Астана төріндегі музыкалық жүздесу

18 наурызда тыңдармандарды «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында «Шабыттың үш қыры» камералық музыка кеші күтеді. Оны арфа, флейта және альттан құралған бірегей ансамбль таныстырады. Солистер – театр оркестрінің әртістері арфашы Любовь Ткаченко, флейташы Балжан Сапарова және альтшы Гүлнара Тілеуғабылова – өз ісінің шеберлері. Олар нәзік талғамымен әрі жарқын концерттерді ұсына білетін қабілеттерімен ерекшеленеді.

Әлемдік классика туындыларынан құралған кеш бағдарламасы аспаптардың қызықты тембрлік үйлесімін толықтай ашуға мүмкіндік береді. Флейташы Балжан Сапарова ансамбль құруға көптен бергі шығармашылық арман түрткі болғанын атап өтті.

– Бұл идея бізде баяғыда пайда болған. Оны жүзеге асыруға Дебюсси сонатасын орындауға деген құштарлығымыз бен арманымыз шабыт берді. Неге екенін қайдам, бірақ бұл туынды айтарлықтай сирек орындалады. Композитор бұл сонатамен жұмыс істеу оған бейне бір ғажайып түс көргендей барлығын ұмытуға көмектескенін айтқан. Осынау «шат-шадыман түс әлемінің» нәзіктігі флейта, альт пен арфадан тұратын өте таңдаулы аспаптық топ арқылы көрініс табады. Тембрлердің мұндай үйлесімін пайдалана отырып, Дебюсси таңғаларлықтай көркем туындыны жасады. Ол нәзік үнімен, ырғақты бейнелердің ерекшелігімен және аспаптық сызықтардың өрілуімен баурап алады. Импрессионизмге тән жұмсақ дыбыс жазбасы мұнда неоклассицизм үрдістерімен және барокко дәуірінің естеліктерімен жарасымды үйлеседі, – деп пікірімен бөлісті музыкант.

Шынымен де, XVII–XVIII ғасырларда француз патшаларының сарайларында «симфония концерттерінің» дәстүрі қалыптасқан еді. Мұнда арфа, көлденең флейта мен заманауи альттың ізашары «пасторальдық» ансамбльдерге жиі бірігетін. Бұл үйлесім граф де Сен-Жермен есімімен танымал жұмбақ тұлғаның шығармашылығында айрықша дами түсті. Оның мұндай құрамға арналған сонаталары XVIII ғасырдың соңында тыңдармандарды фактураның мінсіздігімен таңғалдыратын.

Аспаптардың дыбыстық теңгерімін сақтау қиын болғандықтан, кейін романтизм дәуірінде бұл ансамбль концерттік алаңдардан жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Алайда Морис Равель мен Андре Каплені қоса алғанда екі дәуір аралығындағы композиторлар оған қайтадан өмір сыйлады, олар флейта, альт пен арфадан құралған тембрлік «жібек мата» сезімдердің нәзік реңктерін жеткізе алатынын дәлелдеді.

Балжан Сапарова атап өткендей, бұл құрам үшін алғашқы елеулі туынды Клод Дебюссидің 1915 жылы жазған Альт, флейта және арфаға арналған әйгілі сонатасы (L. 137) болған. Ол лайықты түрде әлемге ансамбльдің ерекше бояуын ашқан негіз қалаушы туынды саналады. Одан кейін көп ұзамай 1916 жылы ағылшын композиторы Арнольд Бакс ирландиялық сарыннан шабыт алып, өзінің «Элегиялық триосын» жазды. Камералық, импрессионистік атмосфераны жасайтын бұл аспаптардың байланысы Дебюссидің арқасында танымал болды. Жанрдың классикасына айналған осы екі шығарма алдағы кештің мағыналық өзегі болмақ.

– Бұл екі туынды – біздің концертіміздің негізі. Сондай-ақ бағдарламада арфаның сүйемелдеуімен танымал шығармалар орындалады. Бұдан бөлек, көпшілік назарына Антон Хофмайстердің альт пен флейтаға арналған дуэттерін және жұртшылық сүйіп тыңдайтын қазақ композицияларын ұсынамыз, – деп қорытындылады Балжан Сапарова. Сонымен, музыканттар тыңдармандарды қос жауһармен таныстырып қана қоймай, кезінде Версаль сарайындағы қонақ бөлмелердің сәнін келтірген камералық музыка орындаудың көпғасырлық дәстүрін жаңғыртады.