Бейжіңдегі Қазақстан азаматтары АЭС салу бойынша референдумға белсенді түрде дауыс беруде

Бейжіңде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары елдегі атом электр станциясының (АЭС) құрылысы бойынша референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс беру құқығын пайдаланды.

Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігінде орналасқан №389 сайлау учаскесінде 236 адам тіркелген. Қатысушылардың басым көпшілігі Қытай астанасында тұрып, білім алып, жұмыс істейтін отандастар болатын. Дауыс беруге барлығы белсене қатысып, елшіліктегі шараның ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өтті.

Дауыс берушілердің арасында Қытайда тәжірибе алмасу мақсатында оқуда жүрген ҚР Журналисттер одағының мүшесі, Nazarmedia.kz порталының тілшісі Ғазиза Ұзақ та бар.

«Референдумға қатысу – біздің азаматтық борышымыз деп есептеймін. Әрбір дауыс маңызды, мен шетелде тұрсам да Қазақстанның болашағына үлес қоса алатыныма қуаныштымын. Бұл шешімнің еліміздің болашағы үшін маңызы зор және референдум шешім қабылдау жолында ашықтықты қамтамасыз етіп, барлық қоғамдық пікірді ескеруге мүмкіндік береді. Үкіметтің елдің үнін естуі өте орынды, ал біздер үшін азаматтар ретінде бұл шешімге білек сыбана кірісіп, ел игілігіне  белсенді қатысқанымыз жөн», — деді журналист.

Көптеген қатысушылар шетелде дауыс беру мүмкіндігі олардың өз елімен байланысын нығайтып, маңызды шешім қабылдау кезеңінде бір бөлігі ретінде сезінуге септігін тигізетінін атап өтті. Бұл шара отандастардың туған жерінен жырақта болса да, өз елінің тағдырына қалай араласатынын көрсетті.