Баланың бөтені жоқ

Бала тәрбиесі – тек бір отбасының немесе білім беру ұйымының міндеті емес. Бұл – тұтас қоғамның адамгершілік жауапкершілігін айқындайтын маңызды мәселе. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Ал оның бойындағы құндылықтар мен адамдық қасиеттердің қалыптасуы үлкендердің өзара әрекетіне, бір-біріне деген сенімі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. «Баланың бөтені жоқ» деген ұстанымның мәні де осында. Бала үйде – ата-ананың, балабақшада – тәрбиешінің қарауында болғанымен, оның қауіпсіздігіне, тәрбиесіне, дамуына және болашағына деген жауапкершілік – ортақ.

Осы мақсатты негізге ала отырып, «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалы ұйымдастырып жатқан кезекті семинар «Ақниет-Айым» жекеменшік балабақшасының тәрбиешілерімен өтті.

Балабақша жұмысының жүйелілігі мен ұжымның жауапкершілігі семинар басталмай тұрып-ақ байқалды. Жұмыс істеп жатқанына көп уақыт бола қоймағанына қарамастан, ұжымның ішкі тәртібі, уақытты тиімді пайдалануы және кәсіби ортаға деген ұстанымы назар аудартты. Қызметкерлер белгіленген уақытта түгел жиналып, семинар жұмысына белсенді қатысты.

Кездесуде «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі М. Мәулетқызы ата-ана мен тәрбиеші арасындағы қарым-қатынастың бала тәрбиесіндегі маңызына кеңінен тоқталды. Лекция барысында адамгершілік жауапкершілік ұғымы тек баланы бақылау немесе міндетті орындаумен шектелмейтіні айтылды.

«Бала тәрбиесінде ата-ана мен тәрбиеші бір-біріне талап қоятын тарап емес, бір мақсатқа жұмыс істейтін серіктес болуы керек. Мәселе туындағанда «Кім кінәлі?» деген сұрақтан бұрын «Балаға қалай көмектесеміз?» деген ұстаным алға шығуы қажет», – деген ой кездесу барысында ерекше атап өтілді.

Семинарда ата-ана мен тәрбиешінің өзара түсіністігі бала үшін қауіпсіз психологиялық ортаның қалыптасуына әсер ететіні айтылды. Тәрбиеші ата-ананы айыптамай, оның алаңдаушылығын түсіне білуі керек болса, ата-ана да тәрбиешінің кәсіби пікірін тыңдап, баланың тәрбиесіне қатысты мәселелерді ашық әрі мәдениетті түрде талқылай білуі маңызды.

Кездесу барысында қатысушылар пікірлерін білдіріп, «Тәрбиешінің заманауи формуласы» деген сұрақтың жауабын бірге талқылады. Іс-шара соңында  балабақша меңгерушісі Әмина Жұмашқызы  де өз сөзін айтып, тәрбиешінің жұмысы тек күнделікті міндеттерді орындаумен аяқталмайтынын, әр баланың мінезі мен қажеттілігін түсіну, ата-анамен дұрыс байланыс орнату және ұжымдық тәртіпті сақтау кәсіби мәдениеттің маңызды бөлігі екенін жеткізді.

Меңгеруші сөзінде балабақша ұжымы үшін тәртіп, жауапкершілік және өзара сыйластық басты қағидалардың бірі екенін атап, мұндай семинарлардың тәрбиешілерге жаңа көзқарас қалыптастырып, күнделікті жұмысына сын көзбен қарауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Өйткені саналы қоғамның бастауы – балаға деген жауапкершіліктен басталады.

М.Маулина