Балаларға желтоқсанда «Астана Операда» нені тамашалауға болады

Қыстың келуімен «Астана Опера» жас көрермендер мен олардың ата-аналарын К.Байсейітова атындағы Камералық залдың бағдарламасы аясында классикалық музыка әлеміне бойлауға шақырады. Желтоқсандағы концерттер өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруге және олардың бойындағы асқақ өнерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған «Гаджетсіз уақыт» жаңа топтамасын жалғастырады.

14 желтоқсанда француз композиторы Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фантазиясы орындалады. Симфониялық оркестр аспаптары хайуанаттар әлемін мекендеушілердің ұмытылмас бейнесін жасайды. Бұл күні елордалық сахнада «Құрмет» орденінің кавалері дирижер Руслан Баймурзиннің басқаруымен театрдың камералық ансамблі өнер көрсетеді. Фортепиано партиясын Жанар Сейітханова мен Салтанат Әбілханова орындайды. «Щелкунчик» балет өнері мектебінің (жетекшісі – Майя Амеличева) оқушылары көрермендерге өз дарынын паш етеді. Олар танымал әзіл-сықақ сюитаның жеке бөлімдеріне жасалған би үлгілерін ұсынады. Музыкатанушы Сәуле Мәулетова туындыға танымдық саяхат жасатып, музыкалық аспаптар жануарлардың тілінде қалай «сөйлейтінін» түсіндіреді. Мәселен, кларнет көкекті суреттесе, виолончель аққудың кербездігін жеткізеді.

Осы айдағы екінші шара әсем де әсерлі театр өнері әлеміндегі нағыз қызықты оқиға болады деп күтілуде. 21 желтоқсанда «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» бағдарламасына «Астана Операның» опера солистері  және оркестр әртістері қатысады. Барлық нөмір экранда көрсетілетін ерекше бейнесюжетпен толықтырылып отырады. Концерт жүргізушісі музыкатанушы Маржан Жәкенова балаларды музыкалық құралдардың бай палитрасымен, яғни біртуар композиторлар өз жауһарларында табиғатты, көңіл күй мен мінезді суреттеген «бояулармен» таныстырады.

– «Гаджетсіз уақыт» балаларға арналған жаңа концерттер топтамасы аясындағы шаралардың мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында эстетикалық сезімді тәрбиелеу. Жас көрермендер классикалық музыка әлеміне қайта-қайта бойлап, келешекте нағыз театр жанкүйерлері болып өсуі үшін оларға оның қаншалықты бай әрі сан алуан екенін көрсеткіміз келеді, – деп атап өтті Камералық зал жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маржан Жәкенова.

Концерттердің басталуы – 14 желтоқсан 15.00-де, 21 желтоқсан 17.00-де.