Астанада Қытайдың көпфункционалды орталығы ашылады
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Jiangsu Province SOHO Holdings Group Co. вице-президенті Дин Хаймен кездесті. Кездесуде Астана қаласында көп функционалды орталық салу мәселесі талқыланды. Бұл жоба қытайлық және қазақстандық тауарларды ұсынуға, іскерлік келіссөздер жүргізуге және халықаралық әріптестермен келісімшарттар жасауға, сауда келісімдерін жасауға, консалтингтік қызметтер көрсетуге арналмақ. Халықаралық сауда мен бизнесті дамыту үшін маңызды қадам болмақ.
Астанада орталық ашу идеясы 2024 жылы Қытайдың Нанкин қаласында «Орталық Азия – Цзянсу» сауда орталығының ашылу тәжірибесіне негізделген. Министр Арман Шаққалиевтің айтуынша, Нанкиндегі сауда орталығы – Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстан компанияларының өкілдері орналасқан бірегей алаң.
«Бүгінде бұл алаңда қазақстандық компаниялар өз өнімдерін ұсынуда. Сонымен қатар олар стриминг арқылы тауарларды сату мүмкіндігіне ие болды. Сауда орталығы ашылғаннан бері Douyin электрондық коммерция платформасында нақты уақытта шамамен 600 мың юаньға өнім сатылды», – деп атап өтті министр.
Jiangsu Province SOHO Holdings Group Co. вице-президенті Дин Хай жаңа көпфункционалды орталық құрамында сауда павильоны, мәдениет орталығы және Jiangsu SOHO Holdings Group Co. Ltd. компаниясының кеңсесі болатынын айтты. Сонымен қатар 2025 жылдың мамыр айында Астанада Цзянсу провинциясының экспорттық-импорттық көрмесі өтеді деп күтілуде.
Сауда министрі Арман Шаққалиев Қазақстан жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсететінін айтты. Орталықты дамытудағы негізгі серіктес – «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ болады. Министр сондай-ақ көрме өткізу бастамасын қолдап, оны ұйымдастыру үшін қажетті алаңды ұсынуға дайын екенін жеткізді.
«Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан мен Цзянсу провинциясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту үшін маңызды қадам болады. Қытай – Қазақстанның стратегиялық маңызы бар сауда серіктесі, екіжақты тауар айналымы бойынша көш бастап тұр. Мемлекет басшысы Қытаймен өзара сауданы $100 млрд-қа дейін жеткізу міндетін қойды. Бүгінде Цзянсу провинциясымен ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз: 11 айда тауар айналымы екі есеге артып, $2,66 млрд-қа жетті, ал қазақстандық экспорт 3,4 есеге өсіп, $1,49 млрд-ты құрады», – деді Арман Шаққалиев.
2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда көлемі $27,1 млрд-ты құрады. Қазақстаннан Қытайға экспорт 1,6%-ға артып, $13,5 млрд-қа жетті.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі