Аудиодескрипциясы бар инклюзивті спектакль өтті
10 қаңтар, жұма күні, Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында «Қасқыр және жеті лақ» спектаклі алғаш рет көру қабілеті бұзылған балаларға арналған аудиодескрипциямен сүйемелденді. Бұл оқиға ерекше қажеттіліктері бар балаларға жарқын эмоциялар, өнермен қарым-қатынас қуанышы мен қуыршақ және театр сиқырының ұмытылмас тәжірибесін сыйлауға арналған Қазақстандағы инклюзивті өнерді дамытудағы маңызды қадам болды.
Жобаның жүзеге асуына театр мен инклюзивті бастамаларды қолдауға және балаларға өнердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Дара» қайырымдылық қоры арасындағы нәтижелі ынтымақтастық ықпал етті. Бұған дейін Алматының мемлекеттік қуыршақ театрын қоса алғанда, бірнеше қазақстандық театрлардың қызметкерлері Gala Global Group компаниясының қатысуымен «Дара» қоры ұйымдастырған «Әлемді ашамыз» жобасы аясында аудиодескрипция жасау бойынша оқытудан өткен болатын. Бұл қуыршақ театрының қызметкерлеріне «Қасқыр мен жеті лақ» қойылымын зағип және көру қабілеті нашар көрермендерге қол жетімді ете отырып, аудиодескрипцияны өз бетінше жасауға мүмкіндік берді.
Аудиодескрипция – бұл құлаққап арқылы көру қабілетінен айырылған көрермендерге берілетін спектакльдің көрнекі элементтерінің ауызша сипаттамасы. Спектакль кезінде аудиодескриптор кейіпкерлердің сөздері арасында сахнада не болып жатқанын олардың дауыстарымен қабаттаспай сипаттайды. Бұл көру қабілеті бұзылған балаларға театр атмосферасын және сахналық әрекеттің сиқырын толық сезінуге көмектеседі.
«Алматы қуыршақ театры үшін аталмыш көрсетілім – театрдың дамуына арналған жаңа белес қана емес, сонымен қатар оның әлеуметтік миссиясына қосқан елеулі үлесі болмақ. 90 жылдық тарихында театр әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, өнер аясын кеңейтуге талпынып келеді. Бүгінгі таңда театр әрбір баланың қуыршақтар әлеміне келуіне мүмкіндік беріп, шабыт ошағы ретінде дамуына деген ұмтылысын растап отыр», — деп атап өтті қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.
Баршаға белгілі «Қасқыр мен жеті лақ» ертегісі театр сахнасында жаңаша қырынан ашылып, батылдық, тапқырлық және бауырмалдық туралы терең мәнді оқиға айрықша қуыршақтармен және әсерлі музыкалық номерлермен ерекшеленеді.
Спектакльдің алғашқы көрермендері Алматы қаласының № 4 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары болды. Көрсетілім алдында олар үшін театрға экскурсия ұйымдастырылып, онда олар қуыршақтармен, реквизиттермен және декорациялармен таныса алды.
«Экскурсия және театрмен тактильді танысу көру қабілетінен айырылған балаларға сахнада не болып жатқанын жақсы түсінуге көмектеседі. Бұл оларға спектакльді басқа көрермендермен тең дәрежеде талқылауға мүмкіндік берді. Қуыршақ театрының нәтижелі тәжірибесі Қазақстанның басқа театрларын инклюзияны енгізуге және қолжетімді өнерді одан әрі дамытуға шабыттандырады деп үміттенеміз», — деп айтты «Дара» қорының жобалар мен бағдарламалар директоры Марал Шешембекова.