Астаналықтар медициналық ұйымдарға шағымдарын жиі қайтарып ала бастады
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы 2024 жылдың 1 тоқсанында 1 680 өтініш тіркеді. Соның 70%-ы –шағымдар.
Қор филиалы директорының орынбасары Сандуғаш Болысбекова атап өткендей, қаңтар мен наурыз аралығында барлығы 1 150 шағым түскен. Соның 48%-ын немесе 553-ін өтініш иелері қайтарып алған. Салыстырар болсақ, былтырғы жылдың дәл осындай кезеңінде бұдан аз – барлығы 31% шағымды қайтарып алған.
Филиалда бұл үрдісті кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізумен, ақпараттың қолжетімділігімен және әрбір емхана мен ауруханада бар және проблемалық жағдайларды жедел шешуге бағытталған ішкі аудит және пациенттерді қолдау қызметтері мамандарының белсенді жұмысымен байланыстырады.
Пациенттер бейінді мамандардың тапшылығына және осы себептен консультацияны ұзақ күтуге, медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейіне, медициналық ақпараттық жүйелердегі дұрыс емес ақпаратқа (қосып тіркеу) қатысты жиі шағым жасайды.
«Медициналық ұйымдардың көпшілігінің базасында бейінді мамандардың толық штаты жоқ, осының салдарынан консультацияларды бірнеше апталап күтуге тура келеді. Бұлай болмауы тиіс. Медициналық көмек дер кезінде көрсетілуі керек. Егер емхана өзінде жоспарлы тексеру жүргізе немесе дәлме-дәл мерзімдерде консультация жасай алмаса, пациентті қоса атқару шарты бойынша өзге медициналық ұйымға жолдайды. МӘМС-тің енгізілуімен осындай мүмкіндік туды», – деп атап өтті Сандуғаш Болысбекова.
Пациентке медициналық көмек көрсетуден бас тартылуы өз кезегінде оның медициналық көрсетілімдерінің болмауымен байланысты болуы мүмкін. Бейінді маманның консультациясына, қандай да бір тексеруге, қосымша тексеруге немесе емдеуге жатқызуға жіберу туралы шешімді емдеуші дәрігер тексеру нәтижелеріне, медициналық көмек көрсету стандарттарына және клиникалық хаттамалардың ұсынымдарына негізделген клиникалық симптоматологияға байланысты қабылдайды.
Айта кетейік, пациенттердің құқықтарын қорғау Қордың Астана филиалының маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. Бұл ретте ресми кері байланыс арналары — Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz сайты арқылы немесе Қордың бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі бойынша берілген шағым жоспардан тыс мониторинг жүргізу үшін негіз болып табылады Келіп түскен әрбір өтінішті мамандар жеке тәртіппен пысықтайды. Нәтижелері бойынша өтініш берушіге негізделген жауап беріледі.