«Бала» театр сахнасында — «РАЕЧКА» премьерасы!

Музей тарихи ғылыми деректерді, мәдени мұраларды сақтап, жинақтап қызмет атқаратын мекеме. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, санасының қалыптасуына көп көмегін тигізеді. Бүгінде Алматы қаласындағы Мұқан Төлебаев көшесіне ұлы тұлға Ғ. Мүсіреповтің 1968-1985 жылдар аралығында тұрып, жемісті еңбек еткен үйінде 1991 жылы әдеби-мемориалдық музейі ашылып, осы күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Шахарымыздағы «Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер» театрының артистері мен мәскеулік режиссер, драматург Карина Бесолти 8-желтоқсанда музей-үйімізде қонақта болды. Қаламгердің өмірі, шығармашылығы, отбасы туралы мәліметтермен танысып, қолының табы қалған, ұстаған жеке заттарын көріп,  әр жәдігердің өзіне тән  баяндалар  сырымен, тарихымен танысты. Музей кинозалынан Сергей Азимовтың «Классиктің кешіккен махаббаты» атты деректі фильмін тамашалады. Ғабеңнің сүйікті жары Раиса Мұхамедияровамен жазысқан хаттарымен танысып, алдағы уақытта сахнаға шығатын драмасына қатысты мәліметтер алды.

Раиса Мұхамедиярова (Раечка) (1939 жылдың 11 шілдесі, Семей облысы Көкпекті ауданы — 2019 жылдың 5 қарашасы, Алматы, Қазақстан) —Қазақстанның кино және театр актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері. «Менің атым Қожа» қазақ киносының алтын қорынан орын алған балалар фильміндегі Майқанованың рөлін сомдаған танымал дарынды артист. Актриса Ғабит Мүсіреповпен 1964 жылы шаңырақ көтеріп Гүлнәр, Гауһар есімді екі қыз тәрбиелеген.

«Раечка» спектакльінің тұсаукесері ақпан айының 21-22 күндері қойылады. Спектакль Ғабеңнің сүйікті жарына (Раиса Мұхамедиярова) жазған хаттар желісімен дайындалған. Ұжымдық топқа шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз.

Жанар Таева,

Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарасты

«С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің» ғылыми қызметкері

 

Telegram-канал: Ғ.Мүсірепов атындағы театрда «Раечка» қойылымының ПРЕМЬЕРАСЫ!