Асық атудан жеткіншектер арасындағы ел чемпиондары анықталды
Астанада асық ату спортынан 2014-2016 жылдары туған балалар (ұлдар, қыздар) арасында Қазақстан Республикасының жекелей-командалық чемпионаты аяқталды. Жарысқа еліміздің 17 өңірінен келген 132 асықшы жеткіншек қатысты.
Төрт күнге созылған сайыста бес асықтан Қызылорда облысының кішкентай асықшы қыздары қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан чемпионы атанды. Жүлделі екінші орынға Түркістан облысының командасы ие болса, Атырау облысының қыздары үздік үштікті түйіндеді.
Асық атудан өткен сында Түркістан облысының асықшы ұландары бірде-бір ойында ұтылмай жеңістің биік тұғырынан көрінді. Екінші орынды Алматы облысының, ал үшінші орынды Қызылорда облысының командасы алды.
Жекелей біріншілікте бес асықтан 1-ші сақа бойынша Қызылорда облысынан келген Мейірім Амантаева жеңімпаз атанды. 2-ші, 3-ші сақа бойынша да қызылордалық Сандуғаш Әзілхан мен Нұрлыайым Күзенбай 1-орынды иеленді.
Асық атудан 1-ші сақа бойынша Алматы облысының асықшысы Жасұлан Жәнібеков жеңіске жетті. 2-ші және 3-ші сақа бойынша да жүлде Түркістан облысынан келген Әлисұлтан Тимурға бұйырды.
ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов асық атудың балалардың моторикасын дамыту, оларды дәлдікке баулуда өте тиімді спорт түрі екенін алға тартты.
«Асық ату өте қызық әрі өсіп келе жатқан жеткіншектің денсаулығы үшін пайдалы. Асықты иіру арқылы бала қолдың моторикасын жетілдірумен қатар, дәлдеу арқылы көзін жаттықтырады. Сонымен қатар, 10-15 минутқа созылатын бір ойында бала бір-екі шақырым жол жүреді. Асық балалардың түрлі гаджеттерден ажырату үшін де таптырмас құрал», — деді ол.
Жеңімпаздарға Асық атудан Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы Жомарт Сабыржанұлы, ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов, Асық атудан мемлекеттік жаттықтырушы Жомарт Оразов, №7 БЖСМ директоры Серік Халелов жүлделерін табыс етті.
Еске сала кетейік, Республикалық асық ату федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, жамбы ату, құсбегілік, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.