Астанада ЕО мен Қазақстанға әсер ететін ұлттық қауіптер туралы дөңгелек үстел өтті
Еуропалық Одақ Өкілдігі Нидерланды Корольдігінің Елшілігімен бірлесіп, Қазақстан Үкіметінің қолдауымен ЕО-ға да, Қазақстанға да әсер ететін сыни трансұлттық қауіп-қатерлерді шешуге арналған маңызды дөңгелек үстелді сәтті өткізді. Іс-шара терроризм, адам саудасы, мигранттардың контрабандасы және басқа да өзекті қауіпсіздік мәселелеріне бағытталған серпінді диалогқа қатысқан 70-тен астам сарапшыларды, мемлекеттік қызметкерлерді және халықаралық өкілдерді біріктірді.
ЕО және Қазақстан тарапының жоғары деңгейдегі өкілдерінің қатысуымен сарапшылар мен қонақтар халықаралық экстремизм, терроризм, шекараны қорғау, маңызды инфрақұрылым, мигранттардың контрабандасы мен адам саудасы, есірткі және қару-жарақ саудасы арасындағы байланысқа ерекше назар аударды.
Екі жақтың сарапшылары Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, осы күрделі қауіп-қатерлерге бірлесе әрекет етуді арттыру бойынша пікірлерімен және тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мырза қатысушыларды қарсы алып: «Трансұлттық қауіптер шекаралар немесе ұлттық егемендікті елемейді. Кибершабуылдар, ұйымдасқан қылмыс, терроризм, адам саудасы немесе заңсыз көші-қон болсын, ешбір ел бұл жаһандық сын-қатерлерден сақ емес. Бүгінгі таңда Астана БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жөніндегі барлық 19 көпжақты конвенциялары мен хаттамаларын ратификациялады және халықаралық қоғамдастықпен, соның ішінде Еуропалық Одақпен, белсенді өзара әрекет етуде».
ЕО Елшісі Алешка Симкич ханым бұл жиынды ЕО-Қазақстан қауіпсіздік қарым-қатынасындағы алға жасалған үлкен қадам ретінде жоғары бағалап, «Бүгінгі жаһандық қауіп-қатерлер шекаралар немесе жекелеген аймақтармен шектелмейді; олар барлығымызға әсер етіп, бізден біріккен және келісілген әрекет етуді талап етеді. Экстремизм, адам саудасы немесе ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте Еуроодақ пен Қазақстанды ортақ мүдделер мен сын-қатерлер байланыстырады. Бұл дөңгелек үстел пікір мен озық тәжірибе алмасу, ортақ қауіпсіздік пен тұрақтылығымызды нығайту және екі тарап қазірдің өзінде жүзеге асырып жатқан әрекеттер үйлесімін арттыруға арналған маңызды платформаны ұсынады. Бірге әрекет ете отырып, біз қауіпсіз Орталық Азия мен Еуропаны құрып қана қоймай, жалпы аймақтық тұрақтылық пен бейбітшілікке де үлес қосамыз».
Нидерланды Елшісі Нико Шермерс «Тек бірлесе отырып жұмыс істеп, бір-біріміздің көзқарастарымыз бен идеялармызды үйрену арқылы ғана біз Еуропалық Одақ пен Қазақстанға әсер ететін трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы тұра аламыз. Бұл дөңгелек үстел көпжақты және екіжақты ынтымақтастық үшін жаңа есіктер мен мүмкіндіктерді ашатынына сенімдімін» деп атап өтті.
Талқылаулар соңына қарай қатысушылар іс-шара барысында алынған негізгі сабақтармен бөлісіп, трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін сарапшылар деңгейіндегі диалогтарды жалғастыруға шақырды. Терроризм, адам саудасы және ұйымдасқан қылмыспен күресу бойынша жұмыстарды жалғастыру ниетін ескере отырып, ЕО мен Қазақстан алдағы айлар мен жылдарда тереңірек, әрі тиімдірек ынтымақтастық үшін негізін қалады.
Бұл іс-шара ЕО мен Орталық Азия арасындағы жалғасып келе жатқан ынтымақтастықтың маңызды кезеңі болып табылады, өйткені екі өңір трансұлттық қауіп-қатерлерге біртұтас майданмен күресуге бейілділігін растайды. Бұл дөңгелек үстел халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылау және шешу үшін жыл сайынғы алаңға айналады деп жоспарлануда.
Қосымша ақпарат алу үшін:
Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің баспасөз және ақпарат бөлімі: delegation-kazakhstan-pic@eeas.europa.eu