Бейжіңде ортақ тағдыр қауымдастығын құру мәселесі талқыланды

8–9 сәуір күндері Бейжіңде көршілес елдермен қарым-қатынасқа арналған орталық жиналыс өтті. Онда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытайдың көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын құру жолында белсенді қадамдар жасауға шақырды. Бұл кездесу Қытайдың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатындағы көршілес аймақтардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жиын барысында стратегиялық өзара сенімді нығайту, интеграциялық байланыстарды дамыту, гуманитарлық алмасуларды кеңейту және аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері көтерілді. Си Цзиньпин Қытайдың көршілерімен қарым-қатынаста адалдық, ізгі ниет, өзара тиімділік және жан-жақтылық қағидаттарын ұстанатынын атап өтті.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесіп ілгерілету және жоғары деңгейдегі өзара байланыс жүйесін құру — басты міндеттердің бірі. Сондай-ақ, Қытай қауіпсіздік пен құқық қорғау саласында, өндіріс пен жеткізу тізбектері бойынша серіктестікті дамытуды, тұрақты әрі гүлденген аймақтық орта қалыптастыруды көздеп отыр.
Қазақстан үшін бұл жиынның маңызы ерекше. Қытайдың жақын көршісі және «Бір белдеу, бір жол» бастамасындағы негізгі серіктесі ретінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық бағыттары осы жиында айтылған басымдықтармен үндеседі. Бұл — инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе дамыту, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл, мәдени және білім беру байланыстарын кеңейту.
Ортақ тағдыр қауымдастығын құру — Орталық Азиядағы орнықты дамудың жаңа кезеңіне жол ашады. Қазақстан мен Қытай бұл арада өзара құрмет пен стратегиялық серіктестікке сүйене отырып жетекші рөл атқарады.
Ғазиза Ұзақ
Telegram-канал: Си Цзиньпин: Соседство — стратегический приоритет