Астанада өткен форум: Қытай мен Орталық Азия елдері ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басты

Астанада өткен Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы симпозиум мен гуманитарлық алмасу диалогы аймақтық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады. Бұл іс-шаралар екінші «Қытай – Орталық Азия» саммитіне дайындық аясында ұйымдастырылды.
Симпозиум мен диалогты Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитеті мен ҚХР-дың шетел тілдеріндегі баспа істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь және Орталық Азия елдерінің дипломатиялық миссияларының өкілдері қатысты.
Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь:
«Біз – ортақ даму жолындағы серіктеспіз. “Бір белдеу – бір жол” бізді біріктіреді. Мұндай іс-шаралар — сенім мен түсіністікті тереңдетуге жол ашады»
Талқылау тақырыптары аймақтық ынтымақтастық, мәдени өзара байыту, қауіпсіздік бастамалары және заманауи сын-қатерлерге жауап беру мәселелерін қамтыды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысының орынбасары Пяо Янфань ШЫҰ-ның «Шанхай рухын» ұстана отырып, Орталық Азияны ұйымның өзегі ретінде қарастыратынын және аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.
Қазақстан мен Қытай гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда
Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстар қарқынды дамуда. Мысалы, 2023 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда айналымы 30%-ға өсіп, 41 млрд АҚШ долларына жетті. Қытай Қазақстандағы бес мұнай кен орнын игеруге қатысуда. Сондай-ақ, Қытай Қырғызстан мен Өзбекстанмен теміржол жобаларын жүзеге асыруда.
Симпозиум барысында аймақтық және жаһандық қауіпсіздік, мәдени алмасу және гуманитарлық ынтымақтастық, Қытайдың даму жолы мен Орталық Азия үшін мүмкіндіктер, тұрақты даму мен жаһандық сын-қатерлерге бірлескен жауап сияқты бірқатар мәселелер талқыланды. Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Қазақстаннан келген жоғары лауазымды тұлғалар мен сарапшылар өз ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді қозғап, оны бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды.
Форум аясында Гүлнар Шаймергенова басшылық еткен «Қытай – Орталық Азия тағдырлас қауымдастығы» атты зерттеу нәтижесі жарияланды. Онда өңірлік ынтымақтастықтың инфрақұрылым, көлік-логистика және байланыс салаларындағы мүмкіндіктері мен келешегі жан-жақты талданды.
Сонымен қатар, Қытай тақырыбындағы кітап көрмесі, медиа және мәдениет саласындағы жаңа жобалар, студенттік және ғылыми алмасу бағдарламалары ұсынылды.
Астанада Си Цзиньпиннің қазақ тіліндегі кітабының тұсаукесері өтті
Мәдени және білім беру салаларында да ынтымақтастық нығаюда. 2025 жылы Қазақстанда Қытай туризмінің жылы жарияланды, ал Қытайда 2024 жылы Қазақстан туризмінің жылы өтті. Бішкек пен Ташкентте Лу Бан шеберханалары ашылып, кәсіби даярлық орталықтары ретінде қызмет етуде. Қытай алдағы үш жылда Орталық Азия елдерінен 1500 студентке білім беру және 600 стипендия бөлу жоспарлап отыр.
2024 жылы Астанада өткен ШЫҰ саммитінде Беларусь ұйымның толыққанды мүшесі атанды, осылайша ШЫҰ құрамына 10 мемлекет кірді. Саммитте терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес бойынша 2025–2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Сондай-ақ, 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы мен «Әділетті әлем үшін жаһандық бірлік» бастамасы бекітілді. 2024–2025 жылдар аралығында ШЫҰ-ға төрағалық ету Қытай еліне өтті.
Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы аймақтық тұрақтылық пен экономикалық дамуға оң әсер етуде. Қазақстан, геосаяси орналасуының арқасында, Қытай мен Ресей арасындағы сенімді көпірге айналуға ұмтылуда. Бұл бағыттағы бастамалар мен жобалар аймақтың болашағына зор үміт артуға мүмкіндік береді.
Осылайша, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың тереңдеуі аймақтық тұрақтылық пен өркендеуге жаңа мүмкіндіктер ашуда. Алдағы уақытта бұл байланыстар одан әрі нығайып, өзара тиімді серіктестікке айналатынына сенім мол.
Ғазиза Ұзақ
Астана қаласы