Баланың жауы – буллинг

Фото: Shutterstock

Буллинг – зорлық көрсету, зәбірлеу. Буллинг физикалық түрде ғана емес, психологиялық түрде де болады.

Қазіргі таңда буллинг мектепте, әсіресе жасөспірім балалар арасында жиі кездесетін әлеуметтік мәселеге айналды. Балалардың бірін-бірі мазақ етіп, физикалық, психологиялық немесе эмоционалдық қысым көрсетуі біздің қоғамда жиі орын алуда. Буллинг жалғыз адамның қысым көрсетуі емес, ол бірнеше адамның қатысуымен де  болады. Тіпті интернет желісінде де балалар үлкен буллингке ұшырайды.

Буллинг 11-15 жас аралығында жиі кездеседі және біздің елде 17,5% балалар буллингке  ұшырайды екен. Бұл біз үшін өте үлкен көрсеткіш.

Психологтардың айтуы бойынша буллинг жасау себебі ол ортаға байланысты. Отбасында зорлық-зомбылық, агрессия немесе эмоционалдық қысым көрген бала біреуге буллинг жасауға бейім болады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қысым көрген жеткіншек маңайындағы адамдарға әлімжеттік жасауы мүмкін.

Оқушылар көбінесе буллингке түр-келбетіне немесе әлеуметтік жағдайына байланысты ұшырайды екен. Ал жәбірленуші оны ешкімге айта алмай, іштей қысылып, қыстығып жүреді. Сол үшін ата-аналар  балаларымен көп әңгімелесіп, психологиялық тұрғыда қолдау көрсеткені абзал.

Буллинг бумы салдарынан жасөспірімдер арасында суицид жағдайы өршіп тұр. Оның ішінде түрлі әлеуметтік желілер, ойындар үлкен зиянын тигізуде. Сол себепті ата-аналар арасында «балаларымызды буллингтен қалай қорғай аламыз?» деген сұрақ жиі кездеседі.

Ол үшін ең бастысы, балаңызбен ашық сөйлесіңіз, сырласыңыз, оны өзіңізге дос тұтыңыз немесе мектеп мұғаліміне қысылмай шындықты айтуын сұраңыз. Екіншіден, бала өзіне деген сенімділігін жоғалтып, іштей түңіліп, депрессияға ұшырамауы үшін психолог маманына жүгінген дұрыс. Үшіншіден, буллинг жасаушының ата-анасымен сөйлесіңіз. Ескертіңіз. Егер баласының тәрбиесіне ата-анасы немқұрайлы қарайтын болса, ата-анасына айыппұл салынуы тиіс.

Буллинг – күрделі әлеуметтік проблема. Сондықтан да, оны шешу үшін қоғам, мектеп, отбасы және психологиялық маман бірігіп жұмыс істеуі қажет.

Әмина СҰЛТАНМҰРАТ,

198 мектеп-гимназияның 

11 сынып оқушысы.

Алматы қаласы