Ауа перісі мен жас жігіттің махаббат хикаясы елордалық сахнада өрбиді
Елордалық театр репертуарын жуырда толықтырған Г.Левенскольдтың «Сильфида» балетін премьера кезінде тамашалап үлгермеген көрермендер спектакльді алдағы демалыс күндері көру мүмкіндігіне ие. «Астана Опера» балет труппасы осынау хореография жауһарын 3-4 ақпанда театрдың Үлкен залы сахнасында ұсынады.
Спектакль «Астана Операда» алғаш рет 2023 жылы 29 қыркүйекте балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың қойылымында көрсетілгенін атап өтуіміз қажет. Бұл үлкен еңбек пен зор қажырлылықты талап етсе де, ол премьераға әртістердің төрт бірдей құрамын дайындады (бұған кез келген театрдың шамасы келе бермейді), осылайша ол балет сыншылары мен көрермендерге орындаушылардың түрлі құрамының шеберліктерін бағалауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ «Сильфида» жайлы сөз еткенде, француз хореографы Филиппо Тальонидің 1832 жылы балетті Мария Тальониге арнап қойғанын, осы балерина алғаш рет пуантыға тұрғанын және балеттің жаңа дәуірінің негізін салғанын атап өткен жөн. Ал бұл балетті біздің заманымызға жеткізген бірегей тұлға – даниялық балетмейстер Август Бурнонвиль бүгінде романтикалық балеттің ірі өкілдерінің бірі саналады.
«Сильфида» – бұл орман перілері жайлы хикая. Сюжетке сценарист Адольф Нурри айтарлықтай қайта құрған Шарль Нодьенің «Трильби, немесе Аргальдық үй әулиесі» фантастикалық повесі негіз болған. Сильфиданың шынайы әлемге жақындайын деген ниеті оған нағыз қасірет болып тиеді. Ауа перісі Джеймсті қызықтырып, өзіне ғашық етеді, өз кезегінде Джеймс те сүйіктісінің жанында болғысы келеді, оның қолынан ұстап, құшағына алуды қалайды, алайда Сильфидаға сырттай ғана тамсануға болатын еді, себебі болмашы ғана жанасудың өзі оны өлімге душар етуі мүмкін. Өкінішке қарай, екі әлем бір-бірімен үйлеспейтін болып шықты.
Ғажайып спектакль кейіпкерлерінің бейнелерін түрлі күндері «Астана Опера» балет труппасының дарынды әртістері жүзеге асырады. Атап айтсақ, Анастасия Заклинская мен Шұғыла Әдепхан жеңіл әрі нәзік Сильфиданың бейнесінде сахнаға шығады, ал Диас Құрманғазы мен Данияр Жұматаев оған ессіз ғашық Джеймстің рөлін орындайды. Аделина Төлепова мен Еркежан Жүнісова Джеймстің қалыңдығы – Эффидің партиясын дайындауда. Сұлтанбек Ғұмар мен Сұңғат Қыдырбай Мэдж сиқыршыны сомдайды. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.
Спектакльдің қоюшы хореографы – «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова, қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, декорациялар мен костюмдер бойынша суретші – Ресейдің Халық суретшісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Вячеслав Окунев, жарық бойынша суретші – Сергей Шевченко.
Спектакльдердің басталуы 17.00-де.