Астанадағы шомылу маусымы алдында су қауіпсіздігі туралы айтылды
Жазғы кезеңнің басталуымен елордадағы су нысандарының жағалауында демалушылар саны артады. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті суда адамдардың қаза болуына және жарақаттануына жол бермеу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, іс-шаралар жоспарын бекітті. Астанада шомылу маусымы 1 маусымнан басталады. Алдағы шомылу кезеңіне ТЖД күштері мен құралдары дайын. Күнделікті патрульдеуге 40 құтқарушы-сүңгуір, 2 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар жедел-құтқару техникасы, 8 бірлік жүзу құралдарымен (4 қайық, 4 қайық) және басқа да құтқару жабдықтарымен қамтылды.
Шомылу маусымы алдында ТЖД мен Апаттар медицинасы қызметі бірлесіп мектептерде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша сабақтар, түрлі конкурстар, вебинарлар ұйымдастырды. Астана қаласының жұмыспен қамту орталығының қоғамдық қызметкерлерінің көмегімен жыл сайын рейдтік шаралар жүргізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері бойынша үгіт-насихат жұмыстары түсіндіріліп, жадынамалар таратылады. Сондай-ақ, Полиция департаменті және Ұлттық ұланның 5573 Ә/Б-мен бірлескен рейдтер өткізу жоспары бекітілген.
Шаһар тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін шомылуға рұқсат етілген жағажай аймақтарының 5 учаскесі бар. Олардың төртеуі жеке ақылы жағажай («Орталық қалалық жағажай», «Три пескаря», «Столичный двор», «Армина» демалыс аймағы), біреуі тегін коммуналдық жағажай. Су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі «2gis» картографиялық платформасында орналастырылған.
Қалада су айдындарының 21 тыйым салу аймақтары («Алматы ауданында– 8, «Байқоңыр» ауданында – 4, «Есіл» ауданында – 4, «Нұра» ауданында – 2, «Сарыарқа» ауданында – 3) анықталды. Барлық тыйым салынған аймақтарда «Шомылуға тыйым салынады» деген ескерту белгілері, ақпараттық стендтер, бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл рұқсат етілмеген орындарда шомылу фактілеріне мониторинг жүргізуге және уақытылы назар аударуға мүмкіндік береді. Өткен жылы су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтамау бойынша жалпы сомасы 7 млн. 663 мың теңгеге 396 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтамау салдарынан адам өлімі орын алуда. 2023 жылғы шомылу маусымы кезінде елорданың су айдындарында 7 адам суға батып кетті, оның ішінде 1 жасөспірім. Адамдардың қаза болуының барлық фактілері тыйым салынған және суға шомылуға жабдықталмаған су айдындарының учаскелерінде тіркелген.
Тұрғындар тек арнайы жабдықталған рұқсат етілген жерлерде, жағажайларда, бассейндерде шомылу керек. Қауіпсіз шомылу үшін қолайлы төменгі температура шегі: су температурасы +18°С, ауа температурасы + 22°С. Бұл денсаулығы қалыпты адамдарға ұсынылған. Ал балалар мен денсаулығы нашар адамдар үшін мұндай температурада шомылу денсаулық пен өмірге қауіп төндіреді.
ТЖД шомылу маусымында тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Олар: шомылу кезінде су белгілерінен асып жүзуге болмайды; мас күйде суға түспеу; балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмау; бейтаныс жерлерде жалғыз жүзбеу және суға түспеу; жүзу үшін осы мақсатқа арналмаған заттарды (автокөліктердің ішкі түтіктері, жұқа көбік пластик, пластикалық бөтелкелер және т.б.) пайдалану ұсынылмайды.