Астанада Юрий Пяның қатысуымен 100-ші жүрек трансплантациясы туралы деректі фильмнің жабық көрсетілімі өтті

«Қазақстандағы 100-ші жүрек трансплантациясы» атты деректі фильм алғаш рет үлкен экранда кең аудиторияға көрсетілді. Елдегі кардиохирургия мен трансплантологияның дамуы Юрий Пяның есімімен тікелей байланысты, сондықтан оның қатысуымен өткен бұл премьера ерекше маңызға ие болды.

Көрсетілім Chaplin кинотеатрында өтті. Шараға «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыров, жүрек трансплантациясын алған Гүлмира Смайылова және Қордың амбассадоры, Home Credit Bank-тің PR және ESG бағыттарының жетекшісі Гаухар Керімова қатысты.

Шара барысында айтылғандай, бұл фильм тек жүректің жүзінші трансплантациясының жылнамасы ғана емес, сонымен қатар елімізде трансплантология тақырыбын ашық талқылауға жасалған маңызды қадам. Қазақстанда бұл тақырып әлі де ашық қоғамдық әңгіме алаңынан тыс қалып отыр. Бүгінде Күту парағында 4 мыңнан астам науқас тіркелген. Олардың 145-і — жүрек трансплантациясына мұқтаж. Бұл адамдар күн сайын «донор табылды» деген хабарды күтумен өмір сүреді. Өкінішке қарай, кейбірі сол сәтті күтпей-ақ өмірден өтеді. Жыл сайын 30-35 пациент Күту парағынан шығып қалады.

«Медицинаның даму деңгейі — қоғамның даму деңгейімен тікелей байланысты. 100-ші жүрек трансплантациясының жасалуы — біздің қоғамның жаңа бір белеске көтерілгенін, дамыған елдермен қатар келе жатқанымызды көрсетеді. Бірақ бір мәселе бар. Өкінішке қарай жүрек трансплантациясы тек қайтыс болған донордан ғана алынады. Бұл – жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы пациенттерге көмектесетін жалғыз жол», — деді фильм барысына UMC басқарма төрағасы Юрий Пя.

Соңғы 13 жылда қазақстандық кардиохирургтер 103 трансплантация жасады. Биылғы жылдың басында 100-ші реципиентке — жүрек жеткіліксіздігінің созылмалы түріне шалдыққан 53 жастағы ер адамға жүрек сәтті ауыстырылды. Ол бұл операцияны 4 жыл күткен. Осы уақыт бойы оның жүрегінің жұмысын жеңілдету үшін сол жақ қарыншаға арналған LVAD көмекші құрылғысы орнатылған еді.

Операция 4 ақпанда UMC Жүрек орталығында жасалды. 10 минуттық қысқаметражды фильмде дәрігерлер сол түннің қиын болғанын айтады. Донор жүрек тиелген бригада Петропавлдан Астанаға ұшып шыққанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақ елордаға қона алмай, бағытын Қарағандыға бұрған. Жүрек сол жерден жедел жәрдем көлігімен елордаға жеткізілді. Бұл уақытта ота жасайтын кардиохирургтер командасы оны күтіп отырған еді. Мұндай сәтте операциялық залдағы жағдай ерекше шиеленіседі, себебі жүректі тасымалдау кезінде уақыт – басты фактор. Егер орган уақытында жеткізілмесе, оның функционалдық қасиеттері жоғалуы мүмкін.

Жүзінші жүректі алмастыру — елдегі трансплантологияның дамуы жолындағы символдық межеден бөлек, үмітін үзбей күтіп отырған жүздеген науқасқа үміт сыйлайтын маңызды оқиға болды.

Айта кету керек, бұл фильм UMC Жүрек орталығы және Heart Center Foundation қоғамдық қорының бірлесуімен түсірілген. Көрсетілім 10 тамызда Астанада өтетін «Жүрегімнің жеңімпазы» дәстүрлі жүгіру фестиваліне орайластырылған. Бұл фестиваль — Күту парағында тұрған науқастарға қолдау көрсету мақсатында өткізіледі. Биылғы жарысқа 5 мың қазақстандық қатысады деп күтілуде. Жарыстың бас демеушісі — Home Credit Bank.

«Медициналық қауымдастыққа, жалпы еліміздегі трансплантология саласына қолдау қажет. Біз дәл осы іспен айналысамыз. Бар күшіміз бен назарымызды осы бағыттағы жобаларға шоғырландырамыз. Дәрігерлерге, денсаулық сақтау жүйесіне, қоғамға қолдау көрсетіп, бұл тақырыптың дамуына және ашық айтылуына жағдай жасағымыз келеді. Тікелей немесе жанама түрде болсын, біз осы мәселенің оң шешілуіне ықпал еткіміз келеді», — деп қорытындылады фильмде Мұрат Зауыров.