Бейбітшілік пен сот төрелігі ел тұрақтылығы

Бейбітшілік – адамзаттың мыңдаған жылдар бойы аңсаған ең асыл арманы. Елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін бейбітшілікке қол жеткізу және оны сақтау-басты шарттардың бірі. Бейбітшілік тек қана соғыс болмауымен шектелмейді. Ол қоғамдағы тұрақтылық, өзара түсіністік, келісім мен ынтымақ арқылы айқындалады. Қазіргі заманғы мемлекеттер үшін бейбітшілік-экономикалық өрлеудің, әлеуметтік әділеттіліктің және мәдени дамудың алғышарты. Ел ішіндегі тұрақтылық пен келісім болмаса, қоғамдағы әрбір адамның болашағы да бұлыңғыр болмақ. Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері де бейбітшіліктің жемісі екенін атап өткен жөн. Әр ұлт пен ұлыс өкілдері татулық пен сыйластықта өмір сүретін еліміз әлемге ұлтаралық келісімнің үлгісін көрсетіп келеді. Елдің ішкі тұрақтылығын сақтау үшін қоғамдағы әрбір азамат бейбітшілікке үлес қосуы қажет. Бір-біріне құрметпен қарау, адамгершілік қағидаттарын сақтау және кез келген мәселеде сабырлық таныту – тұрақтылықтың басты кепілі. Бейбітшілік – тек мемлекет басшыларының емес, әрбір азаматтың міндеті. Әр адам өз өмірінде түсіністік, ынтымақтастық және ізгілік қағидаларын ұстанса, қоғам да соғұрлым тұрақты бола түседі. Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ)» – бұл Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер 2030 жылдың соңына дейін қол жеткізуге бағытталған мақсаттарды қамтитын әмбебап әрекетке шақыру. ТДМ-ның 16-мақсаты «бейбітшілік, әділдік, және тиімді институттар». Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін ең бастысы ел ішіндегі татулық маңызды. Тұрақты даму мүддесіне орай бейбіт және ашық қоғам құруға жәрдемдесу, барлық адамдар үшін сот әділдігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету және барлық деңгейлерде тиімді, есеп беретін және оған негізделген мекемелер құру.

Сот төрелігі – мемлекеттің демократиялық дамуы мен азаматтық қоғам қалыптасуының басты көрсеткіші. Әділ сот жүйесі арқылы елдегі құқықтық тәртіп пен заң үстемдігі қамтамасыз етіледі. Қоғам үшін сот төрелігі тек заңды қадағалау ғана емес, әділдік пен теңдіктің салтанат құруының айнасы.

Әділ сот жүйесі – құқықтық мемлекеттің негізі. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап қана қоймай, заң алдындағы теңдік қағидасын жүзеге асырады. Әр адамның сотқа жүгініп, әділетті шешім күтуге құқығы бар. Бұл – тек жеке мүдделерді қорғау ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығы мен заңдылықты нығайту үшін маңызды құрал. Сот төрелігі әділ болғанда ғана азаматтардың мемлекетке деген сенімі нығайып, қоғамда заң бұзушылықтарға жол берілмейді. Бұл құқықтық мәдениеттің дамуына және азаматтық жауапкершіліктің артуына ықпал етеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті өз тарапымыздан жоғары аталған мақсаттарға жету жолында үлесімізді қосудамыз. Оқытушылар құрамы студенттермен дөңгелек үстел, акциялар, пікірсайыс т.б. өткізуде. Бейбітшілік пен сот төрелігі – қоғамның гүлденуінің негізі. Әрбір азамат бейбіт өмірдің қадірін біліп, оны сақтауға атсалысса, еліміз жарқын болашаққа нық қадам басады. Ендеше, ұлтаралық татулық пен өзара келісім рухын нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бейбіт аспан астындағы әрбір күнімізді қадірлей білейік!

Ұ.Б. АБДЫКАДЫР,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті мемлекет және

құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік

құқық кафедрасының аға оқытушысы