Астанада «Опералия» халықаралық фестивалі өтеді
Жаздың алғашқы айы айтулы мәдени оқиғамен есте қалады: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театрында әйгілі «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі өтеді. Фестиваль 20 маусымда театрдың Үлкен залында салтанатты жағдайда ашылып, бір ай бойы жалғасады. Дж.Вердидің «Аида» секілді әлемдік опера және балет жауһарлары, сондай-ақ ғаламат симфониялық концерттер фестивальдің көркін қыздырады. Фестивальге Италия, Германия, Корея, Болгария, Моңғолиядан шақырылған әртістер мен Қазақстаннан шығармашылық ұжымдар қатысады.
Еске сала кетейік, «Опералия» жоғарғы классикалық өнер фестивалінің елімізде өткізіліп келе жатқанына 20 жылдан асты. Осынау халықаралық фестивальдің нәтижесінде елорда тұрғындары мен қонақтары жыл сайын әлемнің үздік театрларынан Қазақстанға келетін біртуар опера әншілерінің, танымал балет солистерінің өнерімен танысуға мүмкіндік алады.
– «Опералияның» тарихы сонау Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрынан бастау алады. Фестивальдің негізгі мақсаты көпшілікті танымал әртістердің шығармашылығымен таныстыру, сондай-ақ түрлі елдердің ұжымдарымен мәдени көпірлер тұрғызу болатын және ол қазір де соны мұрат етеді. Міне, содан бері оған түрлі елдерден опера және балет сахнасының жұлдыздары қатысып келеді. Биыл театрымызға бес елден атақты солистердің келуін күтіп отырмыз. Бұл «Астана Операның» оныншы мерейтойлық маусымының аяқталуына орай жасалған нағыз асқақ өнер мерекесі болатынына сенімдімін. Музыкалық театрды бағалайтын барлық жандарды фестивалімізге шақырамын, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Сонымен, 16-17 маусымда фестиваль аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына Дж.Вердидің әйгілі «Дон Карлос» операсы ұсынылады. Испания королі Филипптің партиясын шақырылған солист – әйгілі опера әншісі, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян орындайды. Спектакльде «Астана Опера» Симфониялық оркестрі театрдың бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.
Ал 20 маусымда театр өз сахнасында елордалық әріптесі – «Астана Балет» ұжымын қарсы алады, ол фестиваль шеңберінде Стивен Райхтың музыкасына Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» спектаклін ұсынуға дайындалуда. Сондай-ақ бұл күні өнер сүйер қауым «Астана Опера» балет труппасының өнер көрсетуімен де рақаттана алады, ол В.А.Моцарттың музыкасына Иржи Килианның «Кіші өлім» және «Алты би» балеттерін орындайды. Дирижер – Арман Оразғалиев.
Балеттік спектальдер легін 23 маусымда Р.Ребектің хореографиясында С.Прокофьевтің «Күлбике» қойылымы жалғастырады, ал 29-30 маусымда фестивальдің басты оқиғаларының бірі – Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы болмақ. Айта кетейік, «Алжирдегі италиялық қыз» – Россинидің алғашқы ірі опера-буффасы. Оның қойылымымен қоюшы дирижер Руслан Баймурзин, қоюшы режиссер Еренбақ Тойкенов, вокал бойынша ұстаз Алла Симонишвили, костюмдер бойынша суретші Манана Гуниа жұмыс істеді. Премьераның алғашқы күнінде симфониялық оркестрді «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин басқарады. Опера труппасы, оркестр және хор солистерімен қатар, сахнаға Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірттері, сондай-ақ Италиядан шақырылған жұлдыз – меццо-сопрано Лаура Верреккья шығады. Өнер көрсетудің екінші күні дирижер тұғырына италиялық маэстро Джузеппе Аквавива көтеріледі.
Шетелдік танымал әртістердің қатысуымен болатын өнер көрсетулер мұнымен бітпейді, керісінше, фестивальдің географиясы одан сайын кеңейе түседі. Сонымен, 5 шілдеде Дж.Вердидің «Аида» операсында Радаместің партиясын Италиядан шақырылған солист Диего Каваццин орындайды, ал Амонасроның рөлін оның моңғолиялық әріптесі Бадрал Чулуунбаатар сомдайды. 6 шілдеде көпшілік перғауынның қызы Амнеристі италиялық опера әншісі Изабель де Паолидің орындауында көре алады. Бұл күндері театрдың симфониялық оркестрі болгариялық дирижер Диан Чобановтың және «Астана Опера» дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің басқаруымен өнер көрсетеді деп жоспарлануда.
9 шілдеде театр көпшіліктің назарына «Жылдың он екі мезгілі» атты ерекше атаумен камералық музыка концертін ұсынады. Бағдарламада Антонио Вивальди, Астор Пьяццолланың және Ефрем Подгайцтың түрлі әрі ғажайып жыл мезгілдеріне арналған туындылары шырқалады. Концертте солистер – әлемге әйгілі скрипкашы Алексей Лундин, «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде театрдың Камералық оркестрі өнер көрсетеді.
12-13 шілдеде «Опералия» аясында көрермендер әлемдік классика жауһары – Дж.Пуччинидің «Турандот» операсын тамашалай алады. Қойылымның екінші күні спектакльдегі басты партиялардың бірі – Калафты оңтүстік кореялық әнші Седжун Ан орындайды. Екі кеш бойы дирижер тұғырында әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев жарқырай өнер көрсетеді.
Ал 16 шілдеде атақты дирижер театрдың Үлкен залы сахнасында симфониялық музыка концертін ұсынады. Әлбетте, мұндай ғаламат музыкалық кеш «Астана Операның» оныншы мерейтойлық маусымының лайықты жабылуы болмақ. Концерт бағдарламасында Г.Малердің №1 симфониясы, А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан алынған тақырыптарға симфониялық сюита шырқалады. Алан Бөрібаевтың шақыруымен концертте әлемнің ең танымал виолончельшілерінің бірі Цзин Чжао өнер көрсетеді. Ол А.Дворжактың Оркестр мен виолончельге арналған концертін, си минор орындайды.
Айта кету керек, фестиваль аясында балалар аудиториясына арналған спектакльдер көрсетіледі, солардың бірі – Тілеуғазы Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі. Мұнда басты партияларды театрлық балалар студиясының тәрбиеленушілері сомдайды. Сондай-ақ фестиваль бағдарламасында жарқын музыканттардың қазақтың ұлттық аспаптарындағы өнер көрсетуі жоспарланған.
Фестиваль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетінін еске саламыз.