бойынша Балалар үйлерін, жағдайы төмен отбасыларды қамтыған «Балалар және өнер» ауқымды қайырымдылық жобасы жүзеге асырылды. 2 сәуірде, яғни Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні театр «Abaqus-daryn» білім қорымен бірлесіп, «Күн барлығына нұрын төгеді» дәстүрлі қайырымдылық концертін өткізді. Бұл күні ерекше қажеттіліктері бар балалар өз шеберліктерін паш ету үшін К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына шықты.

Сонымен қатар театр ұжымы әлеуметтік жауапкершілік танытып, тасқын судан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтті.

Маусымды қорытындылай отырып, «Астана Операның» таңғалдырарлық нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтуге болады. Тұтас маусым ішінде театрға 90 мыңнан астам көрермен келді. 54 балет, 59 опера (оның 43-і Үлкен залда), 93 концерт пен К.Байсейітова атындағы Камералық залдағы 16 шағын операны қосқанда 261 іс-шара өтті. Театр фойесінде репертуарлық спектакльдерге, имидждік шараларға, сондай-ақ «Астана Операда» ерекше орын алатын балалар шығармашылығына арналған 55 көрме қойылды. Балалар қолөнер студиясының тәрбиеленушілері Наурызға және Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 2 маңызды көрме өткізді. Жалпы, театрда Балалар театр студиясының хор, балет және қолөнер бөлімдері қызметін ойдағыдай жалғастыруда. Масс-медиада үш тілде 504 баспасөз-релизі жарияланып, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері 5 мыңға жуық материал шығарды, бұл театрдың қызметіне жоғары қызығушылық бар екенін айғақтайды.

Осылайша, «Астана Операның» XI маусымы театр тарихында және көрермендердің жүрегінде естен кетпес із қалдырған жарқын премьераларға, табысты гастрольдер мен айтулы мәдени оқиғаларға толы болды, ал алда, театр кезекті демалыста болғанда елордалық көпшілікті гастрольшілер – Корея заманауи би ұлттық компаниясы мен Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының труппаларымен кездесу күтеді. Сондай-ақ тамызда К.Байсейітова атындағы Камералық залдың есіктері ашық болады.