Астанада Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті

Астанада Әділет министрлігінің ұйымдастыруымен Азия елдері үшін 2024 жылғы Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті.

Бұл оқиға Орталық Азия үшін маңызды болды және халықаралық қоғамдастықтың назарын Азия елдерінің инновациялық дамуына аударды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Еуразиялық патенттік ұйымның қолдауымен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ) бірлесіп ұйымдастырды.

Рәсімге инновация министрлері, Азия елдерінің патенттік ведомстволарының басшылары, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Рәсімді ашқан Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің Орынбасары — Үкімет Аппаратының Басшысы Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев Қазақстанның және бүкіл өңірдің экономикалық өсуі үшін инновацияларды дамытудың маңыздылығын атап көрсетті.

Қазақстан Республикасы Әділет Министрі Азамат Несіпбайұлы Есқараев, ДЗМҰ Бас директорының көмекшісі Марко Алеман мырза, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиев, Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы үйлестірушісінің міндетін атқарушы Скендер Сыла мырза, Қазақстан Республикасы мен Түрікменстандағы Дүниежүзілік Банктің Тұрақты өкілі Андрей Михнев құттықтау сөз сөйледі.

Марко Алеман мырза Азия елдерінің инновациялық дамуы үшін негізгі үрдістер мен болжамдарды айта отырып, 2024 жылғы Жаһандық инновациялық индекстің нәтижелерін ұсынды.


ДЗМҰ Экономика және деректерді талдау бөлімінің басшысы Саша Вунш-Винсент мырза Жаһандық инновациялық индекс – 2024 талдауынан негізгі қорытындыларды ұсынды, бұл нәтижелер Қазақстанның және бүкіл өңірдің Жаһандық инновациялық экожүйедегі рөлін жақсырақ бағалауға көмектесетінін атап өтті.

Бұл іс-шара Қазақстан үшін маңызды болып табылады, бұл біздің республикамыздың Орталық Азиядағы инновациялар саласындағы жетекші елдердің бірі болуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Іс-шараға қатысушылар инновацияларды дамытудағы және өңірлік елдерінің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін нығайтудағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі болған Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі инновацияларды дамытуға бағытталған халықаралық және өңірлік күш-жігерді үйлестіруде шешуші рөл атқарады. Ол өнертабысты, тауар белгілерін, географиялық нұсқамаларды және басқа да зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғауды қамтамасыз ету арқылы инновациялық экономиканың өсуі үшін жағдай жасауға ерекше назар аударады, бұл түпкi нәтижесiнде елдің жоғары технологиялық және креативті салаларға инвестиция салуға тартымдылығын арттырады.

Анықтама ретінде: 2024 жылғы 26 қыркүйекте Швейцарияның Женева қаласында Global Innovation Index-2024 Дүниежүзілік рейтингінің нәтижелері жарияланды.

Қазақстан сапалы өсім көрсетіп, жаһандық рейтингте 81-ші орыннан 78-ші орынға көтеріліп, Оңтүстік және Орталық Азия өңірі бойынша көшбасшылар үштігіне кірді.

«Мемлекеттік басқарудың тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша PISA шкаласы», «Нарықтың дамуы», «Бизнесті жүргізу», «Тікелей инвестициялардың таза ағыны, ЖІӨ %» көрсеткіштері бойынша жақсару байқалады.

Рейтингтегі ең үлкен серпіліс «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткіштері бойынша 93-ші орыннан 65-ші орынға, «Ұлттық көркем фильмдер/млн. адам» 61-ші орыннан 31-ші орынға және «Жоғарғы деңгейдегі домендер (TLD)/мың адам» 115-ші орыннан 80-ші орынға болды.

2007 жылдан бастап Global Innovation Index 133 елдің көрсеткіштерін бағалайды және әлемдік экономиканың тұрақты өсуі, инновацияларды қаржыландыру мен өндірістің өсуінің өзара байланысы аясында инновациялар саласындағы жаһандық үрдістерді келтіреді. Рейтинг инновациялар мен жедел экономикалық өсу саласындағы жаңа стратегияларды әзірлеу үшін маңызды индикатор ретінде қызмет етеді.