Астанада креативті индустрияларды дамыту бойынша воркшоп бастау алды

«Креативті Қазақстан – 2024» семинарына Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және әр облыс әкімдігінің өкілдері қатысуда.

Аталған іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп БҰҰ Даму бағдарламасы мен Алматы Менеджмент Университетінің қолдауымен ұйымдастыруда.

Үш күнге созылған семинарда қатысушылар кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған бірқатар негізгі тақырыптарды талқылап, мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдерін меңгере алады.

Бүгінгі жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өңірлермен бірлесіп атқарған іс-шаралар жоспары және креативті индустрияларды дамыту бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы айтылды.

Әр өңірдегі саланы ынталандыру мен дамытуға бағытталған жоспар 21 тармақты қамтиды.

Сондай-ақ, күн тәртібінде шығармашылық индустриялардағы экожүйені құру мәселелері, соңғы үлгідегі трендтер мен стратегиялар және көршілес елдердегі саланы дамыту тәжірибесі туралы мәселелер қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғаудың құқықтық құралдарын қоса алғанда, креативті экономиканы ауқымды деңгейде дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, облыс орталықтарында креативті индустриялар орталықтарын ашу және жауапты өкілдерін қолдау туралы тиісті шаралар әзірленіп, қабылдануда.