Атырау облысында салауатты ана болу жобасы басталды
Жылыой ауданының болашақ аналары босануға дайындық бойынша мектеп сабақтарына тегін қатыса алады. Бұл «Теңізшевройл» ЖШС Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы (ҚЖРДҚ) іске асырып жатқан «Салауатты ана болу: үйрете отырып, қауіптерді азайтамыз» жобасы арқасында мүмкін болып отыр.
Жоба Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы ана мен бала өлімін азайту мақсатында болашақ аналарға ғана емес, сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне де консультациялық көмек көрсетуге бағытталған.
«Біздің мақсатымыз — барлық жастағы жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкері, жүкті әйел және оның отбасы мүшелері арасында сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру. Әйел мен оның отбасы жүктіліктің оң тәжірибесін алуы керек, бұл халықтың репродуктивті денсаулығы мен ата-ана болуға саналы көзқарасы үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті ҚЖРДҚ атқарушы директоры Галина Гребенникова.
Жоба шеңберінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) көрсететін 75 медицина қызметкері үшін офлайн режимінде үш төрт күндік тренинг өткізу жоспарлануда. Олардың ішінде Жылыой ауданының да, облыстық перинаталдық орталықтың да жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтары, медбикелер мен акушерлер бар. Оқытуды еліміздің жетекші медициналық университеттері мен мекемелерінің жоғары санатты акушер-гинекологтары қатарынан тәжірибелі, халықаралық оқытудан өткен жаттықтырушылар жүргізетін болады. Тренингтерде қатысушылар білім деңгейін арттыра отырып, жүктілікке және антенатальды (босануға дейінгі) көмекке дайындық, жүктіліктің асқынуын уақтылы диагностикалау және пациенттерді ауруханаға жатқызу бойынша қызмет көрсету дағдыларын жетілдіретін болады. Медицина қызметкерлерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының антенатальды көмек көрсету бойынша жаңартылған ұсыныстарымен және әдістемесімен таныстырады.
АМСК базасында Атырау және Құлсары қалаларында босануға дайындық бойынша үш мектеп құрылмақ. Бұл мектептердің қызметкерлері жергілікті медицина қызметкерлерін дайындайды — болашақ аналарға көмек көрсету үшін 30-дан астам адам оқытылады. Бұл мектептерге патологиясына, жасына және босану санына қарамастан, барлық жүкті әйелдер қатыса алады.
«Репродуктивті денсаулықты қорғау стратегиялық маңызды міндет болып табылады, өйткені мемлекеттің тұрақты дамуы халықтың саны мен сапалық құрамына, адами ресурстарға, еңбек капиталына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты», — деп Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала бөлімінің бастығы Сұлу Жұмагелдіқызы есептейді.
Жоғарыда айтылғандай, жоба ТШО-ның Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. «Денсаулық сақтауды дамытуға жәрдемдесу – компанияның әлеуметтік инвестицияларының басым бағыттарының бірі, — деп ТШО мүдделі тараптарымен байланыс жөніндегі менеджері Ботагөз Құлшаева атап өтті, — Болашақ аналардың денсаулығына қазір инвестиция сала отырып, біз бірге дені сау ұрпақтың пайда болуына ықпал етеміз. Сондай-ақ, бұл ТШО Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының 14 жыл ішінде қолдаған жалғыз медициналық жоба емес екенін атап өткен жөн. Бұған дейін біз балаларды да, ересектерді де оңалтуға бағытталған «Маленькая страна» ҚҚ, «БолашақК» ҚҚ сияқты ҮЕҰ-мен ынтымақтастықта болғанбыз, сондай-ақ, өткен жылға дейін Жылыой ауданының медицинасын дамытуға таптырмас қолдау көрсеткен Қазақстан Отбасылық дәрігерлер қауымдастығымен де серіктестікте болдық».
«Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық Қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің (ҚЖРДҚ) қатысуымен елімізде ширек ғасырда дәрігерлерді салауатты ана мен бала мәселелеріне оқытуға бағытталған жиырмадан астам жоба іске асырылды. ҚЖРДҚ қызметінің басымдықтарының бірі — репродуктивті денсаулық бойынша сапалы ақпарат пен қызметтерді таңдауға және оларға қол жеткізуге жәрдемдесу.