Бейжіңде Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын өсіру жолдары талқыланды
ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Ш.Нұрышев ҚХР Коммерция министрінің орынбасары – халықаралық сауда келіссөздеріндегі Қытай өкілінің орынбасары Лин Цзимен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен даму келешектерін, Қазақстанда инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруды және өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелерді талқылады.
Тараптар екіжақты сауданың оң динамикасын одан әрі ілгерілетуге және оның орнықты өсуін қамтамасыз етуге жаңа тәсілдерді қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Ш.Нұрышев сұхбаттасушының назарын екі мемлекет басшыларының ҚР мен ҚХР өзара сауда көлемін екі есе арттыру жөніндегі уағдаластықтарын іске асыру қажеттілігіне назар аударып, осыған байланысты бірлескен іс-шараларды өткізу, оның ішінде өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктерін институционализациялау және трансшекаралық электрондық коммерцияны жандандыру арқылы өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, елші ҚХР нарығына қазақтың азық-түлік, ауыл және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту және экспорттың тауар номенклатурасын кеңейту, сондай-ақ қазақ өндірушілерінің ҚХР электрондық алаңдарына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдауға шақырды.
Өз кезегінде, Лин Цзи Қазақстанның Шанхайдағы 7-ші Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысуын құптап, ҚХР нарығына өнімді ілгерілету бойынша қазақ тауар өндірушілеріне көмек көрсетуге дайын екендігін және «трансшекаралық электрондық коммерцияның» бірлескен пилоттық аймағын құруға қызығушылық білдірді.
Тараптар «Қорғас» ХШЫО қызметі мәселелері бойынша жұмысты жандандыруға келісті, «ҚР мен ҚХР арасындағы 2026 жылға дейінгі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту Бағдарламасын» іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысын талқылады.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі