Ата заң – Тәуелсіздіктің тұғыры

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл – тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан құқықтық жүйеміздің кемелденуінің, билік пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің символына айналған ата заңның мерейлі белесі. Отыз жыл ішінде Конституция бірнеше рет толықтырылып, заман талабына сай жаңартылып отырды. Әрбір өзгеріс – елдің даму жолындағы қажетті қадам, тарихи жауапкершіліктің көрінісі.

Конституция – тұрақтылық пен заң үстемдігінің негізі

1995 жылғы Конституция Қазақстанның мемлекет ретінде даму жолындағы бетбұрысты құжат. Ол еліміздің унитарлы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін айқындап берді. Басты құндылық ретінде адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары белгіленді. Конституция бойынша билік көзі – халық. Бұл қағида мемлекеттің барлық құрылымының қызметін халық мүддесіне бағыттауды қамтамасыз етеді.

Конституцияның алғашқы баптарынан-ақ елдің болмыс-бітімі, құндылықтар жүйесі, ішкі тұрақтылық пен сыртқы қатынастардағы ұстанымдары көрініс табады. Ата заңның әрбір бабында Қазақстанның ұлт ретінде әлемдік қауымдастықтағы орнын бекітуге ұмтылысы байқалады.

Ата заң және саяси реформалар

Жаңартылған Конституция аясында елімізде бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асты. Ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту мақсатында Конституциялық Сот құрылды. Бұл сот әрбір азаматқа тікелей жүгіну құқығын беріп, әділеттілікке қол жеткізудің жаңа тетігін ұсынды. Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғау механизмдері айтарлықтай жетілдірілді. Мемлекет басшысының өкілеттіктері шектеліп, оның орнына Парламент пен мәслихаттардың рөлі мен ықпалы артты. Бұл — билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Ауылдық округтер әкімдерін сайлау жүйесінің енгізілуі — жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуына серпін беріп, азаматтардың басқару ісіне тікелей араласу мүмкіндігін арттырды. Сондай-ақ, өлім жазасына түбегейлі тыйым салынуы — Қазақстанның гуманизм құндылықтарын берік ұстанатынының дәлелі. Ал саяси партияларды тіркеу талаптарының жеңілдетілуі елдегі саяси плюрализм мен демократиялық үрдістердің дамуына жол ашты. Осы өзгерістердің барлығы жаңартылған Конституцияның елімізді демократияландыруға, әділетті қоғам құруға бағытталған тарихи шешім болғанын көрсетеді.

Конституция – адам құқықтарының қорғаны

Қазақстан Конституциясының ең басты ерекшелігі – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы ретінде танылуы. Ата заңда әрбір адамның өмір сүру құқығы, жеке меншікке қол сұғылмаушылық, сөз бостандығы, ар-ождан еркіндігі, білім алу, еңбек ету, әділ сотқа жүгіну секілді негізгі құқықтары мен бостандықтары бекітілген.

Соңғы өзгерістер Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейге көтеріп, осы саладағы халықаралық стандарттарға жақындауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Конституциялық Сотқа әр азамат тікелей жүгіну құқығы берілді. Бұл – құқықтық мемлекет қалыптастырудағы үлкен қадам.

Ата заң және азаматтық қоғам

30 жыл ішінде Конституция елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына, белсенді азаматтардың көбеюіне, қоғамдық бастамалардың артуына ықпал етті. Қазір Қазақстанда мыңдаған үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, еріктілер қозғалысы жұмыс істейді. Олардың қызметіне конституциялық негізде кепілдік берілген. Бұл – қоғамның өзекті мәселелерді шешуге атсалысуына, мемлекетпен серіктестік негізінде жұмыс істеуіне жол ашады.

Конституцияда көрсетілген «халық билігі» қағидасы тек сайлау процесінде ғана емес, күнделікті өмірде де жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік органдардың ашықтығы, қоғамдық тыңдаулар, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу жүйесі – мұның бәрі Конституцияның іс жүзінде өмір сүріп жатқанын білдіреді.

Конституция – ұлттық бірлік пен келісімнің кепілі

Көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді сақтау – басты құндылықтардың бірі. Конституцияда барлық азаматтардың заң алдында тең екені, ешкімнің нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне байланысты кемсітушілікке ұшырамауы тиіс екені нақты көрсетілген. Бұл қағидалар елімізде толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді институттар да осы конституциялық негізде құрылып, ел бірлігін сақтау жолында табысты жұмыс істеуде.

Конституция және білім беру, жастар саясаты

Ата заңда әр азаматтың білім алуға құқығы, мемлекет тарапынан орта білімнің тегін әрі міндетті екені бекітілген. Соңғы жылдары «Жайлы мектеп», «Ауыл мектептерін жаңғырту», «Жастар практикалары» секілді бағдарламалар арқылы бұл нормалар нақты іске асып келеді. Білімге инвестиция салу – болашаққа салынған инвестиция екенін Конституцияның өзі айқындап тұр.

Жастар – ел болашағы. Жаңартылған Конституцияда жастардың белсенді қоғамдық өмірге араласуына, олардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Президент жанынан құрылған Жастар ісі жөніндегі кеңес, түрлі гранттық бағдарламалар, жастар ұйымдарының дамуы – осы бағыттағы нақты қадамдар.

Ата заң әр азаматтың ар-намысы мен абыройын қорғайды

Қазақстан Конституциясы – бұл бір ғана заңдар жинағы емес, ұлттың идеологиялық іргетасы, рухани тұғыры. Ол әрбір азаматтың өміріне, ертеңіне, тағдырына тікелей әсер етеді. Ата заңға құрмет – елге құрмет, болашаққа деген сенім.

Отыз жыл ішінде Қазақстан қаншама қиындықты еңсеріп, тұрақтылық пен өркендеуге қол жеткізді. Мұның барлығында Конституцияның атқарған рөлі зор. Ендігі міндет – осы жетістіктерді сақтай отырып, заң үстемдігін нығайту, әділдік пен теңдік қағидаларын одан әрі жүзеге асыру.

1995 жылдың 30 тамызы – ел тарихындағы аса маңызды, тағдырлы күн. Бұл күні Қазақстан халқы жалпыхалықтық референдумда өз еркімен таңдау жасап, жаңа Конституцияны қабылдады. Осылайша, егемен еліміздің құқықтық негізі қаланып, азаматтық қоғамды қалыптастырудың жаңа дәуірі басталды. Конституция – бұл мемлекеттің басты құжаты ғана емес, ұлттың еркіндігінің, тәуелсіздігінің, бірлігі мен тұрақтылығының нышаны.

Ата заң – мәңгілік ел болуға ұмтылған халқымыздың ұлы мұратының кепілі. Оны қадірлеу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз.

Ғазиза Ұзақ

Фотосурет: kazface.kz