Бексұлтан Құлмырза пара дзюдодан әлем чемпионы атанды

Астанада өтіп жатқан IBSA Judo World Championships Astana 2025 әлем чемпионатында J2 санаты бойынша 81 келі салмақта қазақстандық спортшылар Бексұлтан Құлмырза мен Ғалымжан Смағұлұлы финалда кездесті.

Бексұлтан Құлмырза қарсыласын иппонмен жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Жарыс барысында Бексұлтан 1/8 финалда Германиядан келген Самуеэль Ван Мелледен, 1/4 финалда Ұлыбританиялық Еван Моллойды, жартылай финалда Лондон Паралимпиадасының жүлдегері Шахбан Курбановты жеңді.

Ғалымжан Смағұлұлы 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкілі Донгхун Кимді, ширек финалда Оңтүстік Африка өкілі Жак Жоубертті, жартылай финалда литвалық Освалдас Барейкисті ұтып, жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Сондай-ақ жарыстың алғашқы күнінде Айназ Құралова (J1 санаты, 46 келі), Даяна Федосова (60 келіге дейін) және Ерғали Шамей (81 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.

Айта кетсек, пара дзюдодан әлем чемпионаты 13–15 мамыр аралығында өтуде. Жарысқа 38 елден 300-ден астам спортшы қатысуда. 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 16-сы Паралимпиада бағдарламасындағы салмақтарда, төртеуі жаңа салмақ дәрежелерінде ойнатылады. Чемпионат 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу турнирі мәртебесіне ие.

Қазақстан Пара дзюдо Федерациясы

Фотосурет: Арлан Олжабай

Telegram-канал: Бексұлтан Құлмырза пара дзюдодан әлем чемпионы атанды