Астанада Инклюзивті фестиваль өтті
Бүгін Ботаникалық бақта Конституция күніне орай Инклюзивті фестиваль ұйымдастырылды.
Фестиваль салауатты өмір салтын насихаттау мен қолдау, қоғамда инклюзияны дамыту, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының іске асырылып жатқан қайырымдылық бағдарламаларымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Фестивальге 300-ден астам қатысушы – кәсіби және жас параспортшылар, «Қазақстан халқына» қорынан инновациялық және спорттық жүгіру протездерді, экзоскелеттерді алған қазақстандықтар, белгілі спортшылар, сарапшылар, медицина мамандары, серіктестер, ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысты.
«Бүгінгі шарада барлықтарыңызды көргенімізге қуаныштымыз, әрқайсыңыздың үлгі-өнегелеріңіз бізді ерекше жігерлендіреді. Сіздердің жетістіктеріңіз бір адам үшін ғана емес, мына баршамызға маңызды жеңіс. Сондықтан бүгінгі Фестивальді өткізуге бастамашы болдық. Осы күнді бізбен бөлісуге келгендердің барлығына мың алғыс», – деп атап өтті Болат Жәмішев.
Фестиваль алаңында бочча, отырып ойнайтын футбол, отырып ойнайтын волейбол, жүгіру және бейімдеу спорты бойынша мастер-класстар, сондай-ақ барлық ниет білдіруші қатысқан арнайы жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Мастер-класс қатысушылары естелік сыйлықтармен марапатталды.