Ауыл шаруашылығы санағын цифрлы есепке алу басталды

Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Букенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы санағы – он жылда бір рет өткізілетін маңызды мемлекеттік науқан ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі іс-шара. Биылғы санақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жүзеге асырып отырған 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санағы шеңберінде өткізілуде. Мұндай ауқымды науқанды 2025 жылы Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдер қолға алған.

Жетісу облысы бойынша биылғы санаққа жалпы 744 ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен шамамен 20 мың жеке шаруа қожалығы қамтылады. Науқан екі кезеңмен өтеді. Бірінші кезең – 1 тамыз бен 31 тамыз аралығында онлайн форматта sanaq.gov.kz порталында ұйымдастырылады.

– Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауыл шаруашылығы санағының әдістемесі халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Биыл цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда, бұл деректердің сапасын арттырып, өңдеу жылдамдығын едәуір ұлғайтады, – деді Мұрат Букенов.

Сауалнамаға қатысу үшін азаматтар ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасы арқылы авторизациялана алады. Порталда ұйымдасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарына арналған – 2-АШК және жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған – 3-ЖҚШ атты екі түрлі сауалнама нұсқасы қолжетімді.

Жетісу өңірінде халықтың онлайн қатысуын арттыру мақсатында 126 өзін-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылып, оларға қажетті техника мен интернетпен жабдықталған жұмыс орындары орнатылды. Сонымен қатар, 28 шілдеден бастап респонденттерге 1414 қысқа нөмірінен SMS-хабарламалар таратыла бастады.

Сауалнаманы толтыру кезінде көмек қажет болған жағдайда тұрғындар 1446 байланыс орталығына жүгінуге болады. Мұнда арнайы ауыл шаруашылығы санағына арналған желі іске қосылған. Сондай-ақ sanaq.gov.kz порталында бейненұсқаулықтар, түсіндірме материалдар және SANAQ мырза атты чат-бот тәулік бойы жұмыс істейді.

Ал онлайн режимде сауалнама толтырмаған азаматтарды 1 тамыз – 20 қыркүйек аралығында арнайы интервьюерлер аралайтын болады. Осыған байланысты өңірде интервьюерлерді жұмысқа қабылдау жалғасуда. Қызығушылық танытқан азаматтар 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы өтініш бере алады.

Жиналған барлық ақпарат заңмен қорғалады және үшінші тұлғаларға берілмейді. Санақтың алдын ала нәтижелері 2025 жылдың желтоқсанында, ал толық қорытындылары 2026 жылы жарияланатын болады.

Мұрат Букеновтің айтуынша, бұл науқан – тек статистикалық шара ғана емес, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, субсидия бөлу, инфрақұрылым қалыптастыру, нақты шешім қабылдау сынды маңызды үдерістерге жол ашатын маңызды база.

«Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды тірегі. Сондықтан әрбір азаматтың санаққа белсенді қатысуы – Қазақстанның аграрлық саясатына қосқан үлесі болмақ», – деп атап өтті ол.