Аударыспақтан Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындығы қызып жатыр
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында аударыспақтан ұлттық құраманың кезекті оқу-жаттығу жиындары басталды. Қазақстан намысын қорғайтын ұлттық құрамадағы 12 спортшы үлкен додаға сақадай сай.
Бас бапкер, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанбатыр Бекмұсаев:
«Біз Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында осымен екінші оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Спортшылар жоспар бойынша жаттығуда. Ойындарға дейін сақадай сай дайын болады деп ойлаймыз. Біздің мақсатымыз — намысқа тырысып, ойдағыдай өнер көрсету. Себебі Қазақстан – көшпенділер ойындарын өткізетін ел. Сондықтан, жеңіске жету үшін барымызды саламыз»
ҚР аударыспақ Федерациясы ұлттық спорт түрлерінің Федерациясы мен 2023 жылы құрылған Халықаралық ат үсті күресі федерациясына кіреді (World Federation of Horseback Wrestling).
Ұлттық спорт түрі аударыспақ ықылым заманнан бері келе жатыр. Екі салт аттының күресі Қазақстан, Өзбекстан, Монғолия, Қырғызстан, Ресей, Мажарстан, Түркия, Қытай мен Ауғаныстан елдерінде кеңінен тараған. Сәйкесінше, әр елдегі атауы әрқалай: аударыспақ, аударыш, одарыш, эр эңиш, ат үстуде күраш. Ортақ спорт түрінің атауын біріктіру мақсатында ҚР аударыспақ Федерациясы Horseback Wrestling «Ат үсті күресі» деген атауды қолдануды ұсынды. Әлем бойынша жарыстар арнайы жабдықталған диаметрі 15 метрлік шеңбер тәріздес алаңда өтеді.
Аударыспақтың негізгі шарттары:
Спортшылар жас дәрежелері бойынша бөлінеді: бозбалалар (15 – 17 жас), жастар (18-23 жас), ересектер (24 жастан жоғары). Салмақ дәрежелері: 60 келіге дейін, 70 келіге дейін, 80 келіге дейін, 90 келіге дейін, 100 келіге дейін және 100 келіден жоғары.
Ойын шарты бойынша қарсыласты ер үстінен аударып, бар күшті салып, ер-тоқымнан жұлып алып, жерге түсіру керек. Өзінің қорғанысы кезінде ер-тоқымнан не аттың жалынан алып, қысып ұстауы тиіс. Жарыс кезінде спортшы қарсыласын жоғары көтеріп, жерге құлату керек. Соңғы құлаған адам жеңімпаз болады.
Ұлттық құрамадағы спортшылар еліміздің түкпір-түкпірінен келген палуандар. Барлығы да бала күнінен ат үстінде ойнап, ата дәстүрін жалғастырып келе жатқан жандар. Биыл Қазан қаласында ат үсті күресінен екінші әлем чемпионатында Қазақстан командасы 6 салмақ дәрежесі бойынша жалпы командалық есепте 1-орынды иеленіп, 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтары жоғары деңгейде.
«Астана төрінде өтетін дүбірлі додаға дайынбыз және жеңісті қолдан бермеу үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Қарсыластарымыздың барлығы мықты, алайда біз де осал емеспіз. Аударыспақ ата-бабамыздан қалған мұра, бала кезден атқа мініп, кең далада шауып өскендіктен туған жерімізде өтетін жарыста көк туымызды желбіретіп, рухымызды асқақтатуға ниеттіміз» — дейді спортшылар.
Әлем бойынша ең мықты спортшылардың бірі жаттығатын негізгі орталықтар Ақтөбе мен Түркістан облыстарында орналасқан. Жарыс алдындағы дайындық жаттығулары Алатау баурайында өтіп жатыр. Алматы облысында ҚР аударыспақ Федерациясының жаттығу жасайтын арнайы орны бар. Бұл жерде тек спортшыларға ғана емес, жарысқа түсетін аттарға да жағдай жасалған. Аттарды арнайы қоректендіру бағдарламасы да қарастырылған.
2023 жылдың ақпанында ҚР аударыспақ Федерациясының президенті болып Atasu Group көлік-логистикалық холдингінің негізін қалаушы және иегері Марат Жұман сайланды. Оның бастамасымен World Federation of Horseback Wrestling (Халықаралық ат үсті күресі федерациясы) құрылды.
Марат Жұман: «Халықаралық ат үсті күресі федерациясы небәрі бір жыл бұрын құрылды. Осы аралықта аталған спорт түріне деген қызығушылықтың қаншалықты артқанын көрдік. Бір жыл ішінде біраз шаруа тындырдық: халықаралық турнирлер өткізіп, бапкерлердің деңгейін арттырдық. Аударыспақты дамыту жолында жаңа командаларды тарттық. Біздің дәстүрлі ұлттық спорт түрі халықаралық деңгейде танылып, түркі елдерінен басқа да мемлекеттердің спортшылары мен көрермендерінің қызығушылығын тудырады деуге толық негіз бар»
2023 жылдың шілдесінде Алматыда Халықаралық ат үсті күресінің 1-конгресі өтіп, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Қытай, Ресей, Венгрия, Ауғаныстан мен Түркия өкілдері қатысты. 2023 жылдың наурыз айында Шымкент қаласында Big Qazaq Games аясында аударыспақтан «Азияның Ашық Кубогы» өтті. 2023 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанның «Эр Эңиш» Федерациясымен бірлесе отырып, ат үсті күресінің 1-чемпионаты ұйымдастырылды.