Бетховен Астанада

Ақпанда көктемнің жақындағаны сезіліп, әуеде мәңгілік музыканың үні қалықтайды. 12, 13 және 14 ақпанда «Астана Опера» сахнасында адамзат кемеңгерінің болмысы жайлы уақыт сынынан өткен философиялық хикая – «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балеті ұсынылады. Дирижер тұғырында – Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин, балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Бетховен әрдайым озық музыканың символы, кереңдік, жалғыздық пен жауапсыз махаббат сынды еңсерілмейтін жағдайлардың алдындағы төзімділіктің үлгісі болды.
Либретто авторы әрі қоюшы хореограф Раймондо Ребек қуатты аллегорияны жасады. Сахнаға кемеңгердің өмірін басқарған дербестендірілген күштер шығады: Махаббат (оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері театрдың жетекші солистері Айгерім Бекетаева мен Мәдина Өнербаева орындайды), Сырқат (Серік Нақыспеков пен Сұлтанбек Ғұмар) және Муза (Эвтерпаны София Әділханова мен Аделина Төлепова жүзеге асырады). Осынау оқиғаның ортасында Бетховеннің өзі болады, оның рөлін түрлі күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері театрдың жетекші солисі Бақтияр Адамжан мен солист Ғалымжан Нұрмұхамет орындайды.
– Бетховен – ғаламдық ауқымдағы аңызға айналған тұлға, сондықтан әртіс ретінде маған оны толықтай түсіну қиын. Менің дүниетанымым, менталитетім, жалпы өмірге деген көзқарасым әлбетте, одан ерекшеленеді. Сахна мен өз болмысымның арасында әрдайым айқын шекара бар. Мен оның мінез-құлқының жалпы ерекшеліктерін түсінуге, тағдырындағы маңызды сәттерді тұла бойымнан өткізуге тырысудамын, – деп әңгімеледі Бақтияр Адамжан. – Ол секілді мен де талапшылдықтың, жауапкершіліктің не екенін бала кезімнен білемін. Балетте онсыз болмайды. Сондықтан күрес, қиындықты еңсеру, жоғалту секілді баршаға ортақ дүниелерді түсіне аламын. Алайда оның ішкі әлемі, жеке дерті, тағдырдың соққыларына әсері – бұл кез келген әртістің түсінігінен асып түседі.

Жетекші солист атап өткендей, көшпенді мәдениет дәстүрлері жалғасып келе жатқан елде Бетховен жайлы спектакль қою мүмкіндігінің өзі композитор музыкасының ғаламдық маңыздылығы мен әмбебаптылығын айғақтайды. – Бұл қойылымда Бетховен бірнеше қырынан көрсетілген. Барлық спектакль бойы бір адам, оның ішкі әлемі жайлы баяндалады. Мен Бетховен-адамның сыртқы бейнесін ғана сомдаймын, ал оның Музасы, Сырқаты мен басқа да күштері – оның жанының бөліктері. Біз, сахнадағы төртеуміз кемеңгерді көрсету үшін біртұтас механизмге айналуға тиіспіз. Менің міндетім – махаббат, шабыт, үмітсіздік, серпіліс секілді әркімге түсінікті негізгі эмоцияларды көрсету. Ал барлық ішкі тәртіпсіздік пен ұлылық толық әрекеттен, музыкадан, хордан, жалпы көңіл күйден туындайды. Соңында ол өзінің өткен өмірімен оңаша қалады. Міне, таңғаларлық деңгейдегі адамның хикаясы осындай. Ол басқаша ойлап, басқаша өмір сүрді. Бүгін біз оған тек оның музыкасы арқылы жақындай аламыз, – деп ой толғады Бақтияр Адамжан.
Балеттің музыкалық негізіне Л. Ван Бетховеннің туындылары арқау болған. Партитураға оның ұлы ізашарлары мен ұстаздары – Бах, Гайдн, Моцарттың шығармалары енді. Ал Дирк Хаубрихтың заманауи композиторлық шешімдері мен Сұлтан Ибрагимовтың рояльдегі жанды жеке орындауы спектакльге XXI ғасырдың динамикасын үстейді.
Жапондық шебер Йоко Сеяманың жетекшілігіндегі интернационалдық топ жасаған сахналық безендіру – қойылымның ерекше мақтанышпен атап өтерлік тұсы болып табылады. Бірде таң сәрідегі аспанға, енді бірде сұрапыл дауылға айналатын үлкен маталар, кемеңгердің қайғысына қабырғалардан көз тастаған суреттер, композитордың ішкі жаулары мен пайымдауын жүзеге асырған жарық пен қараңғылықтың ойыны – осылардың бәрі спектакльді әсерлі оқиғаға айналдырады. Мұнда технологиялар балеттің мағынасына әсер ететін ерекше құбылыстарды жасау үшін қолданылады.
Спектакльдердің басталуы 12, 13 ақпан 19.00-де, 14 ақпан 17.00-де.



